Қамауда отырған Арон Атабекті босату жөнінде қол жинау басталды

Бақытжан Төреғожина бастаған бірнеше құқық қорғаушы түрмедегі диссидент Арон Атабекке рақымшылық жасау туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, қол жинай бастады. Қол жинау жария болған бір сағаттың ішінде оны жүзге жуық адам қолдап, қол қойған. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Хатта президенттің өз қалауы бойынша – сотталған адамға рақымшылық жариялай алатыны, сол құқықты пайдаланып Арон Едігеевті (Атабекті) босату туралы айтылған.

– Бес күн бойы қол жинаймыз. Кейін қол қойған хатты Ақордаға жіберемін. Рақымшылық туралы комиссия жылына төрт рет кеңес өткізеді. Мен желіге жариялаған постта, президенттің кеңесшілері мен оған жақын саяси серіктестерін де белгіледім, олар мәселені президентке жеткізсе, қалаған уақытында шешім шығара алады, – деді Бақытжан Төреғожина.

Контекст

  • Бұған дейін, Қазақстанда Ұлттық алдын алу тетігі (ҰААТ) қатысушылары 15 жыл қамауда отырған ақын әрі диссидент Арон Атабекпен жолығып, халінің нашар екенін айтқан еді.
  • Арон Атабек 2006 жылғы “Шаңырақ” оқиғасынан 18 жылға сотталған. Билік оны сол оқиға кезінде қаза тапқан полицейдің өліміне кінәлі деп тапқан. Құқық қорғаушылар үкімнің негізсіз екенін айтып, оны “саяси тұтқын” деп таныған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz