Фактчек | Жамалов Қазақстандағы мед.сақтандыру мен бедеулік туралы

24 ақпанда Парламент Мәжілісінің кезекті пленарлық отырысы өтті. Жиын барысында «Нұр Отан» партиясының депутаты Аманжан Жамалов өзінің депутаттық сауалында зейнетақы жинақтарын емделуге пайдалану ережелерін сынға алды. Депутаттың айтуынша ТМККК және МӘМС аясында көрсетілетін медициналық қызметтерді зейнетақы жинақтары есебінен көрсетілетін қызметтер тізімінен алып тастау дұрыс. Оның сөзі бойынша Денсаулық сақтау министрлігі ТМККК және МӘМС аясында халыққа көрсетілетін бірқатар тегін қызметтерді елемей келеді, себебі ондағы квота саны мен кезектің ұзақтығы сияқты бірқатар проблема қазақстандықтарды әбден шаршатты. Осыған қоса елімізде әлі миллиондаған азаматтың МӘМС аясында «сақтандырылды» деген мәртебесі жоқ.

Аманжан Жамаловтың депутаттық сауалы

Атап айтқанда, депутат бедеулік мәселесіне баса назар аударады. Ол статистикаға сүйене отырып, елдегі әрбір 6-шы отбасы балалы бола алмайтындығын атап өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2021 жылдан бастап ЭКҰ-ға (экстракорпоральды ұрықтандыру) арналған квоталар саны 7 мыңға дейін көбейтілсе де, бұл жеткіліксіз болуы мүмкін. Себебі қазіргі уақытта кезекте 10 мыңнан астам адам тұр.

Осы орайда Factcheck.kz А. Жамалов мырзаның кейбір мәлімдемелерін тексеріп көруді жөн санады.

Мәлімдеме: Қазіргі кезде елімізде миллиондаған азаматтың МӘМС аясында «сақтандырылды» деген мәртебесі жоқ, сондықтан олар ешқандай медициналық қызметтер ала алмайды.

А. Жамалов

Үкім: Жартылай шындық

2020 жылғы қазанда «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-тың Алматы қаласындағы филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев «3 миллионға жуық қазақстандық МӘМС-те сақтандырылмаған» деп хабарлады. Бұл көрсеткіш сол кезден бері айтарлықтай өзгере қойған жоқ деп болжауға болады. Иә, расымен, сақтандыруы жоқ қазақстандықтарға көптеген медициналық қызметтерге шектеулер бар, алайда олар медициналық қызметтерді ТМККК аясында ала алады. Сондықтан бұл жерде «ешқандай» деп кесу айту орынсыз.

Қор менеджері Ақтолқын Сұлтанованың айтуынша, МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған азаматтар тегін медициналық қызметтердің кепілдендірілген көлемін ала алады, оған мыналар кіреді:

  • жедел жәрдем және санитарлық авиация;
  • бастапқы медициналық-санитарлық көмек (БМСК);
  • шұғыл стационарлық көмек;
  • паллиативті көмек;
  • әлеуметтік маңызы бар және кейбір созылмалы аурулар кезінде көрсетілетін медициналық көмектің толық спектрі.

Мәлімдеме: Статистика бойынша елдегі әр 6-отбасы балалы бола алмайды.

А. Жамалов

Үкім: Манипуляция

Негізі Қазақстанда бедеулікке қатысты ресми тіркелім жоқ. Сондықтан елімізде нақты қанша отбасы бедеу екенін айту мүмкін емес. Ол әр 6-шы отбасы ма әлде жалпы отбасының 15% ба дәл айта алмаймыз. Ресми статистика болмағандықтан, отандық репродуктологтар халықаралық ұйымдардың деректеріне және мамандарға жүгінген отбасылардың санына негізделеді. Олар бойынша Қазақстанда шамамен әр 6-шы отбасы көмекке мұқтаж. Алайда сарапшылар бұл деректерді дәл әрі нақты деп айта алмайды, сондықтан осы салаға қатысты жасалған кез келген мәлімдеме манипулятивті саналады.

Қазақстандық репродуктивті медицина қауымдастығының (ҚРМҚ) деректері бойынша Қазақстандағы бедеу ерлі-зайыптылардың үлесі жалпы отбасылардың 15%-на тең. Бұл туралы жақында Қауымдастық президенті Вячеслав Локшин мәлемдеді. Оның айтуынша жыл сайын медициналық көмекке 20,5 мың жұп жүгінеді. Тек депутаттарға қарағанда Локшин мырза елде бедеулікке қатысты нақты мәліметтер жоқ екенін ескертеді.

Бұл түсінікті жағдай. Себебі статистика жергілікті мамандарға жүгінген азаматтардың санына негізделеді. Ол жерде қандай да бір себептермен көмекке жүгінбеген отбасылар ескермейді. Осыған қоса біз бұл жерде бедеу отбасылардың тек некедегі отбасылардың ішіндегі үлесі туралы айтып отырмыз. Алайда елімізде ресми үйленбеген, бірақ бірге тұратын жұптар да бар екенін ескерген жөн.

Қазақстандағы бедеулік туралы статистикаға неліктен сүйене алмайтынымыз туралы осыдан үш жыл бұрын егжей-тегжейлі жазған едік (мақалаға сілтеме). Содан бері көп нәрсе өзгере қойған жоқ. Сондай-ақ біз бұған дейін депутат Зағипа Балиеваның «Қазақстандағы жастардың 16%-ы бедеу» деген мәлімдемесін тексерген едік (мына жерде). Бедеу отбасылар туралы былтыр қыркүйекте өзінің Қазақстан халқына Жолдауында мемлекет басшысы да айтқан (оның мәлімдемелеріне қатысты тексеру жұмысы мына жерде).

Айта кетейік, 2019 жылы Қазақстанның репродуктологтары Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа бедеу азаматтардың ұлттық тіркелімін құру идеясын ұсынғанын еді. Алайда бұл бастама іске аспай қалған сияқты.

Мәлімдеме: Квоталардың қазіргі саны да (2021 жылы 7 мың) жеткіліксіз. Қазіргі уақытта кезекте 10 мыңнан астам адам тұр. Яғни биыл 3 мыңнан астам отбасы бұл мемлекеттік квотаны ала алмайды. Ал егер МӘМС есебінен тек бір рет ЭКҰ жасатуға болатынын және оның көбіне сәтсіз шығатынын ескерсек, онда бұл жағдай қазақстандықтар үшін тіпті ауыр мәселеге айналды.

А. Жамалов

Үкім: Техникалық қате және манипуляция

Шындығы: Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының деректері бойынша бедеулік есебінде 11 мыңға жуық әйел тұр. Депутат БАҚ таратқан бұрынғы мәліметтерге сүйенген сияқты. Себебі биыл мемлекеттік квотаны 4 мың отбасы ала алмайды.

Манипуляциясы: Рас, МӘМС есебінен ЭКҰ-ны жылына тек бір-ақ рет тегін жасатуға болады. Алайда жағдай бір көргеннен сәл күрделірек, себебі кейбір әйелдер кезекті бір жылдан, тіпті кейде екі жылдан артық күтуге мәжбүр. Бірақ жалпы алғанда, процедураны (шынымен, әрдайым сәтті бола бермейді) бірнеше рет қайталауға болады. Ал депутаттың сөзінен ЭКҰ-ны тек бір рет қана жасауға болады деген пікір қалыптасады, сондықтан да оған «манипуляция» деген үкім шығардық.

МСҚ ақпаратына сәйкес, ЭКҰ тиімділігі 42%, яғни іс жүзінде істелген операциялардың жартысынан көбі сәтсіз болады. Вячеслав Локшиннің айтуынша, ЭКҰ нәтижесінің сәтті болуы ерлі-зайыптылардың жасына, денсаулығына және басқа да себептерге байланысты.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz