Фактчек | Назарбаев: дүниедегі ең дамыған 40 елдің қатарына қостым

Желтоқсанның 6-да экс-президент Н. Назарбаевтың «‎Тәуелсіздік тағылымы»‎ атты мақаласы жарияланды. Материалда елдің экономикалық қауқары мен басқа да тақырыптарға қатысты бірнеше дерек келтірген. Factcheck.kz Назарбаев жазған фактілері қаншалықты рас екенін тексерді.

Мәлімдеме: Мен отыз жыл бойы халқымды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, қайраңға қалдырмай, әлемдік өркениеттің алдыңғы шебіне, дүниедегі ең дамыған 40 елдің қатарына қостым.

Нұрсұлтан Назарбаев

Үкім: Дәлелденбеген

Назарбаевтың «‎дамыған 40 ел»‎ деп нақты нені меңзегені белгісіз, алайда мәлімдемеде факт жүзіндегі рейтиң мен көрсеткіштер туралы айтылмаған соң дәлелденбеген деген үкім қойдық.

Дегенмен, Біріккен ұлттар ұйымының даму бағдарламасының (БҰҰДБ) 2020 жылы жариялаған адам дамуының индексі туралы дерегіне сай, Қазақстан 189 елдің ішінде 51-орынға тұрақтаған. Бұл рейтиңде елдердің даму прогрессін адамдардың өзі қалаған өмірді сүруге мүмкіндігі мен еркіндігі бар-жоқтығына қарай есептейді.

Бұл статистикадан бөлек, Қазақстанның әлеуетін көрсететін басқа көрсеткіштер тағы бар: «‎Шекарасыз репортерлер»‎ дерегіне сай, Қазақстан баспасөз бостандығы рейтиңінде 2021 жылы 180 елдің ішінде 155-орынға, ал Дүниежүзілік банктің жалпы ұлттық табыс көрсеткішінде 60-орында, адами капитал индексінде 55-орынға жайғасқан. Transparency International ақпаратына сай, еліміз коррупция көрсеткіші бойынша 180 елдің ішінде 94-орында тұр. Қазақстандықтар болса, орташа көрсеткіш бойынша, тамақтануға табысының 49%-ін жұмсайды. Бұл рейтиңде, АҚШ ауыл шаруашылық министрлігінің дерегіне сай, 110 елдің ішінде 104-орында тұр. Ал Халықаралық валюта қорының экономикасы дамыған 40 елдің ішіне Қазақстан жоқ.

Біз Қазақстанның қандай рейтиң бойынша алғашқы 40-тыққа кіретінін таптық: ол Economic freedom (Экономикалық бостандық) сайтында бар көрсеткіш. Бұл рейтиңге сай, еліміз 34-орында. Бірақ тек осы көрсеткішті ғана негізге алып, «‎әлемдік өркениеттің алдыңғы шебі»‎ туралы айту қиын. Экономикалық бостандық туралы есептің өзінде келесідей тезис айтылады:

Мұнай өндіру қарқынды өсуде, ол бірінші кезекте Теңіз мұнай кен орнының 37 миллиард долларға кеңеюіне байланысты. Қазақстанның, әсіресе Каспий теңізі бассейніндегі көмірсутектері мен пайдалы қазбаларының орасан зор қорлары оның экономикасының негізін құрайды. <…> Сот жүйесі саяси ықпалға ұшыраған. Экономиканың барлық саласында, соның ішінде тау-кен өндірісі, инфрақұрылымдық жобалар, мемлекеттік сатып алулар және банк секторында сыбайлас жемқорлық бар.

Economic freedom

Материалды өңдеу барысында Менеджментті дамытудың халықаралық инстиуты (IMD, Швейцария) Әлемдегі бәсекелестікке қабілеттілікті зерттеу орталығының индексін таптық. Ол жерде Қазақстан 35-орынға тұрақтаған. Алайда рейтиң тек 65 елді ғана қамтыған. Үкім өзгермеді.

Мәлімдеме: Сол мақсатпен Индустриялық-инновациялық дамудың үш бағдарламасы қабылданды, 9 триллион теңге сомасындағы 1500 жоба енгізілді. Қазақстан бұрын өндірілмеген өнімдер – электровоз, автобус, автомобиль, теміржол вагондары, трансформаторлар және басқа да 500-ден астам өнім түрін шығара бастады.

Нұрсұлтан Назарбаев

Үкім: Шындық

Бұған дейін индустрияландыру жылдары (2010 жылдан 2019 жыл аралығында) Қазақстанда бұрын шығарылмаған 500 жаңа өнім түрі шығарыла бастағаны туралы айтылған. Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрілігінің бізге берген жауабына сай, 2010-2020 жылдары аралығында жалпы құны 9,1 трлн теңге болатын 1 527 жоба іске қосылған.

Мәлімдеме: Жолдар мемлекеттің көлік саласының қан тамыры қызметін атқаратыны белгілі. Небәрі 10 жыл ішінде біз 14 мың шақырым автомобиль жолын және 2,5 мың шақырым теміржол салдық, ірі әуежайлардың бәрін, теңіз бен құрлық порттарын қайта жаңғырттық.

Нұрсұлтан Назарбаев

Үкім: Манипуляция

Шамасы, экс-президент 10 жыл деп 2010-2019 жылдардағы индустрияландыру кезеңін меңзеген. Индустрияландырудың алғашқы бесжылдығында (2010-2014 жылдары) 4 мың шақырым; ал екінші бесшылдығында 3 мың км автожол салынған және реконструкцияланған, 7 мың км-ге жуық жол жөнделген (толықтай — 14 мың шақырым). Алайда жолды жөндеу/реконструкциялау мен жаңадан салу екі бөлек экономикалық әлеуетті қажет ететін шығын/күш болғандықтан, Назарбаев сөзінде манипуляция белгісі бар.

Теміржол мәселесіне келсек: Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпаратына сай, Қазақстанда расымен 2001-2016 жылдар аралығында 2 556,37 км теміржол салынған. Бұл — 10 жылдың жемісі емес.

Мәлімдеме: Жаһандық жаңа трендтердің қатарында болу үшін біз «Болашақ» бағдарламасын жасап, жастарымызды әлемнің ең үздік университеттерінде оқыттық. Ал қаражат жеткіліксіз болған өткен ғасырдың 90-жылдары біз студенттердің оқу ақысын, жүріп-тұруы мен күнкөрісін төлеп бердік. Осы уақытқа дейін ел игілігі үшін 15 мыңнан астам маман даярланды.

Нұрсұлтан Назарбаев

Үкім: Шындыққа жақын

2021 жылы қарашада «‎Болашақ»‎ бағдарламасының 28 жылдығымен құттықтаған Асхат Аймағамбетов 14 мыңнан астам қазақстандық түрлі оқу орнында білім алғанын айтты. Білім және ғылым министрлігі біздің сауалымызға қазір 3 006 түлектің 99,4%-і жұмыспен қамтылып, өз міндеттерін орындап жатқанын хабарлады. Ал қалғандары осы бағдарламамен оқуының өтемін төлеп болған.

Контекст: 2030 – 2050

Қазақстан билігінің сөзінше, 2050 жылға дейінгі саяси бағдардың басты мақсаты «‎дамыған 30 елдің қатарына қосылу»‎. Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы (ЭЫДҰ) 2017 жылы Қазақстанның дамуына қатысты анализ жасап, кеңес берген. Құжатта 2001-2014 жылда аралығында Қазақстанның біраз жетстікке жеткені, бірақ бұдан кейінгі кезеңнің ауыр болатыны жазылған. Бұдан бөлек, еліміз экономиканың құрылымы мен тау-кен өндірісін әртараптандыру, мемлекеттің экономикаға араласуын азайту қажеттігі айтылады.

Алайда Қазақстанның 2030 жылға дейінгі жобасы аяқталмай жатып 2050-ге арналған жобаны бастап кетуін кейбір сарапшылар сынаған, олар 2030 жылға дейінгі міндеттер толық атқарылған жоқ деген. Ал Vlast.kz-тегі әріптестеріміз 2020 жылы алға қойылған мақсаттардың орындалып жатқанына шолу жасап, көбісі әлі жүзеге аспағанын жазды.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz