Фактчек | Шет ел азаматтарына ҚР азаматтығын алу қиын ба?

25 ақпан sputniknews.kz сайтында шет ел азаматтарына Қазақстан азаматтығын беру мерзімін қайта қарау туралы мақала жарық көрді. Мақала барысында депутаттар шет ел азаматына ҚР азаматтығын алу тым оңай екенін және өзге елдегі жағдайды да алға тартты. Factcheck.kz ақпараттың рас-өтірігін тексеріп көрді.

…Қазақ қызына үйленген шетелдік бес жылдан кейін Қазақстан азаматтығын ала алады

Марат Қожаев, Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары

Үкім: Жартылай шындық

ҚР «Азаматтық туралы» Заңының 16-бап, бірінші тармағында Қазақстан Республикасының азаматтығына: “ҚР аумағында заңды негізде кемінде бес жыл тұрақты тұратын не Қазақстан Республикасының азаматтарымен кемінде үш жыл некеде тұратын адамдар қабылданатын болады”, – деп көрсетілген.

…Біздің азаматтығымызды үш жылда алу ол аз ғана уақыт қой. Америка, Ұлыбритания сияқты елдер 10-15 жылда ғана береді. Соның өзінде үлкен еңбекпен, қара термен алып жатады.

Дана Нұржігіт, ҚР Парламент Сенатының депутаты

Үкім: Жалған

Америка мен Ұлыбритания да шет ел азаматтарына азаматтық беру мерзімі мәлімдемеде айтқандай 10-15 жыл емес.

Ең алдымен Американы алып қарайық. АҚШ азаматтығын алу үшін төмендегідей тәсілдер бар.

  • АҚШ азаматтығын алудың ең қарапайым тәсілдерінің бірі — сол елде заңды бұзбай, елден ұзақ уақыт кетпей, тұрақты бес жыл тұрып және грин-картаның иесі болуыңыз керек;
  • Екінші тәсілі – АҚШ азаматымен некеде тұру. Оның да бірнеше талаптары бар. Мысалы, сол мемлекетте өтініш бергенге дейін кемінде үш жыл тұрып, жолдасыңыздың да кемінде үш жыл азаматтығы болу керек. Жасыл картаңыз болғаны маңызды, 18 жастан асқан және т.б.
  • Үшінші тәсілі – әскери қызмет арқылы азаматтық алу. Бұл бөлімде ескеретін жайт, әскери қызметті бейбіт уақытта және әскери қақтығыс кезінде алу деген бар. Оның да белгілі бір шарттары бар. Мысалы, 18 жастан асқан, АҚШ Қарулы Күштерінде кемінде бір жыл қызмет еткен, ағылшын тілінде білімі болу;
  • Сондай-ақ егер балаңыз АҚШ-тан тыс жерде дүние келіп, ата-анасының бірі АҚШ азаматы болса, азаматтық алуға болады.

Ұлыбританияда төмендегідей шарт бойынша азаматтық алады:

  • Бірінші, сіз Ұлыбританияда кемінде бес жыл тұрған болсаңыз, сізге “тұрақты тұру” мәртебесін, яғни, осыншама уақыт тұрғаныңызды растайтын құжат береді. Сол құжатпен азаматтық алуға өтініш бере аласыз. Сондай-ақ аталған құжат ЕЭА, ЕО мүше елдің азаматтарына және Швейцария елінен келген азаматтарға бес жыл тұрақты тұрғаннан кейін беріледі. Қазақстан бұл тізімге кірмейді.
  • Екінші, Ұлыбритания азаматымен некеге тұру;

…Араб Әмірліктерінде азаматтықты мүлдем бермейді. 

Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламент Сенатының депутаты

Үкім: Жалған

Біріккен Араб Әмірлігінде шетелдіктерге азаматтық беріледі. Бұл сөзімізге дәлел БАӘ-нің мемлекеттік сайтында азаматтық алудың талаптары мен міндеттері көрсетілген.

Шет ел азаматтарына БАӘ азаматтығы төмендегі жағдайларда азаматтық алуға өтініш бере алады:

  • Бірінші, Кез келген азамат БАӘ-де кемінде 30 жыл тұрақты және заңды тұру керек;
  • Екінші, Өзге елдің азаматшасы араб азаматымен өтініш берген күнге дейін, жеті жыл некеде тұрып, бір немесе одан да көп баласы болса азаматтық беріледі. Ал баласы болмаған жағдайда, 10 жыл некеде тұруы тиіс;
  • Үшінші, Оман, Қатар, Бахрейннен келген араб азаматы болсаңыз, өтініш берген күнге дейін БАӘ-де заңды және тұрақты кемінде үш жыл тұрып, заңды кіріс көзі болса, жақсы бедел мен мінез-құлыққа ие болып, сотталмаған болу;

Сонымен қатар, businessinsider сайтында жарық көрген мына бір мақаладан Араб Әмірлігі шет ел азаматтары үшін азаматтық алуы қиын елдердің қатарында екенін көре аламыз.

Сулейман Демирел университетінің журналистика мамандығы бойынша оқиды. "Ұлан" газетінің штаттан тыс тілшісі. 2019 жылдан бастап factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz