Ит асырау ұзақ өмір сүруге көмектесе ме?

Желіде, әсіресе үй жануарлары туралы сайттарда “ит асырайтын адам үй жануары жоқ адамға қарағанда дені сау болады, әрі ұзақ өмір сүреді” деген мәлімдеме жиі тарады. Мәселен, мұндай ақпаратты Ilike.pet сайтынан көруге болады. Ал ВВС деректі фильмінде «ит асыраушының» өмір сүру ұзақтығы жайлы дерек келтіріледі. Factcheck.kz бұл ақпарат туралы ғылыми зерттеулерде не айтылғанын тексерді.

Зерттеу №1. Швеция

BBC-дің орыс қызметінің 2017 жылғы 18 қарашадағы мақаласында “Итті асырау жүрек-қан тамырлары ауруына шалдықпауға көмектесетіні” айтылады. Мұндай қорытындыны Scientific Reports ғылыми журналы жасаған. Соңғы зерттеуге сай орташа жасы 57 жастағы 3 432 153 адам (соның ішінде 48% ер адам) қатысқан. 12 жылдық зерттеу кезінде (2001-2012 жылдар аралығында) қатысушылардың 13,1%-і ит асыраған. Зерттеуде Швециядағы 40-80 жас аралығындағы адамдардың жеке дерегі қамтылған. Жастар жүрек-тамыр ауруымен азырақ ауратындықтан, есепке алынбаған.

Ғалымдар жасы, жынысы және тұрғылықты жері туралы мәліметтен бөлек, әлеуметтік-экономикалық және денсаулыққа қатысты ақпарат жинақталған ұлттық деректер қорын зерттеген. Зерттеу қатысушысы ит асырайтындығы туралы мәліметті қалай тексерген десек, Швецияда 2001 жылдан бастап барлық иттерге чип қойылып (немесе құлақтарына арнайы татуировка салады), арнайы тізімге енгізіледі. Бұған қоса, ғалымдар өлім-жітім және аурушаңдық себептері жөніндегі дерек базасын зерттеген. Сонымен қатар стационарлық және амбулаторлық емдеудегі азаматтардың диагнозы да тексерілген.

Зерттеушілер “иттер әлеуметтік қолдау және физикалық белсенділікпен көбірек айналысуға мотивация беретіндіктен, ит асырайтын адамға жүрек-қан тамырлары ауруының қаупін азайтуға көмектесуі мүмкін” деген қорытындыға келді.

Қызықты дерек: зерттеушілердің пікірінше, соның ішінде тазы ит асыраушылар жүрек-қан тамырлары ауруымен аз ауырады.

Ғалымдар тобының жетекшісі Мвеня Мубанганың айтуынша, жалғызбасты ит асыраушы, иті жоқ жалғызбасты адаммен салыстырғанда өлім қаупі 33%-ке және жүрек ауруы 11%-ке төмен.

Неліктен бұл зерттеуге сенуге болады? Деректер Швецияның “егіздер” тізімінің деректерімен салыстырылған. Шведтік егіздер тізімінде генетика, жас және басқа физиологиялық параметрлер бойынша барынша ұқсас адамдар енгізілген. Деректі салыстыру үшін 1958 жылдан кейін туылған ит асырайтын және иті жоқ 34 мыңнан астам “егіздер” зерттелген.

Зерттеу №2. Дүниежүзілік зерттеу

2019 жылдың 8 қазанда америкалық кардиология қауымдастығының ғылыми журналында ауқымды мета-талдау жарияланды. Бұл зерттеу 1950 жылдан 2019 жылға дейінгі осы тақырып бойынша ғылыми мақалалардың мета-зерттеуі. Бұл зерттеу Embase және PubMed ресурстары арқылы жүзеге асырылған.

Зерттеу барысында ғалымдар «ит асырау» немесе «үй жануарын асырау» деген тіркестерді іздеген. Онда зерттеу нәтижесіне немесе зерттеудің жазылған тіліне қарамастан барлық зерттеу қамтылған.

Зерттеуге мақаланы таңдау критерийлері келесідей болған: 18 жастан асқан адамдарды зерттеу; проспективті (қатысушылардың топтарға алдын ала бөлінуімен) зерттеулердің түпнұсқа деректерін қосу; аурудың басталуына дейін ит асыраудың әсерін бағалау; өлімге әкелетін нәтижелерді ғана емес, сонымен қатар өлімге әкелмейтін жүрек-қан тамырлары ауруларын қамту.

Зерттеу нәтижесі: «Ит асырау жүрек-қан тамырлары ауруына шалдығу ықтималдылығын төмендетеді. Соңғы мәліметтер ит асырау қан қысымының төмендеуіне, липидті профильдің жақсаруына және стресске симпатикалық реакцияның төмендеуіне көмектеседі».

3 837 005 қатысушының дерегін жинап, ит асырайтын адамды иті жоқ адаммен салыстырғанда кез келген себептен болатын өлім қаупі 24%-ке төмендегені байқалған. Оған қоса, жүрек-қан тамыры ауруларының өлім-жітімін бағалайтын зерттеу талдауында ит асырау жүрек-қан тамыры ауруларының өлім қаупін 31%-ке төмендететініні жазылған.

Қорытынды: Шындыққа жақын

Егер зерттеушілердің тұжырымдары дұрыс болса (“егіз” деректер қамтылып, мета-талдау жасалғанын ескерсек, зерттеу қорытындысы әдістеме тұрғысынан өте сенімді), ит асырау — жүрек-қан тамырлары ауруымен азырақ ауыруға және жалпы өмір сүру ұзақтығына әсер етеді. Сондықтан “ит асырайтын адам ұзақ өмір сүреді” деген мәлімдемеге негіз бар. Әрине бұл ит асырап алған бойда адам ұзақ өмір сүріп кетеді деген сөз емес. Десе де, ит асырау арқылы адам белсендірек, дені сау болатыны — анық.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz