Қазақстанда қанша дәрігер тапшы?

30 наурызда өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутат Зарина Камасова елдегі дәрігерлер тапшылығы туралы дерек келтірді. Factcheck.kz депутат мәлімдемесін тексеріп көрді.

Тайм-код: 1:30:17

Ресми мәліметтерге сәйкес, дәрігерлердің жалпы тапшылығы 4662 штаттық бірлікті құрайды.

Зарина Камасова

Үкім: Шындыққа жақын

Денсаулық сақтау министрлігінің бізге берген әкімдіктердің жедел деректері бойынша дайындалған ақпаратқа сай, 2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша дәрігерлер тапшылығы 3 931 штаттық бірлікті (ш.б.), ауылдық жерлерде — 848 ш.б. құрайды. Оның ішінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету бойынша (МСАК) — 2074 ш.б. (қала — 1405,5 ш.б., ауыл — 668,5 ш.б.); стационарда — 1857,5 ш.б. (қала — 1677,75 ш.б., ауыл — 179,75 ш.б.). Көрсеткіш депутат айтқаннан төмен, бірақ Қазақстанда дәрігерлер тапшылығы мәселесі өзекті екені анық.

Дәрігер тапшылығы байқалмайтын қалалар — Нұр-Сұлтан және Алматы.

Зарина Камасова

Үкім: Жалған

ДСМ дерегінше (төмендегі инфографикадағы сілтеме арқылы жүктеуге болады), Астанадағы медицина қызметкерлерінің тапшылығы ел бойынша орташа көрсеткіштен екі есе жоғары (618 ш.б.), Алматыда да елдің тоғыз облысына қарағанда көрсеткіш жоғары (және Шымкенттегіден екі есе жоғары). Қалалық және ауылдардағы дәрігерлер тапшылығы төмендегі картада:

Сонымен қатар, біз дәрігерлердің тапшылығын салалар бойынша да қарадық. Ресми деректерге сай, Қазақстанда ең көп жетіспейтін маман – жалпы практика дәрігері екен. Сала бойынша толық ақпаратты төменнен ала аласыздар:

Дәрігерлердің жетіспеушілігі әсіресе ауылдық жерлерде, медициналық жоғары оқу орындары жоқ өңірлерде байқалады, сонымен қатар бұл оқу мерзімінің ұлғаюына байланысты.

Зарина Камасова

Үкім: Шындыққа жақын

Жоғарыдағы дерекке сай, ауылдық жерлердегі дәрігер тапшылығы расымен аса байқалады. Алайда, бұл медициналық университеттердің болуына немесе болмауына байланысты емес. Қазақстанның тоғыз медициналық ЖОО-ның төртеуі Алматыда орналасқан, бірақ қаланың өзі дәрігерлер жетіспеушілігі бойынша тоғызыншы орында (барлық 17 өңірден). Депутаттың дәрігер тапшылығының себептерін көрсеткен болжамы негізсіз және қосымша зерттеуді қажет етеді.

ҚР Білім және Ғылым министрлігіне қарайтын Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығының дерегіне сай, Қазақстанда медициналық білім беретін 9 университет бар, олар:

  • Астанадағы “Астана медицина университеті”;
  • Алматыдағы “Қазақ ұлттық медицина университеті”;
  • Алматыдағы Қазақстан-Ресей медицина университеті;
  • Алматыдағы «Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі» қазақстандық медицина университеті;
  • Алматыдағы Әл-Фараби Қазақ Ұлттық Университетіндегі “Жоғарғы медицина мектебі”
  • Семейдегі “Семей медицина университеті”;
  • Ақтөбедегі “М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті”;
  • Қарағандыдағы “Қарағанды медицина университеті”;
  • Шымкенттегі “Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы”;

Контекст

2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, сәйкес денсаулық сақтау жүйесінде барлық ведомстволарда 262 200 медицина қызметкері жұмыс істейді, оның ішінде 76 443 дәрігер, 185 757 орта медицина қызметкері. МСАК ұйымдарында — 32 042, ОМҚ — 73 811 дәрігер бар. Ал ауылдық жерлерде медицина қызметкерлерінің саны 64 402 адамды құрады, оның ішінде 12 438 — дәрігерлер, 51 964 — орта медицина қызметкерлері.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz