Қазақстаннан жоғары білімді қанша адам кетіп жатыр?

Сәуірдің 28 өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутат Александр Милютин Қазақстаннан кетіп жатқан жоғары білімділер мен қайтып келмейтіндер туралы мәселе көтеріп, бірқатар дерек келтірді. Factcheck.kz депутат сөзін тексерді.

…. Қазақстанның Халық партиясы депутаттарын 2020 жылы Қазақстаннан мамандардың кетуі алаңдатады. Егер бір жыл бұрын эмигранттардың жалпы статистикасында жоғары білікті мамандардың үлесі 50,6%-ті құраса, 2020 жылы пандемия мен қозғалыс шектеулеріне қарамастан, бұл көрсеткіш 54,3%-ке жетті.

Александр Милютин

Үкім: Техникалық қате

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2019 жылы сыртқы көші-қон бойынша, Қазақстаннан барлығы 45 225 адам кеткен. Оның 12 629-ы жоғары білімді. Яғни 2019 жылы елден кеткендердің ішінде жоғары білімі бар адам үлесі 27,92%. Депутат сөзінде елден кеткен жоғары білімді адамдардың үстіне орта кәсіптік (арнайы) білімділерді қосып айтқан: 51,94%.

2020 жылы сыртқы көші-қон бойынша, Қазақстаннан барлығы 29 088 адам кеткен. Оның 8 182-і жоғары білімді, бұл жалпы көрсеткіштің 28,13%-і. Былтырғы статистикаға да жоғарыдағыдай орта кәсіптік (арнайы) білімділерді қосса, жалпының 53,6%-ін құрайды.

Бұл ретте Қазақстаннан 2019 жылға қарағанда үш есе көп медицина қызметкері, 4 есе көп педагог, 5 есе көп техникалық маман кетті. Сондай-ақ, ауқымы жағынан қазір елден жастардың кетуі көбейді.

Александр Милютин

Үкім: Жалған және шындық

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2019 жылға қарағанда былтыр елден кеткен медицина қызметкері, педагог және техникалық маман саны 0,6 есе азайған. Нақты көрсеткішті төменнен қараңыз:

Дегенмен, статистика бюросының дерегінше, елден кетіп жатқан жастар саны шынымен-ақ артып келеді. Мысалы, 2016 жылы 3 769, 2017 жылы 3 708, 2018 жылы 4 069, 2019 жылы 4 038 адам, ал 2020 жылы карантин шараларына қарамастан 5 712 адам (14-28 жас аралығындағы) елден кеткен.

Он мыңдаған жас Қазақстаннан шетелге, әсіресе Ресейге оқуға кетеді, онда біздің еліміздің шетелде оқитын бүкіл студенттің 60%-і білім алады және көбіне сол жерде қалып қояды. Қазақстанда жоғары білімнің танымал еместігі этноспен немесе тілмен байланысты емес, бұл туралы Ресейде және басқа елдерде оқитындардың арасында сол жақта қалуға ниет білдіретіндердің көбі этникалық қазақ екені көрсетеді.

Александр Милютин

Үкім: Үкім жоқ

Шетелде білім алып жатқан қазақстандықтар туралы біріңғай тіркеу жүйесі болмағандықтан бұл тақырып жөнінде нақты ақпарат табу қиын. Дегенмен шетелде оқитын студенттердің көбі ресейде екені анық: 2019 жылы білім вице-министрі Рүстем Биғари шетелде 70 мыңнан астам қазақстандық студент оқып жатыр деген. Қазір болашақ бағдарламасымен 697 степендиант оқуда (64-і ҚР аумағында қашықтан оқып жатыр). Алайда Қазақстанның Ресейдегі елшілігі 2019-2020 оқу жылында Ресейдің әр түрлі жоғарғы оқу орындарында 74 мыңға жауық қазақстандық білім алып жатқанын хабарлады.

Ал ЮНЕСКО-ның (Ұйым ақпараты мүмкіндігінше шындыққа келгенімен нақты болмауы мүмкін) студенттер туралы дерегіне сүйенсек, қазір Қазақстаннан басқа елдерде 83 503 студент білім алып жатыр. Бұл дерекке сай, Ресейде оқитын студенттің шетелдегі студенттерден жалпы үлесі 88% айналасында.

Шетелге оқуға кетіп, қалып қоятындар туралы статистика жүргізетін орган жоқтығынан бұл туралы нақты бірдеңе айту қиын.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz