Грузияда төрт телеарна 24 сағатқа жұмысын тоқтатты

Грузияда оппозициялық төрт телеарна 14 шілдеде журналистерге қатысты зорлық-зомбылыққа наразы екенін білдіріп, 24 сағатқа хабар таратуын тоқтатты. Бұл туралы Deutsche Welle сайты хабарлады.

Оппозициялық арналардың мұндай шешім қабылдауына «ТВ Пирвели» телеарнасының операторы Александр Лашкараваның Тбилисидегі гей парадқа қарсы наразылық акциясында соққыға жығылып, кейін қайтыс болуы себеп болды.

«ТВ Пирвели», «Мтавари архи», «Формула» және «Кавкасиа» телеарнасының басшылары билік органдарынан зорлық-зомбылық жасаған адамның барлығын жазалауды талап етіп отыр.

5 шілдеде Александр Лашкараваны ЛГБТ қауымдастығының қарсыластары соққыға жыққан. Ол ауыр жарақат алып, ауруханаға түскен. Кейін үш күннен соң шығарылды. Ал 11 шілдеде пәтерінде өлі күйінде табылды.

Бұл жағдайдан соң Грузияда ел үкіметінің отставкасын талап етіп, жаппай наразылыққа шыққандар көбейді.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz