Қазақстан тұрғын үй бағасы ең төмен елдердің бірі ме?

Қазақстан арнасының инстаграм парақшасында “Қазақстан тұрғын үй бағасы ең төмен елдердің рейтиңінде 10-орында” деген мазмұнда жазба жарияланды. Медиа ақпаратына сай, елімізде қала орталығынындағы баспананың 1 шаршы метрі орта есеппен 927,2$ доллар. Factcheck.kz ақпараттың қаншалықты рас екенін тексерді.

Үкім: Манипуляция

Біріншіден, Қазақстан арнасы finprom.kz сайтына, ал Finprom Numbeo ресурсына сілтеген. Екіншіден, Numbeo рейтиңді сауалнама арқылы құрастырған және неше рет Қазақстан туралы ақпараттың өзгергенін жазған. Бұдан бөлек рейтиңде тек 106 ел бар және “қала орталығында орналасқан үйлердің” ғана бағасы келтірілген. Бұл — қаладағы үйлердің толық құнын есептеп көрсетуге дәлел бола алмайды. Сондықтан да манипуляция.

Статистика бюросының дерегінше, бір жылда (2022 жылдың тамызы мен 2021 жылдың тамызы аралығында) пәтерлерді қайта сату бағасы – 25,8%-ке, жаңа тұрғын үйлерді сату бағасы 18,1%-ке жоғарылаған. Ал тұрғын үйді жалға алу төлемі тіпті 31,8%-ке өскен.

Мәселен, Krisha.kz дерегіне сүйенсек, 2022 жылдың алғашқы 6 айында Қазақстандағы тұрғын үй бағасы 7%-ке қымбаттаған және Numbeo дерігімен сәйкес келмейді. Тағы да ескеретін жайт Numbeo сайтындағы (елдер, қала жайлы, азық-түлік, тұрғын үй және т.б.) деректі кез келген қолданушы өзгерте алады. Яғни, ақпарат сауалнама арқылы жиналады.

Рейтиң неге күмәнді?

Рейтиңнің нақты жағдайды көрсете алмайтынына тағы бір мысал: Рейтиңдегі 3-орындағы Венесуэланы талдап көрейік. Егер бұл елде тұрғын үй бағасы 672 доллар болған күннің өзінде, 2018 жылы елдегі инфляция 1 300 000%-ке жеткенін ескеру керек. Яғни, экономикасы тұрақсыз елдерде үйдің бағасы долларға шаққанда арзан болғанымен, елдегі медиандық, тіпті орташа табыспен сатып алу қиын.

Қазақстанда да “орташа жалақы” жыл сайын өскенімен, ел тұрғындарының шынайы табысын көрсетпейді (кем дегенде сатып алу қабілетін көрсете алмайды). Бұдан бөлек, теңге бағамын долларға шаққанда халық табысы азайып жатқанын ескеру керек.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz