Қазақ мемлекеті: Никоновтың мәлімдемесінен кейін тараған фейк

Бірнеше күннен бері жергілікті және ресейлік БАҚ-та РФ мемлекеттік думасының депутаты Вячеслав Никоновтың «Қазақстан аумағы – Ресейдің сыйлығы» деген мәлімдемесі дау-дамай туындады. 15 желтоқсаннан бері әлеуметтік желілерде «бауырлас қазақ халқына қолдау көрсеткісі келген мыңдаған кавказ азаматы» сес көрсеткеннен кейін Никонов пен оның отбасын Мәскеуден эвакуациялапты деген хабарлама тарап жатыр.

Оқиға мұнымен бітпейді. Белгісіз автор қиялға ерік беріп, оқиғаны былай суреттеген: Никоновтың Қазақстан туралы мәлімдемесінен кейін, Нальчик қаласында балқар халқы көшеге шығып, ішкі әскер мен Ресей гвардиясын күзетке қойыпты, Тоқаев пен Путин келіссөз жүргізіпті, ал Қазақстанның Ресейдегі елшісі Нальчик қаласындағы орталық мешітке барып, оны халық құшақ жая қарсы алыпты-мыс. Мәтіннің кей жерлерінде РБК жаңалықтар сайтына сілтеме жасалған.

Telegram мен WhatsApp-та тараған хабарлама. Мәтін бірнеше үлгіде тарап жатыр.

Үкім: Фейк

Толығымен ойдан шығарылған оқиға. Автор бұл әңгімеге қатысты жаңалық бар ма, РБК расымен осындай хабар жазды ма, Қазақстанның елшісі Нальчикке барды ма, Никоновты эвакуациялады ма, және оқиғаға Қасым-Жомарт Тоқаев немесе Владимир Путин пікір білдірді ме – бұл жағын оқырмандар тексермейді деп ойлаған. Күдіктену үшін мәтіннің грамматикасына назар аударсаңыз жетіп жатыр.

Мұндай хабарды ешқандай дерек растамайды, жаңалықтар сайтында жарияланбаған және әлеуметтік желілерге мессенджер арқылы тарап кеткен тәрізді. Бұл бірнеше минутта тексеруге болатын, WhatsApp-та тарап жүретін көп фейктің бірі.

Дегенмен, хабарлама осындай деңгейде тарап кеткеніне қарасақ – автордың ойлағаны болды. Хабарламаны біз күтпеген жерлерден, оның ішінде танымал адамдардың посттарынан байқап қалдық.

Қазақ мемлекеті: Никоновтың мәлімдемесінен кейін тараған фейк
Ермек Нарымбайдың Facebook парақшасынан скриншот

Контекст

  • 10 желтоқсанда Бірінші арнадағы «Большая игра» бағдарламасының эфирінде РФ мемлекеттік думасының депутаты Вячеслав Никонов «Қазақстан аумағы – Ресейдің үлкен сыйлығы» деп мәлімдеді.
  • Бұған жауап ретінде ҚР Сыртқы істер министрлігі Ресей Федерациясының Уақытша Сенімді өкілі Александр Комаровқа нота тапсырды. Құжатта ҚР СІМ «Ресей тарапының мұндай мәлімдемелерге дұрыс баға беруін күтеді және Ресей Федерациясының мемлекет қайраткерлері мұндай мәлімдемелер жасамас үшін шара қабылдауға шақырады» делінген.
  • Кейінірек Никонов тілшілерге Қазақстан аумағы туралы айтқанда Қазақ КСР шекарасын белгілеу кезінде елдің мүддесі толық сақталғанын айтқысы келгенін түсіндірді.
  • Айта кетсек, қазақ мемлекеті Кеңес үкіметі құрылғанға дейін бар болатын. Әңгіме, бастауын XV ғасырдың ортасынан алатын Қазақ Хандығы туралы болып отыр. Әрине, көшпенділер мемлекеті туралы түсінікті заманауи мемлекет туралы ұғыммен салыстыруға келмейді. Дегенмен, өзіндік саяси құрылымы бар қоғам болатын.
  • Бұл тақырыпқа қатысты біздің Қазақстандағы мемлекеттің негізін қалаған және мемлекеттіліктің атасы кім екені туралы фактчекті оқуға кеңес береміз.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz