“Фарез” (pfizer) вакцинасын балаларға капля түрінде салуда” – кезекті фейк

Comirnaty (Pfizer-BioNTech) вакцинасы Қазақстанға келгелі WhatsApp чаттарда “мектептің асханаларында Pfizer вакцинасының капля түрін тамаққа қосып беріп жатыр” деген аудио тарап кетті. Кезекті хабарламаны талдап көрейік.

Саламатсыздар ма, қалайсыздар? Сізерге айтайын дегенім менің подружкам бар, атын айтпай-ақ қояйын, ол дейтін облосной туб.больницада мына бүкіл бәрін көріп шыққан адам, врач. Маған алдында осыдан 3 күні бұрын келіп-кетіп, соның бәрін айтты. Тыңдаңыздар, дұрыстап тұрып. “Фарез” деген бағанағы вакцина салады ғой, соны салдырмас үшін бүкіл ата-ана барлық жерде митиң болып жатыр ғой, минздравқа бәріне жазып жатыр. Соның бәрі жаңағы митиң болмас үшін, кім қандай ата-ана балдарына салдыртады, ол ұрпақсыз қалады, не үшін өмір сүріп жатырмыз, балдарымыз ұрпақсыз болмаса. Сосын жаңағы маған айтқаны “фарез” деген нәрсені, ол деген через плечо салынатын нәрсені салдыртпайды, ата-аналар қарсы болған соң қазір не ітеп жатыр, жаңағы водушный капля бар ғо соны школда, садикте енді каплямен жасап жатыр, маған айтпай-ақ қойшы деді, бірақ “предупреди своим родственникам” деді. Сосын столовойда тамақ бесплатно беріледі, сосын жейтін бәр бар ғой соның бәрінде бүкіл капля бар, “фарез” деген нәрсе бар. “Фарез” деген – бағанағы вакцинаның капля түрі. [Автордың стилі сақталған – ред.]

WhatsApp таралма

Үкім: Фейк

Comirnaty (Pfizer-BioNTech) вакцинасының балаларға қауіпсіз екені туралы туралы зерттеулерде ДДСҰ-дан бастап түрлі халықаралық ұйымдар жазды. Әлі күнге дейін зерттеулер шығып жатыр, соның өзінде әлеуметтік желілерде фейк ақпарат толастар емес.

Бұдан бөлек хабарламада назар аударуға тұрарлық бірнеше жағдай бар. Біріншіден, “менің подружкам айтты” деген тіркес арқылы сенімсіз әрі аты-жөні белгісіз адамды пайдаланғаннан-ақ ақпараттың фейк екенін білуге болады. Екіншіден, Pfizer вакцинасының атын да дұрыс айтпайды, “фарез” деп мысалға келтіреді. Үшіншіден, “тыңдаңыздар, дұрыстап тұрып” деген тіркестерді қолданады. Әдетте бұндай тіркестер фейк не манипуляциялық ақпараттарда көп қолданылады.

Сонымен қатар, бедеулікке қатысты да ақпарат айтады, оны біз тексеріп көрген болатынбыз.

Бұл осы типтегі алғашқы ақпарат емес. Осыған дейін де, әсіресе Pfizer вакцинасын балаларға сала бастағалы WhatsApp-та түрлі фейк ақпарат тарады.

Редакциядан: “дәрігер танысым”, “медсестра көршім”, “дәрігер подружкам”, “министрлікте істейтін көкем” және т.б. осы сияқты тіркестер манипуляцияның, адам эмоциясына әсер етудің негізгі қаруларының бірі. Адамға сенімділікті ұялату үшін қолданылатын тіркестер фейк ақпараттың таралуын үдетеді. Сондықтан да дереккөзі белгісіз ақпаратқа сенбеуге және мұндайларды әлеуметтік желіде таратпауға әрі тек ресми ақпаратқа сенуге шақырамыз!

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz