Қазақстан мен Қытай арасында “Төтенше жағдайға” байланысты заң бары рас па?

5 қыркүйек күні Facebook әлеуметтік желісінде Сырым Абдрахманов есімді қолданушы мынадай жазба жариялаған болатын:

Жазбаны 77 адам бөліскен, 28 комментарий қалдырған (жаңарып отыруы мүмкін) және көшірілген күйі WhatsApp арқылы тарап жатыр. Factcheck.kz кезекті синофобиялық қауесеттің рас-өтірігін тексеріп көрді.

Мәлімдеме: Қазақстан мен ҚХР арасында төтенше жағдайлардың алдын алуға байланысты заң қабылданған

Үкім: Шындық

2014 жылы 28 мамырда Астанада ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасында төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою рәсімі өтті. Келісімге сол кездегі ҚР Төтенше жағдайлар министрі В.К. Божко мен ҚХР Азаматтық әкімшілік вице-министрі Ли Цзян қол қойды.

Бұл заң 2015 жылы 22 сәуірде ратификацияланды. Келісімнің ресми атауы:

ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық

Мәлімдеме: Қазақстанда “төтенше жағдай” бола қалса, қытайдың әскерін кіргізеді

Үкім: Манипуляция

Біріншіден, 2003 жылы 2 маусымда “ҚР мен ҚХР арасындағы Тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шартты бекіту туралы” N 420-II Заңы қабылданған. Осы заңның 1-бабында былай жазылған:

Уағдаласушы Тараптар халықаралық құқықтың жалпы танымал қағидаттары мен нормаларына, егемендiк пен аумақтық тұтастықты өзара құрмет тұту, бiр-бiрiне шабуыл жасамау, бiр-бiрiнiң iшкi iстерiне араласпау, теңдiк пен өзара тиiмдiлiк, бейбiт өмiр сүру қағидаттарына сәйкес тату көршiлiк, достық және өзара тиiмдi ынтымақтастықты белсендi түрде дамытады және нығайтады.

Екіншіден, “төтенше жағдай” кезінде көмек көрсету тек Қазақстан мен Қытай арасында ғана емес, сонымен қатар, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына (ШЫҰ) мүше елдер арасында да бұл келісім бар.

“ШЫҰ мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы Төтенше жағдайларды жоюда көмек көрсету кезінде өзара іс-қимыл жасау туралы келісімге” 2005 жылы 26 қазанда Мәскеуде қол қойылды.

Үшіншіден, Қазақстан мен Қытай арасындағы төтенше жағдайлардың алдын алу туралы келісімге оралатын болсақ, 5-бап (Көмек көрсету) 1-тармағында былай жазылған:

1. Тараптар мемлекетінің бірінің аумағында төтенше жағдай туындаған немесе оның туындау қаупі пайда болған жағдайда, осы Тарап екінші Тарапқа көмек көрсету туралы сұрау сала алады.

1-тармақта жазылған заңға қарайтын болсақ, Қазақстанда немесе Қытайда “төтенше жағдай” болса, екінші тарап көмек көрсету туралы сұрау сала алады. Ол дегеніміз Қытай ғана Қазақстанға көмектеспейді, сонымен қатар Қазақстан да Қытайға көмек қолын соза алады.

Ал, С.Абдрахмановтың: “Төтенше жағдай болып қалса, Қазақстанға Қытайдың әскерін кіргізетін Заң қабылдапты” деген мәлімдемесі контексттен алынғанын әрі манипуляция екенін байқауға болады.

Сонымен қатар…

Осы келісімнің 11-бап 4-тармағында былай жазылған:

4. Көмек көрсету жөніндегі топ мүшесі әдейі немесе өрескел ұқыпсыздығымен келтірген зиянды ұсынушы Тарап өтейді.

Егер де көмек беруші мемлекет мүшесі әдейі немесе ұқыпсыздығымен зиян келтірсе, оны сол (көмек беруші) мемлекеттің өзі өтейді.

Factcheck.kz сайты бұдан бұрынырақ та Қазақстандағы синофобия туралы материалдар жазған болатын, оқуға кеңес береміз:

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz