Инсульт туралы тараған жазба шындыққа жанаса ма?

2 қазанда Астанадағы ортопедия салонының instagram-парақшасында инсульт туралы күдікті жазба жарияланды. Бүгінде 300 мыңға жуық адамның назарына іліккен бұл жазбаны оқырмандардың сұрауы бойынша тексеруді жөн көрдік.

Пикник кезінде бір әйел сүрініп құлады. Достары оған жедел жәрдем шақыруды ұсынды. Бірақ, соған қарамастан әйел көмектен бас тартты: достарына биік өкшелі жаңа аяқ-киімнің кесірінен тасқа сүрініп құлағанын айтты. Ол қалтырап, өңі бозарып кеткендіктен, жолдастары тұруға көмектесіп, тамақ әкелді. Содан соң Ира көңілді әрі емін-еркін жүрді. Кешке оның күйеуі әйеліннің ауруханада екенін хабарлады. Ал 23:00-де Ира көз жұмды. (Мәтін орыс тілінен аударылды)

Үзінді @ortopediya_astana Instagram-парақшасынан алынды.

Үкім: Үкім жоқ

Алматыдағы №5 қалалалық аурухананың невропалог-дәрігері Маржан Шаймерденовна жоғарыдағы жазбаның шындыққа жанасуы да, ойдан шығарылуы да мүмкін екенін айтты.

“Инсульт мидағы қан тамырының бітелуінен немесе қан қысымының көтерілуінің нәтижесінде артерияның жарылып, миға қанның құйылуынан пайда болады. Сондықтан инсульт кезінде адам есінен танып құлайды, бет-әлпеті өзгереді. Жалпы, жазбада деректер тым аз. Кейіпкердің жас болуына байланысты одан инсульттің белгілері байқалмауы мүмкін, ағзасы кешке дейін сыр бермеуі ықтимал.  Мәтінде әйелдің қалай құлағаны, не сезінгені, бұған дейінгі денсаулық жағдайы туралы мәлімет жоқ. Сондықтан бұл жазба шындыққа жанасуы да, ойдан шығарылуы да мүмкін”. (Ықшамдалып алынды)

Адамның инсультке шалдыққанын анықтаудың 4 жолы бар. Ол үшін науқастан:
1. Жымиюын өтініңіз (инсульт алған адам жымия алмайды)
2. Кез келген жай сөйлемді айтуын өтіңіз (мысалы: “Бүгін ауа-райы тамаша”)
3. Қолдарын жоғары көтеруін өтініңіз (инсульт алған адам қолдарын толықтай көтере алмайды)
4. Тілін шығаруын өтініңіз (егер тілі бұрмаланып қалса, бұл да – инсульттің белгісі).
(Мәтін орыс тілінен аударылды)

Үзінді @ortopediya_astana Instagram-парақшасынан алынды.

Үкім: Шындық

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметінше (18-бетте), бет-әлпеттің бозаруы, көп жағдайда дененің бір жағында қол немесе аяқтың әлсіреуі – инсульттің кең тараған белгілері. Бұдан бөлек төмендегідей де белгілері болады:

  • беттің жансыздануы, қол-аяқтың әлсіреуі;
  • тілдің байланып, сананың шатасуы;
  • сөйлеудің және сөзді түсінудің қиындауы;
  • бір көздің, кейде екі көздің де көруінің нашарлауы;
  • координация және тепе-теңдіктің жоғалуы;
  • адамның естен тануы, не болмаса, ессіз күйде қалуы;

ҚР Президенті Іс басқармасы медициналық oрталығының ауруханасының мәліметінше де ақпарат расталды.

Инсульт туралы тараған жазба шындыққа жанаса ма?

Бір кардиологтың айтуынша, бұл жазбаны кем дегенде он адамға жіберсеңіз, біреуді, тіпті, өзіңізді ажалдан аман алып қалуыңыз мүмкін. Күнделікті таратып жүрген қаншама “қоқыстан” гөрі шынымен пайдалы әрі керек ақпаратты насихаттағанымыз жөн болар. (Мәтін орыс тілінен аударылды)

Үзінді @ortopediya_astana Instagram-парақшасынан алынды.

Үкім: Зомби-фейк және манипуляция

Бұл абзац ақпарат беруден гөрі PR жасау ниетінің басымдылығын дәлелдейді. Соңғы он жылда осы мәтін Сvetkoff.by, Inpearls.ru, Pikabu.ru, Reactor.inform.kz, Forums.drom.ru сияқты түрлі сайтта жарияланған. 

Сонымен қатар, жазбаны тексеру барысында “кардиолог маман инсультті анықтай ала ма?” деген сұрақ туды. Невропалог-дәрігер Маржан Шаймерденовнаның айтуынша, инсульт жүрек-қан тамыр аурулары категориясына жататындықтан, әрі қан қысымымен тікелей байланысынан оны кардиолог маман анықтап, диагноз қоя алады. Бірақ ақпарат көзі ретінде берілген кардиологтың аты-жөні болмағандықтан бұл текст спам ретінде қабылданады.

Айта кетейік,

ДДСҰ-ның 2018 жылғы мәліметінше, 2016 жылы әлемде 56,9 миллион өлім-жітімнің 54%-ы 10 түрлі себептен болған. Бұл себептер тізімінде жүректің ишемиялық ауруы мен инсульт көш бастап тұр. Яғни 15,2 миллион адам осы екі аурудың салдарынан көз жұмған. Сондықтан инсульттің алдын алу үшін ДДСҰ тамақтану режимін дұрыстауға, темекіден бас тартуға, салауатты өмір салтын ұстанып, үнемі қан қысымын бақылап жүруге кеңес береді.

Factcheck.kz