Фактчек | Тоқаев 42500 теңге және басқа елдердегі әлеуметтік көмек туралы

2020 жылдың 1 қыркүйегінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауын арнады. Жолдауда әлеуметтік және экономикалық маңызы бар тақырыптар айтылып, біраз мәселе көтерілді. Біз, былтырғыдай, жолдауға фактчек жасадық.

Уақытша табыссыз қалған 4,5 миллион азаматымыз 42 500 теңге көмек алды. Бұған 450 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды.

Қ. Тоқаев

Үкім: Шындық

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Нұрымбетов 25 маусымдағы есебінде 16 наурыздан 10 мамырға дейінгі ТЖ режимі кезінде әлеуметтік көмекті 4,6 миллион адам алғанын және 321,9 млрд теңге жұмсалғанын айтады. Ал 1 қыркүйектегі дерек бойынша, шілде айындағы шектеуге байланысты әлеуметтік көмекті  2 391 400 қазақстандық алған. Егер екі жағдайдағы көмекті қоссақ, президент айтқан сомаға жақындайды. Десе де, президент өз мәлімдемесінде ашық деректер жоқ, әлі жарияланбаған деректерге сүйенуі мүмкін.

Осындай жәрдем көршілес елдерде, тіпті басқа ірі мемлекеттерде берілген жоқ

Қ. Тоқаев

Үкім: Жалған және манипуляция

Бұл мәлімдеме шындыққа сәйкес келмейді. Мәселен, Жапония Пандемия кезінде әр азаматқа (теңгеге шаққанда) 387 486 теңге, Әзірбайжанда 46 881, Ресейде 57 мың теңгеден берген. Ал АҚШ үкіметі табыссыз қалған әр азаматқа 501 600 теңгеден таратса, Қырғызстан 1 мың сомнан (5 435 теңге) төмен табысы бар отбасыларға әлеуметтік көмек қарастырған.

Азаматтарына өзге елдерге қарағанда көп көмекті Германия үкіметі (2 507 800 теңге) берген. Қорыта келе, басқа елдер азаматтарына көмектеспеді деу жалған және манипуляция.

Сулейман Демирел университетінің журналистика мамандығы бойынша оқиды. "Ұлан" газетінің штаттан тыс тілшісі. 2019 жылдан бастап factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz