Фактчек | Ойынқұмарлық ауру ма?

15 маусымда мәжілістің пленарлы отырысында депутат Ләззат Рамазанова ойынқұмарлық жайлы сөз қозғады. Дәлірек айтсақ, қазіргі таңда ойынқұмарлықты ауру ретінде қарастыратыны жайлы айтып, алаңдаушылық білдірді. Осы орайда Factcheck.kz сайты ақпаратты тексеріп көрді.

Тайм-код: 1:52:20

ДДСҰ ойынқұмарлықты психикалық ауру деп ресми түрде мойындады. Ол аурулар мен денсаулыққа байланысты проблемалардың халықаралық статистикалық жіктемесіне қосылды.

Ләззат Рамазанова, депутат

Үкім: Шындық

ДДСҰ расымен де ойынқұмарлықты Халықаралық аурулар жіктемесінің 11-нұсқасына (ХАЖ-11) кіргізіп, ауру деп таныды. Бұл жіктеме алғаш 2019 жылы мамырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясында ұсынылып, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асуды.

Халықаралық аурулар жіктемесінің 11-нұсқасы ХХІ ғасырдың талаптарын ескере отырып жаңартылған және ғылым мен медициналық практикадағы аса маңызды жетістіктерді көрсетеді. Бұл жаңа нұсқада 55 мыңға жуық ауру, жарақат және өлім себептерін қамтитын бірегей кодтар бар. Толығымен электрон форматқа ауыстырылған, кез-келген қарапайым адамға қол жетімді.

Халықаралық аурулар жіктемесінің мақсаты қандай?

ХАЖ тарихы XVI ғасырда Лондоннан бастау алады. Сол дәуірдің өзінде әр апта сайын қайтыс болған адамдардың тізімі мен себептері жазылып отырды. Алайда, XIX ғасырдың аяғында ғана Флоренс Найтингел ауру мен өлімнің себептері туралы статистикалық мәліметтердің жинағын жасайды. Кейін келе 1940 жылдары ДДСҰ алғаш рет осы жинақтарға сүйене отырып, халықаралық аурулар жіктемесінің бірінші нұсқасын жариялайды.

ХАЖ-дың негізгі мақсаты – әлемдегі ауру тенденциялары мен өлім себептерін бір жерге топтастыру арқылы аурулардың алдын алу. Ол адамның туғаннан өлімге дейінгі өмір сүру жағдайларын көрсетеді: бір адамның өмір бойына кездесуі мүмкін кез-келген жарақат пен ауру түрлерінің және оларды алдын алудың жолдарын тіркейді.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz