Фактчек | Перуашев Қазақстанның байлары мен ШОБ мәселелері туралы

Жақында болған ҚР Парламент мәжілісінің пленарлық отырыстарының бірінде «Ақжол» партиясының көшбасшысы Азат Перуашев сауалында Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесін төмендету қажеттігі туралы айтты. Мөлшерлемені не үшін төмендету керек деген сұраққа дәлелдерді келтіре отырып, депутат «Альпари» агенттігінің былтырғы зерттеуіне сәйкес, Қазақстанда ересек тұрғындардың 3,5%-ы ғана немесе 380 мың адам жылына 10 мың доллардан артық табыс табатынын айтты. «3,5% тұрғынның депозит бойынша көтеріңкі кірістерін қамтамасыз ету үшін қалған 96% азаматтың несие бойынша адам сенгісіз пайыздарды төлеуі қаншалықты әділетті?», – деп сұрады мәжілісмен.

Сондай-ақ Перуашев мемлекет басшысының ШОБ-тің (Шағын және орта бизнес) несиелеріне қаржылай қолдау көрсету туралы тапсырмасының орындалу барысына сын айтты. Оның айтуынша, 4 мың ШОБ субъектісіне ғана субсидия  бөлінген, бірақ ҰКП-ның мәліметі бойынша карантин кезінде 1 млн кәсіпкерлік субъектісі зардап шегіп, оның 430 мыңы жабылып қалды немесе қызметін уақытша тоқтатты. Яғни, оннан бір пайыз бөлігіне ғана көмек көрсетілген.

Factcheck.kz депутаттың мәлімдемесіндегі сандарды тексеріп көрді.

Дисклеймер: біз бұл мақалада Ұлттық банктің мөлшерлемесін көбейту немесе төмендету қажеттігін талқыламаймыз, тек депутат айтқан сандарды тексереміз.

Мәлімдеме: «Альпари» агенттігінің былтырғы зерттеуіне сәйкес, Қазақстанда ересек тұрғындардың 3,5%-ы ғана (немесе 380 мың адам) жылына 10 мың доллардан (яғни, 4 млн теңге)  артық табыс табады.

А. Перуашев

Үкім: Шындық және техникалық қате

Шынында осылай. Тек зерттеуді «Альпари» емес, KPMG жүргізді. «Альпари» ақпараттық-сараптамалық орталығы осы зерттеу туралы хабарлағаннан кейін көптеген БАҚ жаңалықты «Альпариге» сілтеме жасай отырып жариялады. Екінші түзету – зерттеуде тұрғындардың 3,5%-ы емес, 3,1%-ы, яғни 374 мың адам делінген.

KPMG-дің «Қазақстандағы тікелей инвестиция нарығы» тақырыбындағы зерттеуінде «Credit Suisse дерегінше, Қазақстанның ең бай 50 кәсіпкері ересек тұрғындардың жиынтық байлығының 42%-на немесе ЖІӨ-нің 16%-на иелік етеді», делінген. Қазақстанда 162 адамның 50 млн АҚШ долларынан аса қаражаты бар, бұл тұрғындардың жалпы байлығының шамамен 50%-ын құрап тұр.

Ересек тұрғындардың 3,1%-ға жуығы (374 623) жылына 10 мың доллардан артық табыс табады.  Оның  2,7%-ы (326 322) жылына 10-100 мың доллар аралығында; 0,35% (42 301) тұрғын жылына 100 мыңнан 1 млн долларға дейін; 0,05%-ы (5838) жылына 1-50 млн доллар аралығында табады. Және ересек тұрғындардың 0,001%-ын құрайтын 162 адам жылына 50 млн-нан 3 млрд долларға дейін табыс табады.

Айта кетейік, зерттеу 2019 жылы жарияланғанымен, 2018 жылдың деректерін негізге алған.

Фактчек | Перуашев Қазақстанның байлары мен ШОБ мәселелері туралы
2018 жылғы Қазақстандағы ересек тұрғындар. Дәулеттілік дәрежесі бойынша бөлінген (Дереккөз: KPMG)

Мәлімдеме: 4 мың ШОБ субъектісіне арналған 8 мың несие субсидиясы мақұлданды… Ал ҰКП дерегі бойынша, карантин кезінде 1 млн-нан аса кәсіпкерлік субъектісі зардап шекті; оның 430 мыңнан астамы жабылып қалды немесе қызметін уақытша тоқтатты.

А. Перуашев

Үкім: Шындық, техникалық қате және манипуляция

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының деректеріне сілтеме жасай отырып, 2020 жылдың 10 желтоқсанындағы мәлімет бойынша, экономиканың зардап шеккен секторларындағы 4180 шағын және орта бизнес субъектілерінің жалпы сомасы 754 млрд теңге несие бойынша пайыздық мөлшерлемелерді 6%-ға дейін субсидиялауға өтініштері мақұлданғанын хабарлады. Қаржылай көмекті әзірге 2738 ШОБ  субъектісі алды. Төленген субсидияның жалпы сомасы банк қарызының 7860 шарты бойынша 6,9 млрд теңге болды. Яғни, 8 мың несие бойынша субсидия 4 мыңның бәріне емес, 2,5 мыңнан аса субъектіге мақұлданды.

Желтоқсанның басында ШОБ-ті дамыту сұрақтарына арналған парламент тыңдалымында «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов ТЖ мен карантин шараларын енгізу салдарынан 1 млн кәсіпкерлік субъектісі зардап шегіп, оның 430 мыңнан астамы қызметін тоқтатқанын хабарлады. Перуашев осы мәліметтерді келтірген болуы керек. Бірақ «Ақжол» партиясының көшбасшысымен салыстырғанда, Мырзахметов қызметін уақытша тоқтатқандар туралы ғана айтты, жабылған субъектілер туралы тіс жармаған.

Сондай-ақ, әдетте біздің Статистика комитетінің деректері «Атамекен» мен кәсіпкерлердің мәлімдемелерінен өзгеше болады. Ол жерде ТЖ кезінде қанша ШОБ субъектісі зардап шеккені туралы мәлімет болмаса да, осы аралықта қанша мекеменің ашылып-жабылғанын көруге болады.

Қаңтар айынан наурызға дейін республикадағы тіркелген ШОБ субъектілерінің саны 1 318 518 болған. 2019 жылы бұл көрсеткіш 1 330 244 болғанын ескерсек, олардың саны айтарлықтай қысқарғанын байқаймыз. Дегенмен 2020 жылдың маусымындағы дерек бойынша субъекті саны 1 345 941-ге артқан. Ал қыркүйекке қарай олардың саны 1 341 340-қа азайды.

Фактчек | Перуашев Қазақстанның байлары мен ШОБ мәселелері туралы
Қызмет етіп тұрған ШОБ субъектілерінің саны (Дереккөз: ҚР Статистика комитеті)

Өкінішке қарай, Перуашев 430 мыңның ішінде нақты қанша субъекті жабылғанын айтпады. Бірақ Статистика комитетінің сандарына сенсек, 2020 жылдың үш тоқсанында жабылғанға қарағанда, ашылған субъектінің саны көп. Бұл деректерге сену қажет пе, жоқ па – басқа мәселе.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz