Қазақстанда қанша адам МӘМС жарнасын төлемеген?

6 сәуірде өткен мәжілістің кезекті отырысында Amanat партиясының депутаты Ерлан Саиров МӘМС төлемі туралы статистикалық деректер келтіріп, сауал жолдады. Сауал барысында өзін өзін жұмыспен қамтыған халықтың көп бөлігі МӘМС төлемей жүргендігі туралы айтып, алаңдаушылық білдірді. Аталған деректерді Factcheck.kz сайты тексеріп көрді.

Тайм-код: 1:45:17

Қазақстанда 2 млн 130 мың адам өзін өзі жұмыспен қамтушы болып тіркелген.

Ерлан Саиров, депутат

Үкім: Шындыққа жақын

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021 жылы өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың саны – 2 096 907 адам. Ал жалпы жалдамалы қызметкерлердің саны – 6,7 млн адамға жетті.

… Сол адамның тек 66 300 ғана МӘМС төлемін, ал 180 500 бірыңғай жиынтық төлемін төлейді.

Ерлан Саиров, депутат

Үкім: Жалған

ҚР “Әлеуметтік сақтандыру қорының” бізге берген мәліметінше, 2021 жылы өзін өзі жұмыспен қамтыған халықтың ішінен 728 025 адам МӘМС жарналарын төлесе, 333 356 адам БЖТ төлеген. Яғни депутаттың айтқанына әлдеқайда көп. Ал депутат айтқан мәлімдемені 2022 жылдың алғашқы 3 айымен салыстырған күннің өзінде сәйкес келмейді, себебі осы уақыт аралығында 293 316 азамат МӘМС төлесе, 204 078-і БЖТ төлеген.

Осы санаттың ішіндегі 1 млн 905 мың адам өздері үшін МӘМС төлемейді…

Ерлан Саиров, депутат

Үкім: Техникалық қате

Өзін өзі жұмыспен қамтыған халық санынан МӘМС төлеген халықты алсақ 1 368 882 адам, яғни осыншама халық МӘМС жарнасын төлемеген. Бәлкім, депутат деректерді есептеу барысында жаңылса керек.

Жалпы Қазақстанда 3 млн 300 мың адам әлеуметтік медицина сақтау төлемін төлемейді.

Үкім: Шындыққа жақын

ҚР “Әлеуметтік сақтандыру қорының” мәліметінше, жалпы Қазақстанда қазіргі уақытта 3,6 млн адам МӘМС төлемеген.

Халық арасында МӘМС жарналары жайында алып-қашпа әңгіме көп. Жалпы МӘМС туралы толығырақ білгіңіз келсе төмендегі материалды шолып шығуға кеңес береміз.

Контекст

  • 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі іске қосылды. Жүйе бойынша мемлекеттік жеңілдікке ие азаматтардан бөлек әрбір азамат МӘМС-ке жарна төлеуі міндетті. Яғни табысыңыздың белгілі бір мөлшерін мемлекетке өзіңізді медициналық сақтандыру үшін төлейсіз. МӘМС жүйесі жарна мөлшеріне қарамастан, барлық сақтандырылған адамдардың медициналық қызметтерді тең алуына мүмкіндік береді;
  • Ал МӘМС-тен бөлек Қазақстанның әр азаматы Кепілді көлемдегі тегін медициналық көмек (ККТМК) алуға құқылы;
  • Тегін медициналық көмек ҚР азаматтары мен қандастарға беріледі. Тегін медициналық көмек бюджет есебінен көрсетіледі және оған тиімділігі дәлелденген профилактикалық, диагностикалық және емдік медициналық қызметтер жатады.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz