Қаңтар трагедиясы: сот Нұрмағамбетовтың бостандығын шектеді

24 маусымда Қостанайда № 2 қалалық соты жергілікті тұрғын Диас Нұрмағамбетовты қаңтар қырғыны кезінде “Протестный Костанай” телеграм арнасында “жалған ақпарат таратты” деген айыппен бостандығын бір жылға шектеді. Бұл туралы жергілікті “Наша газета” сайты хабарлады.

Нұрмағамбетовке телеграм арнада қаңтар трагедиясы кезінде “СОБР қаңтардағы наразылық кезінде халық жағына өтті” деген жазбасы үшін, “жалған ақпарат таратты” деген айып тағылған.

Судья Алтын Байжұманова Нұрмағамбетовтың тергеу изоляторында және үй қамауында болған мерзімін шегеріп, жаза тағайындады. Сот үкіміне сәйкес, Нұрмағамбетов бостандықта қалады. Бірақ пробация қызметіне келуге міндеттеледі. Егер заң бұзушылық анықталып, сотқа тартылса бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бұған дейін прокурор айыпталушыны екі жылға шартты жазаға тартуды сұраған.

Судья Алтын Байжұманованың айтуынша, сот жазбаны “арандатушылық сипатқа ие және қоғамдық тәртіпті бұзу қаупін тудырды” деген қорытындыға келген.

Сот отырысынан соң Диас Нұрмағамбетовтың адвокаты Алмаз Исмағұлов сот шешімімен келіспейтінін, істің толық дәлелденбегенін айтты. Сонымен қатар, сот шешіміне шағым түсіріп, Нұрмағамбетовты ақтағанша әлі күресетінін мәлімдеді.

Қостанайлық басылымның дерегінше, Диас Нұрмағамбетов өзіне тағылған айыпты мойындамайды. Сонымен қатар, сот отырыстарының бірінде тергеу кезінде “азапталғанын” және “қысым” болғанын айтқан.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz