Қазақстанның үш аймағында «жалған вакцина паспортын сатқан» медицина қызметкерлері ұсталды

Қазақстанның үш аймағында “жалған вакцина паспортын сатқан” медицина қызметкерлері ұсталды. Бұл туралы жұма күні жемқорлықпен күрес іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов мәлімдегенін Азаттық радиосы хабарлады.

“Іс вакцина паспорттарын қолдан жасауға дейін жетті. Кеше ғана үш аймақта соны сатумен айналысқан медицина қызметкерлері ұсталды, олар іс жүзінде екпе алмаған адамдарға құжат жасаған, ал вакцинаны жойып отырған. Өздеріңіз көріп отырғандай, халықтың денсаулығы баюдың құралына айналды, ал бюджеттен бөлінген қаржы желге ұшып жатыр” деді Ахметжанов агенттік жиынында.

Ол бұл тек жемқорлық қана емес, халықтың денсаулығына қауіп төндірген әрекет екенін айтты. Оның сөзіне қарағанда, Нұр-Сұлтан, Ақмола және Алматы облыстарында медицина қызметкерлері ұсталған.

Бұған дейін ішкі істер министрлігі жалған вакцина паспортын жасауға қатысты төрт қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген. Ведомство “жалған вакцина паспортын жасау жаппай сипат алды” деген ақпаратты жоққа шығарған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz