Фактчек | Роман Ким Қазақстандағы балық өндірісінің көлемі туралы

Қаңтардың соңында Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысында республиканың балық өндірісі мәселесі де көтерілді. Журналист Данил Утюпин деректерді Factcheck.kz сайты үшін осы балық шаруашылығына қатысты мәлімдемелерді тексеріп көрген еді.

Мәлімдеме: «… Кеңес кезінде Қазақстанның балық шаруашылығы жақсы дамыған, кірісі мол халық шаруашылығы салаларының бірі болды. Балық шаруашылығының жалпы көлемі жылына 800 мың тоннадан асатын. Қазіргі уақытта биоресурстарды өндіру көлемі бірнеше есе азайды…»

Роман Ким

Үкім: Шындық

Қолжетімді мәліметтер Роман Кимнің сөздерін растайды. Одан бөлек, біз қосымша ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне сауал жолдадық. Жауапта, 2019 жылы (2019 жылдың 16 ақпанынан 2020 жылдың 15 ақпанына дейінгі аралықта) мемлекет балық өндіруге 51,8 мың тонна лимит қойған. Яғни, көрсетілген мөлшерден артық балық аулауға болмайды. Заңсыз балық аулау да бар, және оның көлемі қаншалықты екені бізге белгісіз. Дегенмен, өткен жылы ұсталған браконьерлерден 79 тонна балық табылған, олардың 736 келісі бекіре балығы.

Балық өсіру және аулаудың тарихи динамикасын көрейік. ҚР АШМ ресми сайтында «2028 жылға дейінгі балық шаруашылығын дамыту жоспары» бар, ол жерде кеңес кезі мен қазіргі кезеңдегі сандар көрсетілген.

fishKZ

Құжатқа сәйкес, 1975 жылы балық аулау Қазақ КСР-де 100 мың тоннаны құраған. Оған тауар өндірісі үшін арнайы өсірілген 1,8 мың тонна балықты қосамыз. Бес жылдан кейін балық аулау 85,7 мың тоннаға, ал тауар өндірісі 1,5 мың тоннаға төмендеп кетті. 1990 жылы табиғи балық аулау 68,6 мың тоннаға қысқарса, тауар өндірісі бұрын жақындай да алмаған шекке жетті – 9,8 мың тонна. Ары қарай динамика төмендей береді, ең төменгі деңгей 2014 жылы тіркелді. Балық аулау – 27,2 мың тонна, балық өндіру – 0,4 мың тонна. Бірақ 2017 жылы балық аулау 41,3 мың тоннаға дейін, жасанды өндіріс 2,8-ге артты.

Мәліметтер сенімді ме?

Жоғарыда көрсетілген сандарға толығымен сенуге бола ма, тағы анық емес. Өйткені құжаттың өзінде қарама-қайшылықтар бар. Бағдарламаның 2-бетінде 2017 жылы балық аулау орташа есеппен 35 мың тонна болғаны жазылса, 3-ші бетінде 41 мың тоннадан асады делінген.

Сонымен қатар, электронды үкімет порталында «Қазақстан Республикасында балық шаруашылығын дамытудың 2004-2006 жылдарға арналған бағдарламасын бекіту туралы» құжат бар.

Мұнда да 1975 жыл мен сол жылы өндірілген 100 мың тонна өнім есепке алынған. 1995 жылғы мәлімет те бар – 42,8 мың тонна және 2000 жылы – 36,7 мың.

Дегенмен, жалпы алғанда барлық деректер балық аулау мен өндірісінің кеңес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай төмендегенін көрсетіп тұр.

Мәлімдеме: «Бұрын болған 47 балық өсіретін орыннан қазіргі күні ештеңе қалмады деуге болады…»

Роман Ким

Үкім: Жартылай шындық

Экология министрлігінің ресми жауабында былай делінген: «Қазақстанда 8 балық өсіретін орын бар, олардың төртеуі мемлекеттікі болса, қалған төртеуі жеке меншік. Балық өсіретін орындардың басты міндеті – табиғи су қоймаларында балық өндіру». Яғни, айтарлықтай қысқартылғанымен депуттатың «ештеңе қалмады деуге болады» дегені факт емес, пікір мен бағалауға жатады.

Сонымен қатар, біз балық өндіретін орындардың маманданған саласы туралы мәлімет алдық.

  • «Орал-Атырау бекіре балық өсіру зауыты» РМҚК мен «Атырау бекіре балық өсіру зауыты» РМҚК жасанды жолмен бекіре тұқымдас балықтарды өсірумен айналысады. Зауыттар жыл сайын мемлекеттік тапсырыс аясында табиғи ортаға 3,5 млн бекіре тұқымдас балық түрлерін шығарады, олардың жалпы қуаттылығы жылына 7 млн тоннаны құрайды.
  • «Петропавл балық питомнигі» РМҚК балықтың сигалық түрлерінің уылдырығын дайындау және алу, оны инкубациялау және су қоймаларына балық жіберумен айналысатын жалғыз кәсіпорын. Жыл сайын мемлекеттік тапсырыс шеңберінде табиғи ортаға 46, 282 млн бағалы балық түрлерінің шабақтарын өсіріп, шығарады.
  • «Қамыстыбас балық питомнигі» РМҚК 1966 жылы балықты жасанды жолмен өсіру мақсатында  пайдалануға берілді, өйткені Арал теңізінің деңгейі төмендеп, балықтардың табиғи жолмен көбеюіне кері әсерін тигізді. Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жыл сайын 14,8 млн сеголет (биылғы өнім) және 0,42 млн екіжылдық тұқы мен өсімдік қоректі балық түрлері секілді балық шабақтарын өсіреді және шығарады.

Авторы: Данил Утюпин
Қазақ тіліне аударған: Балнұр Қожагелді

Редакция
Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2016 года. Член международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)