Фактчек | Перуашев салық шегерімдері, медианалық және модальдық жалақы туралы

24 маусымда Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында салық салу және инвестициялық ахуалды жетілдіру мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді талқылау барысында «Ақ жол» партиясының депутаты Азат Перуашев заң жобасының кейбір тұстарын сынға алды.

«Заң жобасын әзірлеген адамдар жеке тұлғаның табысынан ипотека, емдеу мен оқуға кететін шегерімдерін 118 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін дөңгелектеуді ұсынған, яғни бір адамға шаққанда салық мөлшері 150 мың теңгеге ұлғаяды. Халықтың басым көпшілігі үшін бұл дегеніңіз салық органдары қазіргі салықтардан басқа, жылына бір рет 12 жалақының біреуін алып отырады дегенді білдіреді. Он бір ай бойы адам өмір сүреді, ал есепті ай кезінде аш отырады. Бұл әзіл емес, себебі қаңтардағы орташа жалақының медианалық мөлшері 112 мың теңгені құрады, ал модальдық, яғни ең көп таралған жалақы – 58 мың теңге. Ал сіздер адамдардан 150 мың теңге алуды ұсынып отырсыздар. Бұл мәселеге түбегейлі өзгерістер қажет», деді депутат. Айтылған мәлімдеменің екі бөлігін де тексеріп көрейік.

Заң жобасын әзірлеген адамдар жеке тұлғаның табысынан ипотека, емдеу мен оқуға кететін шегерімдерін 118 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін дөңгелектеуді ұсынған, яғни бір адамға шаққанда салық мөлшері 150 мың теңгеге ұлғаяды. Халықтың басым көпшілігі үшін бұл дегеніңіз салық органдары қазіргі салықтардан басқа, жылына бір рет 12 жалақының біреуін алып отырады дегенді білдіреді.

Азат Перуашев

Үкім: Шындық және манипуляция

Салық шегерімдерінің мөлшерін арифметикалық дөңгелектеу жеке тұлғалардың есептеу және қабылдау процесін жеңілдету мақсатында ұсынылды. Қағаз жүзінде дөңгелектеу нәтижесінде салық шегерімдерінің азаюуы, шынымен де, 150 мың теңгені құрады. Алайда бұл халықтың басым көпшілігі бір айлық жалақысын жоғалтады дегенді білдірмейді. Себебі, бірінші кезекте, қазіргі кезде аталған салалардың ешқайсысында 118 АЕК мөлшеріндегі шегерімдер жоқ. Бұл сан тек талқылау барысында айтылды және дөңгелектелді. Ұсынылып отырған өзгерістерге қарағанда, адамдар өз табысының бір бөлігін жоғалтпайды, керісінше, сәл де болса үнемдейді деп болжауға болады.

Салық шегерімдерінің көлемін дөңгелектеу туралы Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Такиев қаңтар айында хабарлап қойған еді. Оның айтуынша, барлық ипотекалық несиелер, медициналық қызметтер (косметологиядан басқа) және білім беру (оның ішінде мектеп) бойынша салық шегерімдерін 118 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін дөңгелектеу ұсынылған. Биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап АЕК мөлшері 2778 теңге болғанын ескере отырып, Перуашев аталған салалардың әрқайсысында салық шегерімі 18 АЕК-ке азайса, әр салық 50 004 теңгеге көбейеді деп есептеген. Егер бұл соманы үшке (үш салаға) көбейтсе, жоғарыда аталған 150 012 теңге шығады.

Не болса да халықтың басым көпшілігі бір айлық жалақысынан айырылады деп мәлімдеу – дұрыс емес. Мысалы оқу бойынша салық шегерімі әлі енгізілген де жоқ, сондықтан оның мөлшеріне қарамастан, оны жеңілдік деп қарастырған жөн. Осыған қоса қазіргі кезде медицина бойынша салық шегерімі Салық кодексіне сәйкес 94 АЕК-тен аспауы қажет. Шамасы 118 АЕК деген талқыланды, алайда енгізілген жоқ. Сондықтан 100 АЕК болатын шегерімді азаю емес, ұлғаю деп қарастыруға болады.

Үш саланың ішінде салық шегерімі тек ипотека бойынша қысқарады, себебі қазіргі кезде ол еш шектеусіз ұсынылады. Алайда оның да өз ерекшеліктері бар: қазіргі кезде жеке тұлға салық шегерімін сыйақы сомасы түрінде тек тұрғын үй құрылыс жинақ банктерінде алынған несие бойынша қолдануға құқылы. Ал жаңа ережеге сәйкес, шегерімге кез келген банктен немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымнан алынған ипотекалық несиелер бойынша төленетін сыйақылар да жататын болады.

Сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтары үшін стандартты шегерімді 882 АЕК-тен 1000 АЕК-ке дейін, ал көп балалы отбасылар үшін салық шегерімін 282 АЕК-тен 300 АЕК-ке дейін дөңгелектеу ұсынылды.

Айта кетейік, елімізде табысты декларациялау мен бүкіл халық үшін арналған салық шегерімдері тек 2025 жылы ғана енгізіледі. Ол кезде еліміздегі жалақының мөлшері қандай болатыны белгісіз. Сондай-ақ, АЕК мөлшері де өзгереді. Оған дейін заңның өзі де өзгеріп кетуі мүмкін.

Қаңтардағы орташа жалақының медианалық мөлшері 112 мың теңгені құрады, ал модальдық, яғни ең көп таралған жалақы – 58 мың теңге.

Азат Перуашев

Үкім: Шындық

ҚР ҰЭМ жанындағы Статистика комитеті осы жылдың қаңтар айындағы медианалық және модальдық жалақы туралы мәліметтерді әлі жариялаған жоқ. Сондықтан А. Перуашев 2019 жылғы деректерге сүйенген сияқты. Өткен жылғы мәліметтерге сәйкес, ел бойынша медианалық жалақы 112 195 теңгені, ал модальдық жалақы 58 034 теңгені құрады.

Бұған дейін, яғни осы жылдың наурыз айында Премьер-министр Асқар Мамин де өз сөзінде Перуашев сияқты қаңтар айындағы көрсеткіштерді келтірген болатын.

Медианалық, модальдық және орташа жалақы

Медианалық жалақы – төленген жалақы мөлшері бойынша қызметкерлер саны тізбегінің дәл ортасында орналасқан, сондай-ақ жалақаны медианадан төмен және жоғары деп тең екі бөлікке бөлетін жалақы мөлшері. Басқаша айтқанда, ол – жалақы тізімінің дәл ортасында орналасқан жалақы.

Модальдық жалақы – төленген жалақы мөлшері бойынша қызметкерлер саны тізбегінде жиі кездесетін жалақы мөлшері. Басқаша айтқанда, бұл ең көп кездесетін жалақы.

Бұл жерде медианалық және орташа жалақы арасындағы айырмашылықты түсіну керек. Орташа жалақы деген – жұмыс істейтін халық жалақысының арифметикалық орташа мәні. Статистика комитетінің мәліметі бойынша, 2019 жылы Қазақстандағы орташа айлық жалақы – 185 487 теңге.

Ranking.kz Қазақстандағы медианалық және модальдық жалақыға қатысты қызықты талдау жүргізді. Мақалада орташа жалақының мөлшері мен оның динамикалық өсуі негізінен жоғары жалақы алатын қызметкерлердің есебінен артатыны айтылады. Яғни жоғары айлық алатын қызметкерлер орташа жалақы мөлшерін жоғары көтереді, алайда, іс жүзінде, олардың жалақысы медианалық жалақыға (халықтың басым бөлігі алатын жалақыға) еш әсер етпейді. Орташа және медианалық жалақы арасындағы айырмашылық неғұрлым көп болса, жалақы теңсіздігі соғұрлым күштірек болады. Бұл сондай-ақ еңбекақысы төмен қызметкерлердің үлесі жоғары екенін білдіреді.

Сондай-ақ, медианалық жалақы орташа мәнде көрсетілетінін ескерген жөн. Ол адамның жынысына, елдің қай аймағында және саласында жұмыс істейтініне байланысты өзгеріп отыруы мүмкін.

Фактчек | Перуашев салық шегерімдері, медианалық және модальдық жалақы туралы

Гендерлік тұрғыдан алғанда, 2019 жылғы қорытындыға сәйкес, ерлердің медиана бойынша жалақысы – 127 907 теңге, ал әйелдердің жалақысы – 101 476 теңге.

Төменде ranking.kz әзірлеген кестені ұсынамыз, онда әр сала бойынша медианалық жалақы мөлшері көрсетілген.

Фактчек | Перуашев салық шегерімдері, медианалық және модальдық жалақы туралы
ranking.kz

Модальдық жалақыға тоқталсақ, ол 2018 жылмен салыстырғанда 2019 жылы 21 987 теңгеге (27,5%) төмендеді. Ranking.kz сарапшыларының айтуынша, модальдық жалақы біліктілігі төмен қызметкерлерге деген сұранысты, сондай-ақ жұмыс берушілердің қызметкерлердің жалақысына қатысты жалпы көзқарасын көрсетуі мүмкін.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz