Фактчек | Жасөспірімдер арасындағы суицид азаймай тұр

27 қаңтарда мәжіліс депутаттары, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері Ерлан Саиров, Жұлдыз Сүлейменова және Елнұр Бейсенбаев Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған болатын. Сауалдың негізгі мазмұнында жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу жолдары мен себептерін айта келіп, статистиканы алға тартады. Тексеріп көрейік.

Елде суицидке баратындар әлі де азаймай тұр. Өткен жылы 3,5 мыңнан аса суицид жасалған. Оның 144-і жасөспірім. Сонымен қатар, 5 мыңға жуық адам өз-өзіне қол жұмсауға талпынған.

«Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері Ерлан Саиров, Жұлдыз Сүлейменова және Елнұр Бейсенбаев

Үкім: Шындық және жартылай шындық

ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің дерегінше, 2020 жылдың 12 айы бойынша елімізде барлығы 3515 мың суицид тіркелген.

Оның ішінде 5-17 жас аралығында 90 жасөспірім бар. Депутат айтқан мәлімдемеден әлдеқайда аз. Сол себепті – жартылай шындық.

Ал өз-өзіне қол жұмсауға, шынымен-ақ, 5 мыңға жуық, нақтырақ айтқанда, 4849 адам талпынған.

Біз осыған дейін карантинде камелетке толмағандар арасындағы суицид туралы жаздық. Сонымен қатар Қазақстанның Орта Азия елдері ішінде суицид бойынша көш бастап тұрғаны тағы бар.

Сулейман Демирел университетінің журналистика мамандығы бойынша оқиды. "Ұлан" газетінің штаттан тыс тілшісі. 2019 жылдан бастап factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz