Қазақстан қарулы күштері: бюджеті мен әлеуеті

Қаңтар қырғыны Қазақстанның қарулы күштерінің шама-шарқы қандай деңгейде екенін көрсетті. Тоқаев “20 мың террорист” туралы сөзінен соң, өтініш жасап, Қазақстанға сарбаздың көп бөлігі Ресей әскерінен тұратын Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының (ҰҚШҰ) бітімгер әскері кіргізілді. Қаңтар қырғыны аяқталған соң ұсталған адамдардың көбі азапталғаны анықталды. Бұл мәселеге президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бірнеше рет назар аударған.

Қалай болғанда да, Тоқаев қырғын кезіндегі шиеленісті бейбіт жолмен шешуге шақырған халықаралық ұйымдарды сынап, мұны “Не деген ақымақтық?!” деп “террористерге” ескертусіз оқ атуға бұйрық берген. Оған дейін де бейбіт митиңдерді күштеп тарату қазақстандық күштік құрылымдардың тұрақты әдісі болған. Ал полицияның суық күнде бейбіт адамдарды кеттлиңде ұстауы халықаралық ұйымдар тарапынан сынға ұшыраған.

2019 жылы Ішкі істер министрі Қасымов 100 мың қазақстандыққа 471 полицей қызметкері келетінін айтқан, 2021 жылы оның саны 372-ге дейін қысқарғаны хабарланды. Яғни, 2021 жылдағы халық санын ескерсек, Қазақстанда 70 986 адам полиция қызметкері деуге болады; олардың саны әскерилерден 7 мыңға ғана аз. Global Firepower ақпаратына сай, Қазақстанда әскери персонал саны 77 мың адамды құрайды.

Біз бен сіз күштік құрылым үшін жыл сайын қанша ақша жұмсап отырмыз? Бұл материалда осы сұраққа жауап іздеп көрдік.

Ішкі істер министрлігі

Ішкі істер министрлігіне жыл сайын шамамен 300 млрд теңге бөлінеді, экс-министр полиция қызметкерелерінің айлығы аз екенін айтып, ол 2023 жылға дейін көбейетінін хабарлаған. Мысалы, сержанттың айлық табысы 81 мың теңгеден 101 мың теңгеге, лейтенанттыкі 130 мыңнан 174-ке дейін, жедел құрамның айлық табысы 107 мыңнан 160-170 мыңға дейін артатынын хабарлады. Сонымен қатар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ақпаратына сай, 2020 жылы ІІМ жемқорлық ең көп тіркелген мемлекеттік орган болған. Сол уақыттағы агенттік басшысы ІІМ коррупциямен күресуге құлықсыз деген.

Полицияның жұмысына келер болсақ, кейінгі бес жылдағы көрсеткіш бойынша ашылған ауыр және аса ауыр қылмыс саны абсолют мәнде артқан, алайда проценттік көрсеткіште төмендеп келеді.

DEMOSCOPE-тың құқық қорғау органдарына деген сенімге қатысты жүргізген сауалнамасының нәтижесіне сай, құқық қорғау қызметкерлеріне респонденттердің тек 28%-і сенетінін, ал 55%-і әрқашан сене бермейтінін, кейде олардың өзі заң бұзуы мүмкін деп жауап берген. Сауалнамаға қатысқандардың тек 27%-і ғана ІІМ-ге сенеді. “Қазақстандағы құқық қорғау органдары құқықтарыңызды іс жүзінде қорғайды деп ойлайсыз ба?” деген сауалға 53%-і “олар жалпы қауіпсіздікті қамтамасыз етуі мүмкін, алайда адам құқын ескере бермейді” деп жауап берген.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті

Қазақстандағы жабық органдардың бірі Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) қаңтар қырғынанда мемлекеттік тәртіпті сақтауда маңызды рөл ойнауы керек болған. Алайда жағдай ушығып жатқанда ҰҚК басшысы Кәрім Мәсімов ұсталып, “мемлекетке опасыздық жасау” бабы бойынша күдікке ілінді, кейін оның үстінен “Билікті басып алу” бабы бойынша да қылмыстық іс қозғалды. Ол комитет басшылығында отырған уақытта, яғни 2016 жылдан 2021 жылға дейін 1,7 трлн теңге қаржы бөлінген. Кейінгі жылдары бөлінген қаржысы тіпті 70 мың қызметкері бар ІІМ-нің бюджетінен де көп. Қаражат қалай жұмсалғаны туралы нақты есеп таппадық, тек бөлінген ақшаның көбі “Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге” кетіп жатқаны ғана белгілі. Еске сала кетейік, 2022 жылдың наурызында ақпарат құралдары Мәсімов басшы болған тұста ҰҚК-нде көптеген жемқорлық фактілері тіркелгенін жазған.

ҰҚК қызметкерлерінің басы жиі дауға қалады. Мысалы, 2020 жылы түрмеде трансгендерді зорлады деген айып тағылған бұрынғы ҰҚК қызметкеріне үкім шыққан. Жәбірленушінің адвокаты айыпталушыға ең төменгі жаза мерзімі берілгенін айтса, адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис “ІІМ қарайтын, оның үстіне әйелдер отыратын мекемеде ҰҚК қызметкері не істеп жүр?” деген басты сұрақты ұмытып барамыз және мұны “барып тұрған заңсыздық” деп атаған. Ал қазақстандықтардың 28%-і ҰҚК-ға сенеді.

Қарулы күштер

Қырғын кезінде тәртіпті сақтауға әскерилер де жұмылдырылды. Алайда бұл да айтарлықтай тиімділігін көрсеткен жоқ. Мұны Тоқаев та мойындаған.

Ашық дереккөздерден ақпарат жинайтын Стокгольм бейбітшілік мәселелерін зерттеу институты (SIPRI) ақпаратына сай, Қазақстан ЖІӨ-мен есептегенде, әскери шығындар көрсеткіші рейтиңі бойынша әлемдегі төменгі елдер қатарында.

Қазақстан 2020 жылы жалпы ішкі өнімнің 1,1%-ін қорғаныс саласына жұмсаған. Алайда бұл көрсеткіш тәуелсіздік алғалы бері айтарлықтай өзгермеген.

Негізгі капиталға салынған инвестиция көрсеткішінде де қорғаныс саласының көлемі аз:

Дегенмен, Қазақстан қару-жарақты ірі импорттаушы 40 ел қатарына кіреді және бұл көрсеткіште 2020 жылы 27-орынға тұрақтаған. Қазақстанға қару-жарақ жеткізуші негізгі елдер Ресей (жалпы импорттың 89%-i), Испания (жалпы импорттың 3,6%-і) және Қытай (жалпы импорттың 2,4%-і).

Ескерту! TIV — негізгі қару-жарақтың халықаралық берілу көлемінің өлшемі.

Жалпы әскери қуат бойынша, Global firepower рейтиңіне сай, Қазақстан 142 ел ішінде 64-орында тұр, бұл көрсеткіште Әзірбайжан (63), Өзбекстан (54), Беларусь (52), Украина (22), Ресей (2) бізден жоғары орналасқан.

Ескерту! Рейтиң методологиясына сенсек, әскери күш пен қаржыдан бастап логистикалық мүмкіндіктер мен географияға дейінгі 50-ден астам фактор назарға алынған.

Контекст

Қазақстан Ресеймен қару-жарақ, екіжақты және бірлескен оқу-жаттығулар, жарыстар, конкурстар, әскери білім беру, кадрлар даярлауда ынтымақтастықты күшейтсе де, жан-жақты ұстанымда болуға ұмтылады. Мысалы, АҚШ-пен бес жылдық әскери ынтымақтастық келісімін бірнеше рет созған және 2023-2027 жылға созуды тағы жоспарлап отыр. Екі елдің өзара іс-қимылы мәселелеріндегі негізгі мақсат әскери білім беру, бітімгершілік, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, кәсіби әскери-медициналық және инженерлік кадрларды даярлау мәселелерін шешуге бағытталған.

Медиада әскерилердің жауынгерлік даярлығының жаңа формасы саналатын әскери ойындарда Қазақстандық жауынгерлердің алғашқы үштікте жиі байқалатыны көп жазылады. Мысалы, АрМИ-2021 Әскери халықаралық ойындарында “Танкалық биатлон” конкурсында Қазақстан әскерилері 19 мемлекет ішінде 3-орынды алғаны хабарланды.

* Материалды жазу барысында ҚР қолданыстағы ашық дерекқорлары мен open-base.newreporter.org деректері қолданылды.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz