Halyk Bank-тың атын жамылған алаяқтар

Әлеуметтік желіде Halyk Bank пен әріптестеріміздің атын жамылып, инстаграмда конкурс ұйымдастырушылар тағы да пайда болды. Біз бұған дейін Olx, Kaspi.kz және 42500 теңгеге байланысты желі қолданушыларын алдап, түрлі әрекет жасаған алаяқтар туралы жазғанбыз. Бұл жолы Halyk Bank-тың атын жамылған алаяқтар, тележүргізуші Ерқанат Көпжасардың эфирдегі видеосынан үзінді пайдаланып, халықты жалған конкурсқа қатысуға шақырған.

Halyk Bank-тың атын жамылған алаяқтар
Ұтыс ойынын ұйымдастырып жатқан екі аккаунт

Үкім: Фейк

Біріншіден, қандай да бір конкурс немесе басқа да ұтыстар жарияланса, оған қатысты ақпарат компанияның ресми парақшаларында, сайтында жарияланады. Тіпті күмәндансаңыз, колл-орталыққа хабарласыңыз. Ал Halyk Bank аталмыш конкурс туралы хабар таратпады. Демек, өтірік.

Екіншіден, біз журналист Ерқанат Көпжасардан бұл конкурста көрсетілген видео үзіндісі туралы сұраған едік. Оның айтуынша, 100-200 мың оқырманы бар желі қолданушылары бұған дейін эфирде көрсетілген сюжеттердің өздеріне қолайлы тұсын қиып алып, халық арасында жалған конкурс ойнатады. Көпжасардың сөзінше, олардың мақсаты — ауадан ақша табу.

Олар 5-10 тиынға болса да елді алдайды. 200 мың оқырманнан 1000 адам 1000 теңгемен конкурсқа қатысса 1 млн теңге табыс көреді. Бұл елдегі эпидемияны, қиын кезеңді пайдаланып, адамдардың моральдық азғындығын және ұятсыздығын көрсетеді. Бұлар Kaspi bank, Forte bank деп те ойнатады. Өз басым мұндай адамдарға таңғаламын.

Ерқанат Көпжасар, журналист

Қорытынды

  • Halyk bank ресми сайты мен әлеуметтік желідегі парақшаларында мұндай конкурс туралы хабарламады.
  • Соңғы уақытта “Спонсорларға” жазылсаң қатырам деп ұтыс ойнатытындар көбейіп барады. Бұлардың басты айласы – шарттардың жеңілдігі: “біреуге жазылсаң болды, қарқ қыламын, ақша мен басқа да сыйлықтар аласың.” Шынында, олай емес.
  • Конкурс ұйымдастырып жатқан аккаунтқа сыни қарауды да ұмытпаңыз.
  • Кез-келген компания ұтыс ойнатса, ол туралы ресми сайтында немесе парақшаларында хабарлайды. Тіпті күмәндансаңыз, колл-орталықтарға хабарласыңыз.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz