Фейк | Әйелдер 2023 жылдан бастап 58 жаста зейнетке шығады

Әлеуметтік желіде әйелдердің зейнет жасына қатысты күмәнді ақпарат тарай бастады. Желіде тараған жазбаға сәйкес, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдер 58 жаста зейнетке шыға алады.

Фейк | Әйелдер 2023 жылдан бастап 58 жаста зейнетке шығады
WhatsApp-та тараған хабарламаның скриншоты.

Factcheck.kz оқырмандарының сұрауы бойынша ақпараттың қаншалықты рас екенін тексерді.

Үкім: Фейк

13 маусымда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі желіде тараған ақпаратты жоққа шығарды. “Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде таратылып жатқан ҚР Президентінің Жарлығымен 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап әйелдердің зейнетке шығу жасы 58 жасқа дейін төмендетілетіні туралы ақпарат шындыққа жанаспайды” – деді министрліктің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, министрлік қолданыстағы заңнамаға сәйкес азаматтардың зейнетке ерте шығу құқығы бар екенін ескертті. Ол үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) 55 жасқа толған ерлер мен 52,5 жасқа келген әйелдердің зейнетақы жинағы жеткілікті болса зейнетақы аннуитетін ресімдей алады. Яғни, зейнет жасына жеткенге дейін зейнетақы төлемдерін алу құқығы бар.

2021 жылдан бастап БЖЗҚ салымшыларының кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті шартын жасау мүмкіндігі бар. Нақтырақ айтқанда әйелдер — 42,5 жаста, ал ерлер — 45 жаста.

Контекст

  • Жақында сенатор Дана Нұржігіт әйелдердің зейнетке шығу жасын 58 жасқа дейін төмендетуді ұсынған. Осыдан кейін желі қолданушылары ақпаратты бұрмалап, дұрыс түсінбеген болуы мүмкін.
  • Бір ай бұрын дәл осындай мазмұнмен әйелдердің зейнетке шығу жасы төмендегені жайлы фейк ақпарат тараған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz