Фактчек | Моңғолияда бірде-бір науқас жоқ

Facebook желісі мен түрлі сайттарда Моңғолия үкіметінің коронавируспен қалай күресіп жатқандығын жарыса жазылып жатыр. Олар мұны Шыңғыс ханнан қалған тәртіпке бағынушылық деп бағалайды. Қытаймен көршілес отырған Моңғолия коронавируспен қалай күресуде? Factcheck.kz Моңғолияның ресми сайттарына жүгіне отырып ең көп тараған сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Моңғолияда Қытаймен көршілес болғанына қарамастан бірде-бір науқас жоқ

Үкім: Жалған әрі манипуляция

Моңғолия Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше 12 адам коронавирус жұқтырған. Вирус алғаш рет 10 наурызда Мәскеуден келген Франция азаматынан табылған.

Бұл мәлімдеменің контекстіне назар аударатын болсақ Моңғолияда коронавирус жұқтырған адамдардың барлығы сырттан келген, яғни мемлекеттің ішінде өзінара жұқтырған адамдар жоқ делінген. Алайда, жергілікті халық арасында тіркелмегеніне қарамастан “Моңғолияда бірде-бір науқас жоқ” деп мәлімдеме жасау – манипуляция.

Әзірге жергілікті тұрғындардан бірде-бір адам жұқтырған жоқ

Үкім: Шындық

Моңғолия Денсаулық сақтау министрлігі коронавирусқа байланысты ақпарат тарататын сайтының Джон Хопкинс Университетіне берген мәліметі бойынша жұқтырған 12 адам шет елден келген. Яғни жергілікті тұрғындар арасында жұқтырған адамдар әзірге тіркелмеген.

12 адамның ішінде 7 әйел, 5 ер адам. Азаматтардың жас шамасы 15-69 жас аралығында. Одан өзге ақпарат таппадық.

Мектептер мен оқу орындар ерте тоқтатылды

Үкім: Шындық

Моңғолия ТЖ басқару жөніндегі ұлттық агенттігінің мәлімдеуінше елде 19 ақпаннан білім берудің барлық деңгейдегі оқу орталықтары уақытша тоқтатылған. Басында 30 наурызға дейін созған, кейін 30 сәуірге дейін жалғасатынын мәлімдеді. Дәрістер онлайн жүргізілуде.

23 ақпаннан бастап халықаралық көлік және темір жолдар уақытша жабылды. Қытаймен әуе және теміржол тасымалы 14 ақпаннан бастап тоқтатылған.

Карантин уақытында бағаны көтерген дүкендер мен супермаркеттерге ірі көлемде айыппұл салынады

Үкім: Шындық

Моңғолия Тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасы заңға сәйкес бағаны негізсіз көтерген дүкендер мен шаруашылық субъектілеріне 5-20 млн MNT айыппұл салынатын әрі лицензиялары жойылатынын мәлімдеді.

Моңғолия үкіметі дайындықты қалай бастады?

Қытайда басталған вирустың таралуына байланысты Моңғолия үкіметі 13 ақпанда алдын алу шараларын бастап кетті. Алдымен арнайы қаулы қабылданып, жедел штаб құрылды. Кейін мемлекеттік және жергілікті ұйымдар кезең-кезеңімен қабылданатын 17 негізгі шараны қабылдады. Оның ішінде коронавирусқа байланысты мынадай түрлері бар:

  • Коронавирусқа байланысты елде кезең-кезеңімен карантин режимін белгілеу;
  • Барлық БАҚ арқылы жұртшылық үшін жедел әрі қолжетімді ақпарат беру;
  • Қалааралық қоғамдықкөлік жолаушыларының денсаулық жағдайын бақылау және көлік құралдарын дезинфекциялау;
  • Азық-түлік жәрмеңкелерін ұйымдастыруға тиым салу;
  • Барларға, мейрамханаларға, тамақтануға және ойын-сауық орындарына шектеу қою;
  • Көпшілік жиналатын кездесулер, тренингтер, семинарлар, мәдени және спорттық іс-шараларды тоқтату;
  • Халық тұтынатын өнімдердің бағасын өсірмеу әрі қолдан дефицит жасамау.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz