Қаңтар қырғынында оққа ұшқан балаға арналған мурал пайда болды

3 маусымда Алматыда Жароков және Мыңбаев көшелерінің қиылысында қаңтар трагедиясы кезінде оққа ұшқан төрт жасар Айкөркем Мелдеханға арналған мурал пайда болды. Портреттің жанында «Қай аға мені атқан?» деп жазылған. Бұл туралы Rukh2k19 телеграм арнасы хабарлады.

Қаңтар қырғынында оққа ұшқан балаға арналған мурал пайда болды

Айкөркемнің суретінің жанында #qazaqkortemi және #qandyqantar хэштегі де жазылған. Телеграм арнада портрет авторларының мәлімдемесі жарияланды.

Қазақстанда жүздеген адамның қайтыс болғанына бес ай өтті. Мыңдаған қазақстандық адам нанғысыз азаптауды бастан кешіп, өмір бойына жараланды. Полицияның азаптауына шыдамай 7 адам өлді. Бұл халық арасында болған жағдай. Мұндай жайт әрқайсымыздың басымыздан өтуі мүмкін еді. Оларға оқ атқан, жазықсыз жандарды өлтірген және ескертусіз оқ атуға бұйрық берген кім? Біз әділдікті талап етеміз.

Авторлардың мәлімдемесі.
Қаңтар қырғынында оққа ұшқан балаға арналған мурал пайда болды
Фото: Юна Коростелёва. Vlast.kz дерегінше, дәл қазір төрт жасар Айкөркем Мелдеханға арналған мурал өшірілді.

Контекст

  • Азаттық радиосының жазуынша, төрт жасар Айкөркем Мелдехан 7 қаңтарда Алматыда дүкен іздеген жақындарына ілесіп жүрген кезде оққа ұшқан. Оның 16 жастағы әпкесі жараланып, ақпанда ауруханадан шыққан. Көлікке кім оқ атқаны әлі күнге дейін белгісіз. Қоғам талабына қарамастан билік бейбіт тұрғындарға оқ ату бойынша қанша күдікті бар екенін айтпады.
  • 1 маусымда Азаттық радиосының журналистері «Қаралы қаңтар» кезінде қайтыс болған адамдардың тізімін жариялап, арнайы жобаны таныстырды. Жоба авторларының мәліметінше, қайтыс болған кемінде 188 адамның аты-жөні белгілі.
  • Бұған дейін билік өкілдері тек 238 адамның қайтыс болғанын айтып, қанды оқиғадан бес ай өтсе де олардың атын атамаған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz