Фактчек | Тоқаев: Қазақстан цифрланған 30 елдің қатарында

28 қыркүйекте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Digital Bridge 2022» халықаралық технологиялық форумында Қазақстанның 30 цифрланған елдердің қатарында екенін айтты.

Factcheck.kz президент мәлімдемесінің қаншалықты рас екенін тексерді.

Қазақстан БҰҰ-дағы цифрланған 30 елдің қатарына кіреді.

Қ. Тоқаев (Медиада тараған мәтіннен)

Үкім: Техникалық қате

2022 жылы Біріккен ұлттар ұйымы цифрланған елдер туралы емес, электронды үкімет бойынша рейтиң жариялады. Мұнда Қазақстан 193 елдің арасында 28-орынға тоқтаған. Ал цифрландыруға қатысты деректер басқаша. Мәселен IMD дерегінше (Халықаралық менеджментті дамыту институты), Қазақстан цифрлық бәсекеге қабілетті елдердің әлемдік рейтиңінде 63 елдің арасында 36-орында.

БҰҰ рейтиңі не туралы?

Электронды үкіметтің даму индексі (Global e-Government Development Index) — әлем елдеріндегі электронды үкіметтің даму деңгейін сипаттайтын көрсеткіш. Зерттеуде БҰҰ-ға мүше елдер қамтылған. Рейтиң үш деңгейге негізделген:

  1. Интернеттің сапасы мен қамтылу деңгейі (Online Service Index).
  2. Ақпараттық коммуникация технологияларының даму деңгейі (Telecommunication Infrastructure Index).
  3. Адами капитал (Human Capital Index).

Екі жылда бір жарияланатын Біріккен ұлттар ұйымының 2022 жылғы электронды үкімет бойынша шолуында Қазақстан 193 елдің арасында 28-орында тұр. Рейтиңдегі электрондық үкіметтің даму индексі 0-ден басталып, 1-ге дейін барады. Ең жоғарғы ұпай Данияда — 0,9717. Ал Қазақстанның жалпы ұпайы — 0,8628.

Фактчек | Тоқаев: Қазақстан цифрланған 30 елдің қатарында

Цифрлық мәселелер бойынша сарапшы Данила Бектұрғановтың айтуынша, Қазақстан телекоммуникация инфрақұрылымының индексінде (TII) Ресей және Беларусьтен (ескерту: Қазақстан жалпы EGDI рейтиңінде Ресей мен Беларусьтен жоғары тұр) төмен орналасқан және БҰҰ әзірлеген EGDI рейтиңінде онлайн қызметтердің жоғары болуына байланысты алғашқы отыздықта.

Қазақстан бұл рейтиңде 2014 жылы да 28-орында болып, 2016 және 2018 жылдары орны төмендеген. 2020 жылы қайтадан алғашқы отыз елдің тізіміне кірді.

Контекст

  • IMD Халықаралық менеджментті дамыту институтының дерегі бойынша, Қазақстан цифрлық бәсекеге қабілетті елдердің әлемдік рейтиңінде 63 елдің арасында 36-орында. IMD World Digital Competitiveness (WDC) әлемдегі елдердің қоғамды өзгертуге арналған цифрлық технологияларды енгізу деңгейін анықтайды. Алғашқы үштікте Дания, АҚШ және Швеция орналасқан.
  • БҰҰ-ның телекоммуникация инфрақұрылымының индексінде Қазақстан 64-орында. Ал 2020 жылы 61-орында болған. Бұл рейтиңді БҰҰ әр екі жыл сайын жариялайды. Алғашқы үштікте Лихтенштейн, Дания, Исландия орналасқан. Қазақстан электронды үкімет рейтиңінде біраз елден жоғары болса да(28-орын), телекоммуникация инфрақұрылымының индексінде біраз елден төмен орналасқан(64-орын). Мысалы Ресей және Беларусь.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz