Фейк | Елена Зеленская соғыс кезінде жағажайда демалып жүр

Facebook желісінде құмды жағалауда демалып жатқан әйелдің суреті тарады. Адамдар фотода Ресеймен соғыс кезінде Израильде демалып жатқан Украинаның бірінші ханымы Елена Зеленская деп топшылады. Agence France-Presse фактчекерлері суреттегі кім екенін анықтады.

2022 жылғы 21 қазанда әлеуметтік желіде жағажайда жатқан әйел суреті мен Елена Зеленскаяның фотосының коллажы жарияланды. Тай тіліндегі жазбада: «Зеленскийдің әйелі қазір Израильде жүр, бұл Украинаның бірінші ханымының 19.10.2022 жылы Израильдегі демалысы кезінде түсірілген суреті» делінген.

Фейк | Елена Зеленская соғыс кезінде жағажайда демалып жүр

Автордың айтуынша, сурет “ресейлік журналистер арасында тарап кеткен”.

Коллаж дәл осындай мәтінмен бірнеше жерде жарияланды (мұнда, мұнда және мұнда).

Бұған дейін Agence France-Presse Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен соғысып жатқан тұста Украинадан кетпесе де, оның әйелі Киевтің одақтастарын қару-жарақпен көмектесуге шақыру үшін әртүрлі елге барғанын хабарлаған.

Алайда фотода Елена Зеленская емес.

Яндекс-тің суретті кері іздеу жүйесі және кілт сөздер арқылы іздеу нәтижесі фотоның 2016 жылы ресейлік тележүргізуші, кәсіпкер Лена Ленина туралы мақалаларда жарияланғанын көрсетті.

2016 жылғы маусымда ресейлік РЕН ТВ телекомпаниясы бізді қызықтырған суретке ұқсас Ленинаның жағажайдағы фотосын жариялады. РЕН ТВ арнасының хабарлауынша, Ленинаның үйінде жөндеу жұмысы кезінде құрылысшылар оның ұялы телефонынан суретті алып, таратқан-мыс.

Төменде жалған посттағы сурет (сол жақта) және ресейлік медиадағы Ленинаның фотосы (оң жақта).

Фейк | Елена Зеленская соғыс кезінде жағажайда демалып жүр

24 қазанда Ленина Instagram желісінде жағажайдағы әйел өзі екенін растады. Ал көпшілік арасында жалған мәлімдеменің тарауын “журналистердің қатесі” деп атады.

Factcheck.kz