InternetCA-2021 | Вице-министр: желі әкімшілігі ескертуге реакция білдірмесе бұғатталуы мүмкін

18 қарашада «InternetCA-2021 Орталық Азиядағы интернет саласының дамуы» атты XII Орталық Азиялық форумы өтіп жатыр. Форумға қатысқан спикер Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің вице-министрі Кемелбек Ойшыбаевтың айтуынша, терроризм, экстремизм, суицид, порнографиялық материал және есірткі сату насихатталған жағдайда, шара қолданылып, заң бойынша материалдар бұғатталады.

Сонымен қатар, Ойшыбаевтың сөзінше, интернет-ресурстарға қол жеткізуді шектеу жаппай жүзеге аспайды. Вице-министрдің айтуынша, мониторинг жүргізу барысында заңға қайшы материал анықталған жағдайда желі әкімшілігіне материалды өшіру қажет екені ескертіледі. Егер желі әкімшілігі билік ескертуіне реакция танытпаса, шектеу қойылуы не бұғатталуы мүмкін.

Әрине, біз интернеттің біраз мүмкіндігіне жол ашқанын көріп жүрміз. Бірақ өкінішке қарай кемшіліктері де бар. Әлемнің көптеген елі адам өмірі үшін қауіпті ақпараттарды кезіктіріп жатыр. Біз мониторинг жүргізу барысында суицидке, есірткі сатуға шақыратын материалдарды, сонымен қатар, буллинг жасаушыларды да кезіктіреміз. Бұған қоса интернетте құқықбұзушылық жиі тіркелген материал да көп.

Кемелбек Ойшыбаев

Кемелбек Ойшыбаевтың сөзінше, шетелдік интернет-платформалардың ресми өкілдігі Қазақстанда емес, өзге елде болуы мүмкін.

TikTok және LinkedIn компаниясының өкілі Мәскеуде, ал Facebook және Instagram өкілі Гонконгта болуы мүмкін. Өкілдің Қазақстанда болуы міндетті емес.

Кемелбек Ойшыбаев

Оның айтуынша, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі үкіметтің қорытынды ұсынысына осы туралы енгізген. Енді алдағы уақытта парламенттің қарауына жіберіледі.

Бұған қоса вице-министр жалған ақпаратқа қатысты пікірін айтты.

Кейінгі жылдары пандемия салдары адам өмірінің өзгеруіне ықпалын тигізді. Бұның арасында онлайн ортаға да әсер еткенін көрдік. Өкінішке қарай, жалған ақпараттың да артқанын байқадық. Бұл жағдай, әсіресе пандемия кезінде, халықты өте шатастырды. Себебі халық не болып жатқанын түсінбеген кезде, жалған ақпаратпен күресу маңызды мәселенің бірі екені айқын көрінді.

Кемелбек Ойшыбаев

Форум онлайн форматта MediaNet-тің Facebook (орыс тілінде) және YouTube (қазақ тілінде) парақшасында көрсетіліп жатыр.

InternetCA-2021 форумын MediaNet халықаралық журналистика орталығы, Конрад Аденауэр қоры және Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің қолдауымен өтіп жатыр.

Контекст

  • Қыркүйекте Қазақстан парламентінің мәжілісі “бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады, онда ел аумағында шетелдік интернет-платформалардың, әлеуметтік желілердің, мессенжерлердің жұмысын шектеуге мүмкіндік беретін бірқатар норма қамтылған.
  • Сонымен қатар, қазақстандық интернет-кеңістікте Facebook, Instagram, Telegram, Whatsapp және т. б. танымал әлеуметтік желілердің еркін пайдаланылуына қауіп төндіретіні жазылған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz