Қазақстан халқы билікке «‎масыл»‎ ма?

Маусымның 21-де өткен Парламенттің қос палатасының отырысында депутат Әли Бектаев бюджеттің әлеуметтік салаға көбірек бөлінуінен сақтануымыз керектігін айтып, «тұрғындардың арасында масылдық психология меңдей бастады» деді. Factcheck.kz Бектаев сөзінің жаны бар ма, жоқ па, анығына көз жеткізуге тырысты.

Әли Бектаевтың айтқаны (тайм-код: 2:29:58)

2020 жылғы бюджеттің 44,5%-ы әлеуметтік секторға бағытталған. Оның 3,8 трлн теңгесі, яғни жартысына жуығы тек әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға бөлінген.

Әли Бектаев

Үкім: Шындық

Қаржы министрлігінің хабарлауынша, әлеуметтік салаға 6 639 млрд теңге бөлінген, бұл депутат айтқаннан көп, жалпы шығыстың 47%-ін құраған. Шынымен-ақ оның 3 870 млрд теңгесі әлеуметтік көмекке жұмсалған. Алайда оның 2 502 млрд-ы зейнетақыға, 827 млрд теңгесі ғана жәрдемақы төлеуге кеткенін ескерген жөн. Оның үстіне әлеуметтік сектордың ішіне денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорттың да кіретінін ұмытпауымыз керек.

Қазақстан халқы билікке «‎масыл»‎ ма?
2020 жылы әлеуметтік салаға кеткен шығын

Бірақ біз мемлекеттік бюджеттің шектен тыс әлеуметтік сипатқа ие болуынан сақтануымыз керек. Мысалы бізде 561 млрд теңге қаржы зейнетақылық емес, жәрдемақыларға қарастырылған. Бұл бүкіл ауыл, су, орман, балық шаруашылығына бөлінген қаржыдан көп.

Әли Бектаев

Үкім: Жартылай шындық

Депутат келтірген қаражат 2020 жылдың да, 2021 жылдың да бюджеттерінде көрсетілген санға сәйкес келмейді. Былтыр жәрдемақы көлемі 827 млрд теңгені құраған, ал биылғы жоспар бойынша әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыру 4 033,7 млрд теңге көлемінде. Қаржы министрлігінің хабарлауынша, оның 1 038 723,9 млн теңгесі тек жәрдемақыға қарастырылған.

Депутат жәрдемақыға бөлінген қаражат былтыр да, биыл да ауыл, су, орман және балық шаруашылығына бөлінген қаржыдан көп екенін рас айтты.

Халқымызда адамға балық берме, қармақ бер деген аталы сөз бар. Өкінішке орай кей тұрғындардың арасында масылдық психология меңдей бастады. Ал масылдық кедейшілікке алып келетін төте жол. Соңғы бес жылда әлеуметтік шығыстардың 2 есеге артуына қарамай, кедейшілік шегінен төмен өмір сүріп жатқан халықтың үлесі 2,5%-дан 4,3%-ға дейін өскен.

Әли Бектаев

Үкім: Жартылай шындық

2016 жылы әлеуметтік шығыстар 4 трлн теңгені құраған. Былтыр, 2020 жылы, бұл көрсеткіш 6 639 млрд болғанын жоғарыда жаздық. Яғни бес жылда әлеуметтік сектор шығыны 1,6 есеге өскен. Статистика бюросының дерегіне сүйенсек, 2016 жылдың IV тоқсанындағы жағдайға сай, ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өмір сүрген халық көрсеткіші 2,3% болып, 2020 жылдың IV тоқсанында 4,6%-ке артқан. Қос дерек те депутат сөзінен сәл ауытқып тұрғандықтан жартылай шындық деген үкім қойдық.

Депутат сөзінің жаны бар ма?

2020 жылы әлемдегі экономика коронавирус пандемиясының әсерінен шынымен-ақ бірқатар рецессияға ұшырағаны рас. Карантин шаралары әлемнің экономикалық жағдайын нашарлатып, көп мемлекет халқының жағдайын тұрақтандыру үшін әлеуметтік шығыстар, бір реттік көмекті көбейткен. Осындай жағдайда Қазақстан халқын ғана «масыл» деп айтуға негіз бар ма?

Мысалы, Жапонияның 2020 жылғы бюджетінің 34,9%-і әлеуметтік қамсыздандыруға кеткен, ал Оңтүстік Корея бюджетінің шамамен 35,23%-і тек қана денсаулық, әл-ауқат, жұмыспен қамтуға жұмсалған. АҚШ-та кіріс қауіпсіздігінен соң әлеуметтік қамсыздандыру 1,1 трлн долларды құрап, шығыстардың екінші көп бөлігін құраған. Ал Испанияның 2021 жылға жоспарлаған бюджетінің 239,77 миллиард еуросы әлеуметтік шығындар. Үкімттің ресми өкілі бұл бюджетке енгізілген ең жоғары көрсеткіш екенін, өткен жылмен салыстырғанда 10%-ке артқанын айтқан.

Factcheck.kz сайтына пікір білдірген экономист Расул Рысмамбетов мәселеге басқа қырынан қарау керек дейді.

Бұл жағдайда депутат басқаша айтқысы келген шығар. Қазір көбіне сол жағалауда толықтай мемлекеттің қамтамасыз етуімен өмір сүретіндер қарапайым және кедей азаматтар “масыл көңіл-күйде” болады деп алаңдайды.

Қазір медианалық жалақы 150 мың теңгеден аспайды, егер орташа отбасында жалғыз адам жұмыс істесе бұл лайықты өмір сүруге жетпейді. Екі адам жұмыс істесе, олардың жиынтық табысы 300-350 мың теңге болады, ауыл-аймақтағы мұндай отбасы ауқатты болып саналады. Осындай кедейлік адамдарды шарасыздыққа, соның ішінде тұрақты түрде несие алып тұруға итермелейді.

Егер бұрын несиені пәтер мен көлікке жұмсаса, қазір кір жуғыш машинаға, пәтерді жөндеуге және киім-кешекті бөліп төлеуге алады. Сондықтан адамдар “семірді” деуге келмейді. Елімізде жалақы төмен деңгейде, қартайған адамдарға жағдай жасалмаған, ал медицина апат жағдайында. 2020 жылы мемлекеттің көмегі мұқтаж адамдарға жетті. Алдыңғы жылдары олай бола бермейтін.

Ал бюджет шығыстарының 44,5%–і әлеуметтік салаға жұмсалуы толықтай дұрыс, себебі мемлекеттің басты құндылығы – адам ғой. Үкіметтің тиянақсыз экономикалық саясатының нәтижесінде қысқарып жатқан мемлекеттік бюджетіміз азаматтарды дұрыс деңгейде қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз.

Расул Рысмамбетов

Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) жаңа есебінде, карантин кезіндегі әлеуметтік шығындар әлемдегі халықты қалай кедейліктен сақтап қалғаны туралы жазылған. Ұйымның дерегіне сай, 41 мемлекет халқының 80%-і (15 млн-ның 12 млн-ы) 1,90 доллар көлеміндегі кедейшілікке әлеуметтік көмектің арқасында душар болмады.

Алайда кедейлікті азайту үшін бай мен кедей елдер көрсеткен әлеуметтік көмекте көп айырмашылық бар. Әлемде әлеуметтік қорғау саясатына 2,9 триллион АҚШ доллары инвестицияланса, дамушы елдер үлес оның тек 379 миллиард АҚШ долларын құраған.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz