Қазақстанда қанша түлек мамандық бойынша жұмыс істейді?

17 қарашада өткен мәжілістің пленарлы отырысында депутат Бейсенбаев Елнұр жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін көтеріп, сауал жолдады. Депутаттың айтуынша, ЖОО бітіргеннен кейін 35% студент мамандық бойынша жұмыс істемейді, ал 40% студент оқу бітірген соң жұмыс таба алмайды. Factcheck.kz сайты депутаттың айтқандарын тексеріп көрді.

Тайм-код: 1:24:05

Мәселен, елімізде қазіргі уақытта 14 жастан 35 жасқа дейінгі жастар саны 6 млн. адамды, яғни ел халқының үштен бір бөлігін құрайды.

Елнұр Бейсенбаев, депутат

Үкім: Дәлелденбеген

ҚР Ұлттық статистика бюросының 2021 жыл басындағы мәлімет бойынша, Қазақстанда 14 жастан 35 жасқа дейінгі жастар саны – 5 662 790 адамды құрады. Алайда, статистикалық жинақтар әр жылдың басында жарияланатын болғандықтан, біз 2021 жылдың қазіргі уақытқа дейінгі статистикасын көре алмаймыз. Депутат “қазіргі уақытта” деп мәлімдеме жасағандықтан әрі статистикалық деректер жаңармағандықтан үкімді “Дәлелденбеген” деп қалдырдық.

Депутат неге 14-35 жас шамасын алып қарағанын түсінбедік, алайда ҚР статистика бюросында жастарды деп 14 пен 28 жас аралығын көрсеткен.

Еуроодақ мүшелігіндегі елдерде бұл көрсеткіш [жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі – ред.] 14%-тен жоғарғы деңгейді көрсетіп отыр.

Елнұр Бейсенбаев, депутат

Үкім: Дәлелденбеген

Eurostat-тың дерегінше жастар (15-24 арасы) арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2021 жылы қыркүйек айында 15,9% болды. Депутат Қазақстанды мысалға келтіргенде 14-35 жас шамасындағы жастарды алғандықтан деректерді салыстыра алмаймыз.

Жоғарыда атап өткеніміздей “жастар” терминін қолданғанда әр ұйым не мемлекет әртүрлі жас шамаларын белгілейді. Ал ҚР “Мемлекеттік жастар саясаты” туралы заңда “жастар” терминін қолданғанда 14-29 жас аралығы көрсетілген.

Қазіргі таңдағы жұмыссыз жастардың саны 3,6%-ды құраса, NEET жастарының үлесі 6,7%-ды құрайды.

Елнұр Бейсенбаев, депутат

Үкім: Шындық

ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2021 жылдың ІІІ тоқсанындағы дерек бойынша, 3,7%-ке жетті. Ал NEET* жастарының үлесі расымен де 6,7%.

* NEET (Not in Empoloyment, education or Trai­ning) жастары термині – дәл қазіргі уақытта не оқымайтын, не жұмыс жасамайтын, не біліктілігін арттыру үшін курсқа қатыспайтын жастар үлесі.

Ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық арасындағы жастардың үлесі 25%-ды құрап отыр.

Елнұр Бейсенбаев, депутат

Үкім: Жалған

ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2020 жылы өзін өзі жұмыспен қамтыған халықтың саны – 2 045 374, 15-35 жас аралығындағы жастар саны – 800 200 адам. Проценттік үлесі бойынша — 39,1%. Депутаттың айтқанынан әлдеқайда жоғары.

“Атамекен” ҰКП зерттеулерінің қорытындысы бойынша, ЖОО түлектерінің 35% мамандығы бойынша жұмыс істемесе, олардың 40% оқуды бітірген жылы жұмыс таба алмайды.

Елнұр Бейсенбаев, депутат

Үкім: Дәлелденбеген

ҚР Білім және ғылым министрлігі “Атамекен” палатасымен бірге 2018 жылы білім беру бағдарламасын бағалау мақсатында, ЖОО бітірген түлектер арасында зерттеу жүргізді. Зерттеудің нәтижесіне сәйкес, расымен де 35% бітіруші түлек мамандық бойынша жұмыс істемесе, 40%-і оқуды бітірген жылы жұмыс таба алмайды. Алайда…

Алайда, бұл бітіруші түлектер арасындағы нақты деректі көрсете алмайды, тек белгілі бір контексте ғана көре аламыз. Қазақстанда бітіруші түлектер арасында жұмысқа орналасу мен жұмыссыз жүруіне байланысты нақты статистика болмағандықтан, біз бұл мәлімдемеге “дәлелденбеген” деген үкім қоямыз.

Сонымен қатар, ҚР Білім және ғылым министрлігі “Атамекен” палатасымен жүргізген сауалнамының әдіснамасы мен басқа да деректерін тиісті органнан сұрап едік, әзірге алуға мүмкін болмады. Бұл онсыз да күдігі көп сауалнамаға күмәнімізді арттыра түсті.

Қазір БжҒМ баспасөщ қызметіне осы сауалнаманың толық мәтінін ұсыну туралы ақпараттық сауал жібердік. Жауап болған жағдайда міндетті түрде материалды толтықтыратын боламыз.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz