Адам капиталының индексі: 0,63 көрсеткіш қаншалықты нашар?

2 маусымда өткен Сенат отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы адам капиталы индексі жайында сөз қозғады. Депутаттың айтуынша, біздегі білім беру жүсесі бала туғаннан бастап 18 жасқа дейінгі қалыптастырылуы тиіс оқушылардың қабілеттері мен дағдылар жиынтығының тек 63%-ін беріп отыр. Осы орайда депутат келтірген деректерді тексеріп көрдік.

Тайм-код: 49:33

Әлемдік банктің зерттеуінше, қазір еліміздегі адам капитал индексі 63 пайыз. Бұл индекс бала туылғанынан бастап 18 жасқа дейінгі қалыптастырылуы тиіс оқушылардың қабілеттері мен дағдыларының жиынтығы. Біздің білім жүйесі осылардың 63 пайызын беріп отыр

Мұрат Бақтиярұлы, депутат

Үкім: Шындық және манипуляция

Шындығы мынада: Дүниежүзілік банк расымен де 2018 жылдан бері адам капиталы индексі туралы есеп жүргізіп келеді. Қазақстан (2020 жылғы дерек) осы индексте 0,63 көрсеткіш жинап, 55-орынға тұрақтаған. Яғни әрбір дүниеге келген бала 18 жасқа дейінгі аралықта толыққанды әрі сапалы білім мен денсаулыққа қол жеткізсе, 63%-ке өнімді (productive) бола алады. Депутат осы мәселені көтерсе керек.

Манипуляциясы мынада: Біріншіден, индекс процентпен емес сандық көрсеткішпен белгіленеді. Екіншіден, депутат адам капитал индексін еліміздегі білім беру жүйесі тиімділігінің көрсеткішімен байланыстырады. Тек бұны қарастыру қате, себебі индексті есептеу кезінде денсаулық сақтау саласындағы компонеттер де ескеріледі. Мысалы бұл индексте 5 жасқа дейінгі баланың өміршеңдігі (survival) сияқты көрсеткіштер де бар.

0,63 көрсеткіш Қазақстан үшін нені білдіреді?

Бұл дегеніміз Қазақстанда мемлекеттік тәуекелді ескере отырып дүниеге келген әрі толыққанды білім мен денсаулыққа қол жеткізген әрбір баланың болашақтағы өнімділігі (productive) 37%-ке төмен болады деген сөз. Қазіргі уақытта ешқандай мемлекет 100%-тік көрсеткішке жетпеген, ең жоғарғысы Сингапурға тиесілі (0,88 көрсеткіш).

0,63 көрсеткіш қаншалықты нашар? Шындығында нашар деуге келмейді, себебі бұл позиция тізімдегі елдердің үштен екісінен жоғары. Мысалға алатын болсақ Түркия мен Қытайда 0,65 көрсеткіш, Болгарияда – 0,61.

Дүниежүзілік банктен бөлек БҰҰ-ның Даму бағдарламасы да адам дамуының индексі бойынша есеп жүргізіп отырады. Ең соңғы (2020 жылғы) дерек бойынша, Қазақстан 189 мемлекеттің ішінде 0,825 көрсеткішпен 51-орынға жайғасқан.

Адам капиталының индексі: 0,63 көрсеткіш қаншалықты нашар?

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz