Фейк | Мектеп оқушыларына «есірткі-конфет» таратып жатыр

WhatsApp мессенжерінде «балаларға мектеп, дүкен, көшелерде белгісіз біреулер есірткі қосылған конфет таратып жатыр <…> оның әсерінен балалар уланып, ауруханаға түсіп, қайтыс болып жатыр» делінген аудиохабарлама тарады.

Factcheck.kz ақпараттың қаншалықты рас екенін тексерді.

Фейк | Мектеп оқушыларына «есірткі-конфет» таратып жатыр
Желіде тараған хабарлама

Мәлімдеме: Әсем, сәлем, қалың қалай? Мына конфеттерді балаларыңа көрсет, қазір бүкіл балаға осы конфеттер тегін таратып жатыр. Танымайтын адамнан, мектеп маңайында, жолда, дүкен жақта, [конфетті — ред.] ешкімнен алмасын. Оларға есірткі қосқан, балалар уланып ауруханаға түсіп, қайтыс болып жатқандар бар дейді, Көкшетауда қайтыс болды, Қостанайдағылар қайтыс болған. Соның бәрі осы конфеттен, балаларыңа көрсет, көрсін [конфеттің түрін — ред.], алмасын.

WhatsApp желісінде тараған ақпарат

Үкім: Фейк

Ішкі істер мининстрлігінің баспасөз қызметі Factcheck.kz редакциясына бұл ақпараттың тексерілгенін және оның фейк екенін хабарлады. Сонымен қатар, ІІМ жалған ақпарат таратқан азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

Аудиохабарлама Қостанай облысында қайтыс болған алты жасар екі ағайынды баланың өлімінен кейін тараған болуы мүмкін. Сол кезде мессенжерлерде пайда болған ақпаратқа сай, “анасы мен ұлдары дүкенге барған; балалар сыртта қалған; анасы дүкеннен шыққанда бейтаныс біреу оларға кәмпит бергенін білген; болжам бойынша, балалар кәмпитті жеп, оның құрамына қосылған есірткіден уланып қайтыс болған“.

Дегенмен, ІІМ Қостанай облысының Полиция департаментіне сілтеп, бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын айтып, аудиохабарламадағы фейк ақпаратқа сенбеуге шақырды.

Контекст

  • Бұған дейін желіде “белгісіз біреулер мектептердің айналасына уланған кәмпиттер мен печеньелер шашып жүр” деген ақпарат тарады. Stopfake.kz мәліметтің ойдан шығарылғанын жазып, уланған тәттілер туралы хабарлама — биылғы қазанның басында шыққан ресейлік фейк екенін мәлімдеді. Аудиохабарламада “қауіпті кәмпиттер Новошахтинск мектептерінің жанынан табылғандығы” айтылған. Ал Новошахтинск әкімшілігінің хабарлауынша, бұл – жалған ақпарат.
  • 2018 жылы да WhatsApp мессенжерінде “құрамында есірткі бар конфет” пен “көк сағыз” туралы фейк тарады. Полиция мұндай “конфеттердің” барын терістеді.
  • Жалпы, осыған ұқсас мәлімдемелер 2007 жылы ағылшын тілінде пайда болып, жыл сайын түрлі елдерде шығып отырған. Фейк туралы толығырақ біздің материалдан оқи аласыздар.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz