Қазақстан халқы полицияға сене ме?

Осыдан бірнеше күн бұрын ІІМ Ерлан Тұрғымбаев Үкімет сағатында баяндама оқып, Қазақстан халқының құқық қорғау органдары қызметкерлеріне “сенімі” жайында сөз қозғады. Министрдің айтуынша, 38,7% халық полицияға толығымен сенеді. Бұл қандай зерттеу, кім жүргізді, методологиясы қандай? Factcheck.kz сайты тексеріп көрді.

Тәуелсіз институттардың зерттеуіне сүйенсек, I жарты жылдықтың нәтижесі бойынша, 38,7% халық полицияға толығымен сенеді, 38,1%-і ішінара сенеді.

Ерлан Тұрғымбаев, ІІМ

Үкім: Манипуляция

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 38,7% адам полицияға сенім білдірген. Ал 38,1%-і ішінара сенім білдірсе, 2,6%-і толығымен келіспейтінін жеткізген. Алайда Ұлттық статистика бюросы ол – тәуелсіз ұйым не институт емес.

Ұлттық статистика бюросының бұл зерттеуі биылғы жылдың 16 шілдесінде жарық көрді. 2021 жылдың сәуір-мамыр айларының нәтижесі бойынша жүргізілген. Методологиясына үңілсек, зерттеуге іріктемелі әдіспен 18 005 үй шаруашылығы немесе республикадағы үй шаруашылықтары жалпы санының 0,35%-і қатысты. Сауалнамада “15 және одан жоғары жастағы респонденттер республиканың барлық өңірінен қамтылды” деп жазылған.

Ал әлеуметтанушы Серік Бисембаевтың айтуынша, қоғамдық пікірді көрсету үшін бір ғана зерттеу жеткіліксіз. Серік Бисембаев бұл зерттеуге байланысты былай деді:

Өз тарапымнан екі сын айтуға болады. Біріншісі, бұл зерттеудің мемлекеттік орган тарапынан жүргізілуі. Яғни, құқық қорғау органдарына деген көзқарас тақырыбы бұл белгілі бір деңгейде сезімтал болып табылады. Яғни адамдар бұл органдарға қатысты сұрақтарға жауап беру барысында белгілі бір әлеуметтік қысымды сезінуі мүмкін. Әсіресе, егер де сауалнама жасап жатқан адамдар мемлекеттік органнан келдік деп айтатын болса. Сол себепті бұндай тақырыптарға қатысты зерттеуді тәуелсіз ұйымдардың жүргізгені дұрыс. Екінші айтатын нәрсе бұл маңызды зерттеудің жалпы қоғамға ұсынылу тәртібі. Статистика бюросының стандартты форматта жасалған. Бұл – “Exel” файлдары архивтелген, сосын қысқаша ақпараттық материал. Бұл енді қалыптасқан дәстүр. Бірақ енді бұл сауалнама, әсіресе маңызды зерттеу болғандықтан оны қоғамға басқаша қылып ұсынса әлдеқайда дұрысырақ болар еді.

Серік Бисембаев, әлеуметтанушы

Әлемдік рейтиң не дейді?

Дүниежүзілік экономикалық форумның (World Economic Forum) жаһандық бәсекеге қабілеттілік туралы (The Global Competitiveness Report) 2019 жылғы есебінде Қазақстан “Полиция қызметінің сенімділігі” рейтиңінде 141 мемлекеттен 81-орын алған. Ал жаһандық бейбітшілік индексінде (Global Peace Index) Қазақстан 163 мемлекеттің ішінен 67-орынға жайғасқан.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz