Қазақстандықтардың бейбіт митингілер туралы ойы қандай?

DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы Қазақстан азаматтары арасында «Қазақстанда бейбіт митинг өткізу құқығы» тақырыбында сауалнама жүргізді. Сұрақтарға 26-29 қыркүйек  аралығында Қазақстандағы 14 облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент) тұратын 1100 адам жауап берді. Қатысушылардың барлығы 18 жастан асқан, 47% -ы ер азаматтар, 53%-ы әйелдер.

2019 жылы Қазақстанда бірнеше саяси оқиғалар болды. Нұрсұлтан Назарбаев ел президенті қызметінен кетті, одан соң Астана атауы Нұр-Сұлтанға өзгертілді. Осының салдарынан біздің қоғамда бұрын-cоңды байқалмай келген электоралды және саяси белсенділік күшейе түсті. Билік те қарап қалмады, олар да қарсылыққа қатты төтеп берді.

Бұл оқиғаларды әрқалай түсіндіруге болады. Бір жағынан сырттан келген күштердің іріткі салуы, арандатуы десек, екінші жағынан экономикалық, саяси, әлеуметтік секілді бірқатар қоғамның ішкі проблемаларына негізделген объективті алғышарттар тағы бар.

Мемлекеттік ортада наразылық акциялары бірден негативті қабылданады. Дегенмен соңғы уақытта биліктің бейбіт  жиындар өткізу құқығына деген көзқарасы өзгеріп келеді. Президент жаңа жолдауында бұл мәселе жөнінде былай деді:

Конституцияға сәйкес азаматтарымыздың өз ойын еркін айтуға құқығы бар. Егер бейбіт акциялар заңның шеңберінен шықпайтын және азаматтарымыздың тыныштығын бұзбайтын болса, бұған түсіністікпен қарап, жиындарды өткізу үшін арнайы орын бөлу қажет. Мұндай орындар қаланың шетінде болмауы тиіс. Алайда, заңға қайшы және бұзақылық әрекеттерге шақыратын үндеулерге заң шеңберінде тосқауыл қойылады.

ҚР Президенті Қ. Тоқаев алғашқы жолдауынан

Demoscope бюросы қазақстандықтардың бейбіт жиындарға деген көзқарасын білу үшін халық арасында сауалнама жүргізді.

Сауалнама қорытындысына сәйкес, 43% респонденттер митинг өткізуді дұрыс деп санайды, 16% митингке шығуға қарсы. 41% бұл сұраққа келгенде нақты бір шешімге әлі келмеген екен.

Қазақстандықтардың бейбіт митингілер туралы ойы қандай?

Инфографикаға қарайтын болсақ, 46%-ы халықтың жан-айқайын биліктің құлағына осы арқылы жеткізуге болады деп санайды. Олар бейбіт жиындар мемлекеттік деңгейде қабылданатын шешімдерге және оқиғаларға ықпал етуге қауқарлы деген сенімде.

40% респонденттер бұл пікірмен келіспейді, олар митингилер, керісінше, халықтың берекесін кетіреді дейді. Қалған қатысушылар бұл сұраққа жауап бермеді.

“Бейбіт митинг өткізу үшін биліктен рұқсат алу керек пе?” деген сұраққа 73%-ы «иә» деп жауап берсе, небәрі 17% респондент бұл пікірмен келіспейді, олар бейбіт шеруді өткізу биліктің келісімінсіз жүзеге асу керек дейді. Десе де қазақстандықтар дамыған демократия жағдайында өмір сүрмегендіктен, сонымен қатар халықтың халықаралық құқық саласындағы стандарттармен таныс емес екендіктерін ескеретін болсақ, мұндай көрсеткіштердің болуы заңды. 

Сауалнама қатысушыларының 58%-ы белсенділерді  ұстап, қамауға алу заңсыз деп санайды. 24% респонденттер билік әрекетін құп көреді, олар митинг қатысушылары қоғамдық тәртіпті бұзады деп санайды.

Сауалнама қорытындысына сәйкес, қазақстандықтар жалпы бейбіт митинг өткізуге деген көзқарастары дұрыс және қоғамдық акциялар арқылы елдегі жағдайды жақсартуға болады деп сенеді. Бірақ митинг өткізу үшін биліктің келісімін алу туралы мәселеге келгенде әлі де батылдық таныта алмай отыр. Десе де, олар қатысушыларды жаппай ұстап алып кетіп, қамауға алуды дұрыс емес дейді.

Бейбіт наразылық шараларын құбылыс ретінде қабылдауға елде болған саяси пассивті онжылдық, кеңес кезеңі, сонымен қатар мемлекеттік насихат та әсер етпей қоймады. Дегенмен де наразылықты азаматтардың заңды түрде өз еркін білдіру ретінде қабылдау енді қалыптасты, ең бастысы азаматтар оның нәтиже беретініне сеніп келе жатыр.

Зерттеу барысында стационарлық нөмерлерге қоңырау шалынды. Қазақстан бойынша стационарлық телефон нөмерлерінің абоненттік қоры пайдаланылды. Телефон арқылы сұхбатты ТОО «КТ CloudLab» байланыс орталығы жүргізді.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz