Фактчектегі әйел бейнесі: эмансипация және қатенің өтеуі

Алғашқы фактчекерлердің интернетсіз қалай жұмыс істегені, гендерлік дискриминация және 100 жылда фактчекинг мақсаттарының қалай өзгергені туралы.

Фактчекинг “әйелдердің үлесі” ме?

TIME мұрағатында бір кездері басылымда жұмыс істеген Эруард Кеннедидің памфлеті сақтаулы. Кеннеди әзіл өлеңдерімен де танымал.

If substance fails, if fact eludes,

Out of the air he picks it—

If obviously foolish, why

The girls will probably fix it.

Аудармасы: “Егер материалы болмай жатса, ол оны саусақ сорып отырып та таба алады. Көңілге қонбаса да, қыздар мұның жолын табады”.

Бұл арада Кеннеди “қыздар” деп фактчекерлерді айтып отыр, университетті жаңа бітірген қыздар мамандық бойынша жұмыс істеуге кіріспес бұрын материал тексерумен айналысқан екен. Мақалалардың авторы журналист ер адамдар болса, оны тексеріп, дайындаумен түгелдей әйел адамдар айналысқан. Мұндай жағдай басқа редакцияларда да болған. 1973 жылы Newsweek қызметкерлері “Тең еңбек мүмкіндігі жөніндегі федералдық комиссиямен” бірлесе отырып ресми шағым түсіріп, содан кейін ғана бұл мамандықта баршаға теңдей мүмкіндік берілген.

Фактчектегі әйел бейнесі: эмансипация және қатенің өтеуі

“Қыздардың” жұмысы екі есе ауыр болған: олар алдымен бэкграундты меңгеріп, қызықты детальдар мен ақпараттар тапса, артынан дайын мақалаларды тексерумен шұғылданған. “Қыздар” жұмыста ер адамдардан гөрі көбірек уақытын өткізетін, кейде түнгі 3-4-ке дейін жұмыста отыруға тура келетін, ал уақыттарының біразы Нью-Йорк көпшілік кітапханасының анықтама бюросында өтетін. Ақпаратты тексеру, әсіресе, төтенше жағдайлар кезінде қиынға соғатын. Мәселен, 1939 жылдың 1 қыркүйегінде Германия Польшаға басып кіргенде бұл күн тура жұмаға тұспа-тұс келеді, ал “қыздар” жаңа нөмір шығатын дүйсенбіге дейін жиырма бетке жуық мәтінді тексеруге тиіс болған. TIME апта сайын жіберілген қателердің тізімін жасайды екен, бұл онсыз да ер адамдардан аз айлық алатын әйелдердің табысының одан бетер азаюына алып келген.  

Интернетке дейінгі фактчекинг

11-авеню бойындағы Нью-Йорктің көпшілікке арналған кітапханасын TIME редакциясы өз ішінде “Өлім көшесі” деп атайтын. Фактчекерлер ол жерге бума-бума қағаз көтеріп баратын, атап айтқанда, белгілі тұлғалардың есімі жазылған анықтамалық, “Әлемдік альманах”, сөздік, сөздердің мағынасын білдіретін сөздік, Інжіл және газет қиындыларын көтеріп баратын. Кейбір кітаптарды Таймның негізін қалаушы Хэдден өзі беретін.

Басылымның арнайы фактчек белгілері де болатын – сөздердің үстіне түрлі түспен нүкте қойылатын: анықтамалықтар секілді беделді дереккөздер арқылы тексерілген сөздерге қызыл нүкте қойылса, газет арқылы тексерілген сөздерге – қара нүкте, ал тексеру мүмкін болмаған немесе жауапкершілікті автор өз мойнына алған жазбалардың үстіне жасыл нүкте қойылатын. Егер қызыл түс көп болып кетсе, автор мәтінді қайта жазуға тиіс болатын. Мақаланың барлық нұсқасымен қатар оны тексеру үшін пайдаланылған материал да 13 апта көлемінде жеке папкада сақталатын.

Бастапқыда редакцияларда фактчекер қызметі болмаған, журналистер мен редакторлар материалдардың қатесін өздері тексеруі тиіс болған. 1890 жылдардағы “сары” журналистиканың өркендеуі және ХХ ғасырдың басында зерттеу журналистикасының басталуы америкалықтардың фактіге назар аударуына алып келді. Журналистикадан бизнестің мүмкіндіктерін байқағаннан кейін кәсіби ұйымдар құрылып, этика талаптары ретке келтірілді.

Объективті журналистиканың ең негізгі принциптері – мұқият және бейтарап болуға баса назар аударыла бастады.

Әділ ойынның басталуы

1913 жылы Нью-Йоркте Жозеф Пулитцердің ұлы Ральф Пулитцер негізін қалаған “”Әдептілік және әділ ойын бюросы” (“Bureau of Accuracy and Fair Play”) америкалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы тексеру ісіндегі алғашқы бетбұрыстың бірі болды. Дегенмен, бюро қатенің қайталануының алдын алуды көздеген жоқ, оның мақсаты – қатені көрсету және редакцияның кешірім сұраған жазба жариялауына қол жеткізу болды.

Басылым бетінде шыққан материалдарды тексеруді алғашқылардың қатарында 1932 жылы алғашқы нөмірі жарық көрген TIME журналы бастады. Басылымның негізін қалаған Генри Люс пен Бриттон Хедден  мақаланы жазған уақытта зерттеу жағына көбірек назар аударуға баса мән беретін.

Журналдың алғашқы фактчекері редакцияға алғашқы жылы-ақ жұмыс істеуге келген Нэнси Форд болды. Форд бірден фактчекер болып кеткен жоқ, бастапқыда ол журналистер мен жазушыларға материал жинап берумен айналысатын, зерттеуші деген қызметті атқаратын. Біраз уақыттан кейін оған дайын мақалаларды тексеруді сеніп тапсырып, басқа зерттеушілер арасынан көмекші де тағайындаған.

“Фактчекер” деген сөздің өзін алғаш қолданған жазбаны Таймның Colliers журналындағы жарнамасынан табуға болады, онда зерттеушілер мен фактчекерлер саны 10-нан 22 адамға артқаны айтылған.

Фактчектегі әйел бейнесі: эмансипация және қатенің өтеуі

Біртіндеп басқа басылымдар да фактчекке назар аудара бастады. The NewYorker тек үш жылдан кейін ғана фактчекке бет бұрды. 1927 жылы басылым ақын Эдна Сент-Винсент Миллейдің өмірбаянын жариялайды. Онда тексерілмеген деректердің көп болғаны соншалық, ақынның анасы редакцияға хабарласып, қатені түзеуді талап етеді. Әйтпесе сотқа беретінін айтады. The NewYorker басылымының негізін қалаушы Гарольд Росс қызметкерлеріне: “Біз басқалардың жазбасын сынап-мінейміз, журналдың ерекшелігін ескерсек, The NewYorker бетінде басқалармен салыстырғанда қате аз болуы керек”, – деп ескерту жасады. 1970 жылдардың ортасында штатта 7 фактчекер істесе, 2003 жылы олардың саны 16-ға жеткен.

Newsweek фактчекке 1993 жылы бет бұрды. Ал 1996 жылы бұл бөлімді таратып жіберді. Жаңалықтар тарататын тағы бір алып – 1947 жылы құрылған Der Spiegel алғашқы кезден-ақ материалдарды тексерумен айналысып, 50-жылдары концепциясын дамытқан. Редакцияда фактчек болуы керек деген бастаманы Der Spiegel негізін қалаушылар Джон Сеймур Чалонер мен Рудольф Аугштайн көтерген. Олар ақпаратты екі жақтан тексеруге айрықша мән берген әрі оны тек қана автордың құзырына беріп қоймаған.

Бастапқыда фактчекер-зерттеушілер әр қатені түзетумен айналысса, уақыт өте келе олардың міндеттері өзгере бастаған. Оған ықпал еткендердің қатарында TIME журналындағы зерттеу бөлімін 40-жылдардың басында басқарған Патрисия Драйвер де бар. Патрисияның қарамағында істеген қызметкерлердің бірі Контент Пекэмнің айтуынша, “ол жеке фактілер туралы емес, сол фактілердің жинақтала келе оқиғаға қалай әсер ететініне назар аударған алғашқы адам болды”.

Басқаның қатесінен сабақ алу

ХХ ғасырдың екінші жартысында фактчек саясаткерлердің сөзін тексеру бағытына қарай ойысты, бүгін де осы жағынан танымал.

Фейк | 30 мамыр – Халықаралық феминизм күні

Reuters Institute for the Study of Journalism аға зерттеушісі және Deciding What’s True кітабының авторы Лукас Грейвстің айтуынша, “бұрын фактчекингпен қате жіберудің алдын алу және ұятқа қалдыратын қателерді жою үшін айналысса, жаңа, яғни саяси фактчек басқалардың жіберген қатесін мұқият талдап-таразылаумен айналысады. Саяси фактчекинг 80-жылдардан бастау алады, біртіндеп бұл жанр жүйеленіп, бір қалыпқа келді, соңғы он жылда ол анық байқалады. Журналистер 1988 жылғы президент сайлауы кезінде сайлауалды мәлімдемелерге қатысты біраз жайттан бейхабар екенін сезінді”. Ал Ирактағы соғыстан кейін саяси фактчектің маңызы тіптен арта түсті.

Интернет пайда болғаннан кейін журналистикаға мүлдем қатысы жоқ адамдар да фактчекпен айналыса бастады. Бастапқыда қаладағы аңызға бергісіз әңгімелердің түп-төркініне назар аударған Snopes солай дүниеге келді. Немесе қарапайым азаматтарға ашық мемлекеттік құжаттар мен полицияның жазбаларымен, басқа да материалдармен танысуға мүмкіндік берген Smoking Gun ресурсын айтуға болады.

* Шолу кезінде келесі материалдар пайдаланылды: “Here’s How the First Fact-Checkers Were Able to Do Their Jobs Before the Internet“, “Inside the World’s Largest Fact Checking Operation”, сонымен бірге Сара Гэррисон Смиттің “The Fact Checker’s Bible: A Guide to Getting It Right” кітабынан үзінді келтірілді.

Журналист, фактчекер, фотограф. Автор factcheck.kz c 2017 года.

Factcheck.kz