Қазақстандағы метадон: аңыз бен ақиқат

Естеріңізде болса, қазан айында “Ақ жол” партиясының депутаты Меруерт Қазбекованың “Қазақстандағы Метадон туралы” депутаттық сауалына қатысты материал дайындаған едік. Бұл мақаламен тоқталып қалмай, еліміздегі метадонға алмастыру терапиясы туралы бірқатар аңыздың ақ-қарасын анықтауды жөн көрдік.

1. Қазақстанда Метадон терапиясы енгізілгеніне көп уақыт болған жоқ.

Жартылай шындық.  ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің берген мәліметтеріне сай, елімізде алмастырушы терапия 2008 жылдан енгізілген. Әрине, тоғыз жыл тарих бетінде өте аз уақыт болғанымен, жоба нәтижесін нақты сандармен айтуға мүмкіндік бар.

Сонымен қатар, Қазақстанда метадонға алмастыру терапиясына қатысты бастамалар 2003 жылы көтерілген. Бұл жылы Қазақстан Жаһандық қордан “мүдделі топтар арасында (инъекциялық есірткіні тұтынушылар, коммерциялық секс өкілдері, жастар) мінез-құлықты қауіпсіз таңдауды ынталандыру және қолдау; АҚТҚ / ЖҚТБ-мен ауыратын адамдарға көмек және қолдау көрсету” жобасы аясында қаржы алған.


Қазақстандағы Метадон: Тарихқа саяхат

2. Метадон терапиясы тек облыс орталықтарында ғана жүргізіледі

Жалған. Алмастырушы терапия тек  облыс орталықтарында ғана емес, өзге де ірі қалаларда ұйымдастырылған. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта бұл шара бойынша тиісті емді  Алматы, Атырау, Ақтөбе, Тараз, Қарағанды, Теміртау, Павлодар, Екібастұз, Өскемен, Семей, Қостанай, Қызылорда және Орал қалаларының тұрғындары ала алады.

Қазақстандағы метадон: аңыз бен ақиқат
ҚР ДСМ 2012 жылғы 4 қазандағы № 691 бұйрығына 1-қосымша

3. Метадон терапиясында қатысушылар жоқ

Жалған. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің таратқан ақпараты бойынша, 2017 жылдың 11 қазанындағы жағдайға сәйкес мұндай терапияны 363 азамат қабылдауда.

4. Қатысушылардың көпшілігі өз еркімен жобадан бас тартуда

Жалған. Жобаға 2008 жылдан бері 1090 азамат қатысқан. Олардың ішінде тек 217 қатысушы ғана ем алудан өз еркімен бас тартқан. Ал бұл жалпы қатысушылардың тек 20 пайызы екенін ескерсек, “көпшілік” деп айтуға келмесі анық.

5. Метадон жобасы аясында көптеген қатысушылар өлуде.

Жалған.

алмастыру терапиясын жүзеге асыру кезеңінде тек 26 азамат көз жұмды.

Олардың арасында 2 адам АИТВ/ЖИТС-тің болуынан кетсе, жүрек-қантамырлары ауруынан 6 адам өлген, 1 адамның қайтыс болу себебі анықталмаса, қалған 17 адам жол-көлік апаты, электр жарақаттары, жабық бас сүйек миы жарақаты секілді оқыс оқиғалар салдарынан қайтыс болған.

6. Есірткіге тәуелділерді метадон терапиясы арқылы емдеу мүмкін емес

Жалған.  ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің мәліметінше, жоба барысында 244 тұрғын есірткіге тәуелділіктен толығымен арылып, қалыпты өмірге қайтып оралған. 

7. Метадон терапиясы тек бір есірткіден екінші есірткіге ауысу ғана. Қалғаны алып-қашпа әңгіме

Манипуляция. Апиындық алмастырушы терапия – тек есірткіден емдеу ғана емес, сонымен қатар оны қабылдау дозасын азайтып, қабылдауды бақылау, науқасқа психологиялық, әлеуметтік және өзге де көмек көрсету. ААТ-ның басты мақсаты – нашақорды қоғамға бейімдеу, оның қалыпты өмір сүруіне мүмкіндік жасау.

Қазақстандағы метадон: аңыз бен ақиқат

Тақырып бойынша қараңыз: 

Журналист, редактор, менеджер, журналистика саласындағы бірнеше кітаптың авторласы. Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы

Factcheck.kz