Қазақстан Украинаға әскер кіргізуден бас тартты ма?

Америкалық NBC телеарнасының мәлімдеуінше, Қазақстан Украинаға өз әскерін жіберуден бас тартып, Ресейдің өтінішін орындамаған. Телеарна әлдебір ресми тұлғаға сілтеме жасап, оның атын атамады. Бұл мәлімет әлемдік БАҚ-та кең тарап кетті, тіпті Қазақстанның ұстанымын Америка Құрама Штаттары қолдаған деген ақпарат бар. Бұл сюжеттің қай жері дұрыс емес екенін талдаймыз.

ҰҚШҰ (Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы) әскерін мүше елдер аумағында ғана пайдалануға болады, ал басқа жағдайларда қазақстандық бітімгерлер басқа елдерге тек БҰҰ мандаты аясында ғана жіберіледі. Яғни, логикалық тұрғыдан мұндай өтініштің болуы да орынсыз, ал бұл пікір ресми айтылмаған да тәрізді, оны дәлелдейтін ешқандай дерек жоқ.

«Власть.кз» порталындағы әріптестеріміз бұрмалау «Оперативний ЗСУ» арнасынан бастау алуы мүмкін деп болжады. Бірақ ол жерге ақпарат NBC телеарнасының сайтына жарияланғаннан кейін бір сағаттан соң шыққан.

Қазақстан Украинаға әскер кіргізуден бас тартты ма?
NBC сайтынан скриншот
Қазақстан Украинаға әскер кіргізуден бас тартты ма?
«Оперативний ЗСУ» арнасынан скриншот / Екеуінде де (NBC скриншоты) Мәскеу уақыты көрсетілген

Бір қызығы, ақпараттың бұрмаланып, әлемдік БАҚ-та тарап кетуінің бастауы болған NBC авторы ешкімнің тегін атамай, тек officials деп келтіреді (тіпті қай елдің ресми тұлғалары туралы айтылып отырғаны да белгісіз).

Бұрмалаудың басында Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің 22 ақпанда жасаған мәлімдемесі де тұрса керек. Ол журналистердің сұрағына жауап бере отырып, ҰҚШҰ күшін Украинада пайдалануға ешқандай заңды негіз жоқ екенін айтқан болатын. Сондай-ақ сол кезде ДҰР мен ЛҰР мойындау мәселесі де күн тәртібінде емес екенін мәлімдеген.

Қорытынды

Редакцияның әдістемесін негізге ала отырып, бұл сюжет манипуляция деген қорытындыға келдік. Тақырыбына кликбейт қолданылған, бастапқы деректер материалдағы мәліметтерге сай келмейді, бұрмаланған материал авторы сенімді дереккөздерге негізделмейді – ресей-украин соғысында Ресейдің қазақстандық бітімгерлерді пайдалану туралы өтініш айтқанын растайтын дәлел жоқ. Қазақстанның ұстанымын АҚШ-тың Қауіпсіздік кеңесі қолдағаны туралы ақпарат жарияланған сәтте ресми ашық дереккөздермен расталмады. Ол тек NBC сайты мен одан көшіріп басқан материалдарда бар. Мұндай мәлімдеме жасалуы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз, бірақ қазіргі уақытта ол басқа жерде кездеспеді.

Тағы да естеріңізге саламыз, нені оқығаныңыз емес, қалай оқығаныңыз маңызды. Әсіресе ақпараттық соғыс кезеңінде. Төменде түрлі жаңалықтарды оқығанда назарда ұстау керек бірнеше ережені атап өттік, мархабат:

  • Мәтіндегі лексикаға назар аударыңыз: тіпті соғыс жағдайында да сапалы журналистика бейтарап стильге ұмтылады. «Фашист», «ұлтшыл», «орысшыл» немесе «хохолдар» сынды сөздер кездессе – сізге манипуляция жасағысы келіп отырғаны анық.
  • Публицистердің жазғанын емес, оқиға орнынан ақпарат таратып отырған тілшілерді көріп, оқуға тырысыңыз. Медиадеректерді қайта тексеріңіз, оқиға шынында сипатталғандай ма? Мәліметтерді салыстырыңыз.
  • Ұрысқа қатысушы тараптар мен үшінші тараптың ресми билік органдарының жедел мәліметтеріне күмәнмен қараңыз: соғыс уақытында мәліметтер нақты емес және жалған (себебі соғыс ақпарат алаңында да жүргізіледі) болуы мүмкін. Әрі тез өзгеріп отырады. Әсіресе деректер дәлелденбесе мұқият болыңыз. Сенімді ақпарат жанжалға қатысы жоқ халықаралық ұйымдарда болуы мүмкін (әдетте олар кешігіп ақпарат береді).
  • Анонимді арналарға сенбеңіз.

Есіңізде болсын! соғыс – өлім. Сіз секілді адамдардың өлімі. Ақпарат оқтары да зымыранның соққысы секілді өлімге әкелуі мүмкін.

Журналист, редактор. Филолог-славист. Соавтор и составитель ряда работ по журналистике и языку вражды. Работал журналистом и редактором в различных научно-популярных, развлекательных и общественно-политических изданиях Казахстана. Главный редактор проекта «Фактчек в Казахстане» с 2017 по 2022 год. Медиатренер, создатель образовательного проекта Factcheck.Academy

Factcheck.kz