Фактчек | Зімбір, пияз, сарымсақ VS коронавирус

Әлеуметтік желілерде зімбірді пайдалану коронавирус инфекциясын жұқтырудың алдын алады деген ақпарат тарап жатыр. Біз тек зімбір ғана емес, барлық ұсынылған асханалық «антисептиктерді» тексеріп көрдік. Ендеше, кеттік!

Зімбір коронавирустан сақтай ма?

Мәселен, 302 мың жазылушысы бар каналдың мына видеосында (біздің материалдан соң видео жасырылды) зімбір барлық дерлік ауруға (коронавирусқа да) ем делінген.

Үкім: Жалған және манипуляция

ДДСҰ коронавирус туралы түрлі алып-қашпа әңгімелердің рас-өтірігін анықтады, оның ішінде зімбір туралы дерек те бар. Ол вирусқа қарсы көмектеспейді. Ешқандай тағам сізді вирустан қорғай алмайды (!). Ал кейбір адамдарға зімбір тіпті зиян.

Қазіргі уақытта температура көтерілген кезде көрпе жамылу немесе зімбірден сорпа қайнатып ішу коронавирус жұқтырудың алдын алады дегенге ғылыми дәлел жоқ.

ДДСҰ

Шын мәнінде ДДСҰ зімбірді ұзақ сақталатын өнім ретінде карантин уақытында тиімді екендігін атап өткен. ДДСҰ ұсынысында зімбір, пияз бен сарымсақ қымбат емес және сақтау мерзімі ұзақ, сонымен қатар түрлі тағамдарға дәм беру үшін пайдалануға болатын қолжетімді өнім екені айтылған.

Зімбірді кімнің пайдалануына болмайды?

  • Біріншіден, зімбірді көтере алмайтын адамдар, қысқаша айтқанда, аллергиясы барларға пайдалануға кеңес бермейміз.
  • Сонымен қатар, зімбір гастрит, асқазан жарасы, панкреатит, асқазан-ішек жолы аурулары, бауыр және жүрек-қан-тамыр жүйесі ауыратын адамдарға пайдалануға тыйым салынған.
  • Зімбірді жүктіліктің соңғы кезеңінде және бала емізетін аналар да қолдануға болмайды. Бұл ұрыққа немесе балаға кері әсерін тигізуі мүмкін.
  • Зімбірді қан кету кезінде (ол қанның ұйығыштығын төмендетеді) және қан қысымын төмендететін дәрі қабылдау уақытында, сонымен қатар қант диабеті бар адамдарға пайдалануға болмайды.
  • Оған қоса, температура көтерілген кезде де зімбірді пайдаланбаған дұрыс.
  • Осындай ауруы бар адамдар зімбірден бас тартуы керек, тым болмаса дәрігермен кеңескені дұрыс.

Пияз бен сарымсақ ше?

Қазақстанда «пияз вирус пен микробтарды өзіне сіңіріп алады, содан кейін оны ішкі жасушада жинақтап, вакуолиде қорытып, өлтіреді» деген хабарлама кең тарап жатыр. Сонымен қатар, хабарламада тазартылған пиязды ыдысқа салып барлық бөлмеге қою керек делінген. (орысшадан аударылды)

Фактчек | Зімбір, пияз, сарымсақ VS коронавирус
Тараған хабарламаның скриншоты

Ал, сарымсақты, өкінішке қарай, спортшылар да жарнамалап жүр. Мәселен, ресейлік «Ахмат» футбол клубының жартылай қорғаушысы Денис Глушаков былай деген:

Мен қысқы оқу-жаттығу жиынының бәрінде сарымсақ жедім және коронавирус туралы ойланған да жоқпын. Ол бізге жеткенге дейін ол туралы ештеңе білмедім. Жиындарда сарымсақты, көкөністі көп жеймін, ол бізде табиғи, пластмасса емес. Бұл жақта сарымсақ қана таза өнім, басқа көкөністерге күмәнмен қарау керек.

Денис Глушаков

Үкім: Жалған және жаңсақ пікір

Хабарламаның өзі автоматты аудармашы арқылы қытай тілінен аударылған тәрізді. Пияздың мұндай қасиеті жоқ. Глушаковқа келер болсақ, сарымсақтың емдік қасиеті туралы кең тараған және қалыптасқан жаңсақ пікір бар. Есіңізде болсын, мұның бәрі сізді және жақындарыңызды шатастырады және түрлі мифтің тууына әкеледі. Қазіргі уақытта жаңа коронавирусқа қарсы вакцина да, нақты дәрі де жоқ. Ең тиімді сақтану – өзгелермен байланысты қысқарту және қолды (мұрынды емес!) сабынмен мұқият жуу.

Айта кетсек, сарымсақ, зімбір мен сол секілді өнімдердің емдік қасиеті туралы ақпарат орыстілді ақпарат айдынында ғана емес, әлемнің барлық тілінде тарап жатыр, бұл дезинформацияның таралу ауқымы кең екенін көрсетеді. ДДСҰ-на сарымсақ туралы мифті ресми түрде жоққа шығаруға тура келді! (Сонымен қатар, емдеу тұрғысынан алкоголь, фенхель мен С витаминінің де пайдасы жоқ – ол туралы жаздық.)

Жоғарыда айтылғандардың бәрі пияз, сарымсақ пен зімбірдің пайдасыз өнім екенін көрсетпейді, бірақ бар бәледен құтқаратын панацея жасауға да болмайтынын ескертеді. Ауырып қалсаңыз – дәрігерге қаралыңыз. Асхана вирусқа қарсы құрал ретінде медицинамен салыстырғанда дәрменсіз.

Біздің телеграм каналымызға жазылыңыз.
Жалған ақпаратты бірге тексерейік.

Дата-журналист, медиа-тренер. Изучаю журналистику и государственную политику. Целью в профессиональной деятельности является развитие казахстанского общества посредством борьбы против распространения ложной информации в период инфодемии и не только.

Factcheck.kz