Фактчек | Талғат Мұсабаев медицинадағы “алтын сағат” принципі туралы

Қыркүйектің 29-ы өткен Сенаттың жалпы отырысында депутат Талғат Мұсабаев сөз алып, медицинадағы “алтын сағат” принципіне қатысты дерек келтірді. Factcheck.kz сенатор сөзі қаншалықты рас екенін тексерді.

Сенатор сөзінен үзінді (тайм-код: 1:01:08)

Мәлімдеме: Көлік апатында зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету саласындағы халықаралық зерттеулердің нәтижесіне сәйкес, жарақат алғаннан кейін бір сағат ішінде көмектің болмауы ауыр зардап шеккендер арасында өлім-жітім санын 30%-ке арттырады.

Талғат Мұсабаев

Үкім: Манипуляция

Талғат Мұсабаев нақты қай зерттеуді меңзегені белгісіз, сондықтан “30%” туралы сенімді дереккөз табылмады. Мұндай тұжырымды желінің орыс тілді сегментінен табуға болады, бірақ бұл материалдарда да ешқандай зерттеуге сілтеме жасалмайды; желінің ағылшын тілді сегментінде “алтын сағат” тұжырымы туралы ақпарат кездессе де, адам жарақат алған соң 1 сағат ішінде көмек болмаса өлу көрсеткіші қанша процентке өсетіні туралы ештеңе айтылмайды. Кейбір зерттеулер керісінше, “алтын сағат” принципіне күмәнмен қарайды.

Орыс тіліндегі Башқұртстанның аудандық аурухана сайты, Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті сайты мен басқа да университеттердің оқу және практикалық нұсқаулықтары, академиялық жұмыстарында (мында, мында және мында) “жарақат алғаннан кейін 1 сағат ішінде көмек көрсетпеу ауыр жарақат алғандардың арасында өлім санын 30%-ке, 3 сағатта 60%-ке және 6 сағатта 90%-ке арттырады” деп жазған. Ал “Медицина катастроф: Учебное пособие” кітабында 1 сағатта көмек көрсетілмесе, ауыр жарақаттанғандардың өлімі 40%-ке артатыны жазылған. Бірақ, бұған дәлел ретінде ешқандай сенімді дереккөзге сілтеме жасалмаған.

Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігі “адам жарақат алғаннан кейін бір сағат ішінде ауруханаға жеткізілсе, онда өмір сүру мүмкіндігінің ең жоғары деңгейі және асқыну қаупінің айтарлықтай төмендеуі қамтамасыз етіледі” деп жазады, алайда процентік көрсеткіштер туралы ештеңе айтпаған.

Ағылшын тілінде 2007 жылы жарияланған зерттеуге сай, Еуропада болған 260 өлімнің 50%-і жарақаттан соң бір сағат ішінде болған. Ал 2017 жылы жарияланған зерттеуде шолу мен мета-анализ ауруханаға дейінгі жүйелердің болуы жарақат алған науқастардың өлім қаупін 25%-ке төмендететіні жазылған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының әлемдегі алғашқы көмек көрсету тәжірибелері туралы жариялаған құжатында ауруханаға алып баруға дейінгі уақыт 1 сағаттан асса, науқастың өлу қаіупі 3 есе өсетінін жазған.

Әдетте, “алтын сағат” принципі — реаниматологияда жарақат алғаннан кейін алғашқы медициналық көмек көрсететін уақыт аралығына қатысты (ұзақтығы 1 сағатқа жақын) қолданылатын термин.

Бұл термин Р. Адамс Коулидікі деп айтылады, ол 1975 жылғы мақаласында: “жарақаттан кейінгі 1 сағат ауыр жараланған адамның тірі қалу мүмкіндігін анықтайды” деген. Бірақ, ол мұны жеке мақсатында айтқан болуы мүмкін деген де пікір бар.

2014 жылы жарияланған зерттеулерге шолуда кейінгі кездері пайда болып жатқан деректер “алтын сағат” концепциясына күмәнмен қарауды күшейтіп келеді деп жазылған. Алайда концепцияны қолдайтын не күмән тудыратын зерттеу нәтижелерін салыстыра келе, авторлар, зерттеу еңбектерінің шекті екенін, “алтын сағатты” бағалайтын бірнеше контекст болатынын және нақты уақытты тіркеу қиын екенін айтады. Одан бөлек, шешім қабылдайтындар “алтын сағатты” жоққа шығаратын зерттеу нәтижесіне сүйеніп, травматологиялық орталықтардың көлігін, персоналды және қаржыландыруды қысқарта ма деп алаңдайды. Сондықтан да мұндай еңбектер дұрыстап тексерілуі қажет дейді.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz