Қазақстанда 26 сәуірден бастап коронавирусқа қарсы отандық вакцина егіле бастайды

26 сәуірден бастап халыққа коронавирусқа қарсы қазақстандық QazVac (бұрын QazCovid-in деп аталған) вакцинасы егіле бастайды. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Агенттіктің жазуынша, вакцинаның алғашқы 50 мың дозасы жақын арада “СК-Фармация” компаниясының (мемлекеттік ауруханаларға дәрі-дәрмек жеткізетін бірыңғай дистрибьютор) хабтары арқылы Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Шымкент қалаларына жеткізіледі. Вакцинаның тағы 50 мың дозасы мамыр айында шығарылады. Кейінірек айына 500-600 мың дозаға дейін вакцина өндіру жоспарланып отыр.

Вакцинаны өндіруші Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институты клиникалық сынақтың соңғы үшінші кезеңі аяқталмай жатып, сәуір айында QazVac вакцинасын жұртқа жаппай сала бастайтынын хабарлаған. Бұған қоса клиникалық сынақ 9 шілдеде аяқталатынын, одан соң ғалымдар сынаққа қатысқан 3 мың еріктінің дерегін 20 күндей сараптайтынын айтқан.

Кейбір вирусолог мамандар “QazVac вакцинасы жайлы мәлімет тапшы” екенін, екпені сынаудың үшінші кезеңіне небәрі үш мың адам ғана қатысқанын атап өткен. Өзге вакциналармен салыстырсақ, Pfizer, Moderna немесе “Спутник V” екпелерін сынаудың үшінші кезеңіне 30 мыңнан астам адам қатысқан. Бірақ соған қарамастан Қазақстан вице-премьері Ералы Тоғжанов 22 сәуірде “қазақстандық вакцинаның шығуы елімізге коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарған әлемдегі бес елдің қатарына кіруге мүмкіндік берді” деп мәлімдеді.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz