Фейк | Балалар күніне орай бір реттік жәрдемақы беріледі

Кейінгі күндері әлеуметтік желілерде, әсіресе WhatsApp-та “балалар күніне орай бір реттік жәрдемақы беріледі” деген ақпарат шарлап жүр. Осыған орай каспий банкте “арнайы шот” аштыру керек екені айтылып, тіпті You Tube-та видеолары да тарай бастады. Factcheck.kz сайты ақпараттың рас-өтірігін тексеріп көрді.

Балалар күніне орай 18 жасқа дейінгі әрбір балаға бір реттік жәрдемақы берілетін болды.

Таралма ақпарат

Үкім: Фейк

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, әлеуметтік желілерде таралып жатқан бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Себебі қазіргі таңда министрлік қандай да бір жәрдемақы төлеуді қарастырып жатқан жоқ.

Ал аудиода айтылғандай “көпбалалы отбасыларға 192 мың теңге беріледі” деген ақпарат жалпы Қазақстандағы көпбалалы отбасыларға берілетін бір реттік жәрдемақымен байланысты болуы мүмкін. Қазіргі уақытта, елімізде бірінші, екінші және үшінші бала туғанда берілетін жәрдемақының мөлшері – 116 394 (38 АЕК) болса, төртінші баладан кейін – 192 969 (63 АЕК) тағайындалған.

Бұл бірінші рет таралып отырған ақпарат емес, әр мереке сайын осыған ұқсас бас-аяғы түсініксіз фейктер жиі жарияланады. Сондықтан мереке қарсаңында не басқа уақытта қандай да бір ақпарат не “ұтып алу”, “бір реттік төлем” немесе “сауалнама” сияқты тіркестері бар мәтін көрсеңіздер міндетті түрде тексеріңіздер. Сонымен қатар, әлеуметтік желілердегі, әсіресе WhatsApp-ғы кез келген таралма/аудио/видеоға сенбеуге шақырамыз!

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz