Қазақстанда желіні бұғаттамау жөнінде петицияға қол жинау басталды

Қазақстан азаматтық қоғамының өкілдері шетелдік интернет-ресурстардың, әлеуметтік желілер мен мессенжерлердің жұмысын шектеуге мүмкіндік беретін заңнамаға түзетулерді қабылдаудан бас тартуға шақырып, қол жинай бастады. Қазіргі уақытта шамамен 3000-нан астам қол жиналды.

Қыркүйекте Қазақстан парламентінің мәжілісі “бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасын бірінші оқылымда қабылдаған.

Петиция авторларының сөзінше, заң жобасында ел аумағында шетелдік интернет-платформалардың, әлеуметтік желілердің, мессенжерлердің жұмысын шектеуге мүмкіндік беретін бірқатар норма қамтылған.

Сонымен бірге, қазақстандық интернет-кеңістікте Facebook, Instagram, Telegram, Whatsapp және т. б. танымал әлеуметтік желілердің еркін пайдаланылуына қауіп төндіретіні жазылған.

Бұл нормаларды қабылдау 2019 жылғы президенттік сайлаудан кейін көп айтылатын елді реформалау логикасына қайшы келеді. Түзетулердің қабылдануы елдің беделіне халықаралық нұқсан келтіріп, Қазақстанды қоғамдық-саяси дамуда кері итермелейтіні анық. Бұл сондай-ақ Қазақстан Республикасының Адам құқықтары саласындағы міндеттемелеріне қайшы келеді: олардың бір бөлігі цифрлық құқықтар, атап айтқанда, балалардың ақпарат алу және тарату құқығын қоса алғанда, ақпаратқа қол жеткізу және тарату құқығы; жеке өмірге қол сұқпаушылық құқығы; интернет желісінде бірлесу құқығы; және басқа да адам құқықтары. Адам құқықтарына мемлекет енгізген кез-келген шектеу, тіпті кибербуллиңге қарсы күрес сияқты ақылға қонымды болса да, адамды басқа құқықтарынан айырмауы керек.

Петиция авторларының ашық мәлімдемесінен

Хат 15 қазанда Қазақстан президенті әкімшілігі мен парламентке жіберіледі.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz