Фактчек | Жыл сайын суицидтен 3-4 мың адам өледі – Е.Смайлов

5 қазанда Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Смайлов еліміздегі басты проблемалардың бірі – суицид мәселесін көтерді. Жыл сайынғы суицид саны мен халықаралық рейтиң жайлы статистикалық деректер келтірді. Депутаттың мәлімдеуінше, Қазақстан әлі күнге дейін суицид саны бойынша әлемнің жиырма еліне кіреді. Осы және өзге де аталған мәлімдемелерді Factcheck.kz тексеріп көрді.

Тайм-код: 51:00

Қазақстан жыл сайын суицидтен 3 мыңнан 4 мың арасында адам жоғалтады.

Ерлан Смайлов, депутат

Үкім: Шындық

Qamqor.gov.kz дерегінше, расымен де Қазақстанда жыл сайын суицидтен 3-4 мың арасында адамдар қайтыс болады. Кейінгі он жылдықты алғанда ең төмен көрсеткіш (2957 адам) 2014 жылы тіркелген.

Еліміз әлі күнге дейін суицид саны бойынша әлемнің 20 еліне кіреді.

Ерлан Смайлов, депутат

Үкім: Техникалық қате

Суицидке байланысты нақты бір халықаралық рейтиң жүргізіледі деу қиын. Statista.com – ның мәліметінше, Қазақстан 1000 адамға шаққандағы суицид саны бойынша әлемнің 20 еліне кіреді (ең кейінгі дерек 2019 жылы шыққан). Ерлан Смайлов дәл осы дерекке сілтесе керек.

Statistic: Leading 20 countries based on suicide mortality rate in 2019 (per 100 000 population) | Statista
Find more statistics at Statista

Біз халықаралық рейтиң туралы бұдан бұрынырақ та жазғанбыз. Жоғарыда атап өткеніміздей, суицидке қатысты әлем елдерінің рейтиңі жүргізілмейді, себебін түсіндіріп көрейік:

  • Біріншіден, ДДСҰ-ға өлім түрлері мен себептері бойынша толық статистикалық деректі барлық елдер ұсынбайды, яғни бұл туралы деректерді жинау қиын. Ал кейбір Қытай, Үндістан немесе Солтүстік Корея сияқты елдерде суицид және өзіне-өзі қол жұмсауға талпыну әрекеті заңмен қатал жазаланады, сондықтан нақты әрі толық статистика туралы сөз қозғау бос әурешілік;
  • Екіншіден, суицид туралы кейбір елдерде тыйым салынған немесе көп айтылмайды, тіпті өлімнің басқа санатына кіріп кетуі мүмкін. Мысалы, абайсызда өлім, кісі өлтіру немесе белгісіз жағдайда қайтыс болу деген сияқты;
  • Үшіншіден, нақты статистиканы шығару үшін дәрігерлер мен құқық қорғау органдарының үйлесімді жұмысы қажет, одан кейін барып халықаралық ұйымдарға жыл сайынғы есеп ұсынып отыру керек.

Қазақстанда суицид туралы статистиканы келтіргенде біз тек нақты тіркелген жағдайлар туралы айтамыз. Дегенмен шынайы статистика басқаша болуы мүмкін.

2012-2021 жылдар аралығындағы статистикасы бойынша, Қазақстан суицид себебінен күн сайын 8-11 адамды жоғалтады, ал өз-өзін өлтіруге талпынғандар саны одан көп, күн сайын 9-16 адамға дейін жетеді.

Ерлан Смайлов, депутат

Үкім: Шындық

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегінше, кейінгі 10 жылда жалпы саны 35 397 адам суицидтен қайтыс болған, яғни расымен де күніне 8-11 адам өлген. Ал өзін-өзі өлтіруге талпынғандар санs 46 301-ге жетіп, күніне 9-16 адамға дейін өскен.

10 жылдың статистикасы бойынша, бес суицидтің төртеуі еркек, біреуі әйелге қатысты болды.

Ерлан Смайлов, депутат

Үкім: Шындық

Qamqor.gov.kz мәліметіне сай, кейінгі он жылдықта жалпы саны 35 397 суицид тіркелсе, оның 28 076-ы еркек, 7039-ы әйел тарапынан жасалған. Расымен де суицид жасаған бес адамның төртеуі еркек, біреуі әйел.

Кейінгі 3 жылда өз-өзіне қол жұмсауға талпынған еркектердің жалпы саны 65%-ке дейін өсті.

Ерлан Смайлов, депутат

Үкім: Шындық бірақ…

Qamqor.gov.kz дерегінше, кейінгі 3 жылда өзін-өзі өлтіруге талпынған еркектер саны 65%-ке дейін өскен, алайда соған сай суицидке талпынғандар саны да аз. Мысалы 2015-2016 жылдары проценттік көрсеткіш аз болғанымен, өзін өлтіруге талпынғандар саны көп, мұны да ескере кету керек.

Кейінгі 10 жылдықта суицид жасаған еркек саны 2472-ден (2012) 3045-ке (2021) дейін өсті. Осы уақытта өз-өзіне қол жұмсауға талпынғандар саны 1683-тен (2012) 2971-ге (2021) дейін өсті.

Ерлан Смайлов, депутат

Үкім: Шындық

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметі бойынша, депутаттың келтірген деректері ресми статистикамен дәлме-дәл сәйкес келеді, алайда бұл осы 10 жылдықта тек өсіп отыр дегенді білдірмейді. Сондай-ақ осы онжылдықта еркектер арасында суицид саны 18,81%-ке өссе, еліміздегі жалпы еркек саны 12,21%-ке өскен.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz