Фактчек | Мәди Ахметов есірткі туралы

16 ақпанда өткен Мәжілістің жалпы отырысында «Аманат» партиясының депутаты Мади Ахметов Қазақстандағы есірткі айналымы туралы бірнеше дерек келтірді. Factcheck.kz депутат мәлімдемесін тексеріп көрді.

Тайм-код: 3:05:29

Ішкі істер министрлігінің ақпараты бойынша, 2021 жылы синтетикалық есірткі айналымына байланысты 1036 қылмыс тіркеліп, 160 кг-нан астам психобелсенді заттар, 3,5 тонна прекурсорлар тәркіленіп, 14 есірткі зертханасы жойылғанымен, соңғы үш жылда синтетикалық есірткіге тәуелді жастардың саны 2,5 есеге өскен. 

Мади Ахметов

Үкім: Шындыққа жақын және техникалық қате

Неге Шындыққа жақын? Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарының (ІІО) ресми медиа орталығына қарасты Polisia.kz дерегінше, 2021 жылы Ішкі істер министрлігі (ІІМ) синтетикалық есірткінің заңсыз айналымына байланысты 1400-ден аса есірткі қылмысын тіркеген. 142 келіден астам синтетикалық есірткі алынып, 17 есірткі лабораториясы жойылған.

Неге техникалық қате? 142 келіден астам синтетикалық есірткіге қоса, ІІМ министрі Ерлан Тұрғымбаев 2021 жылы қарашадағы дерекке сай, 12 тоннадан астам есірткі, оның ішінде 4,9 кг героин, 9 тоннадан астам марихуана, 376 кг гашиш тәркіленгенін жазады. БҰҰ дерегінше, табиғи жолмен алынған есірткі түрлері де психобелсенді заттарға жатады.

ҚР ІІМ мәліметіне сай, 2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды, Ақмола және Павлодар облыстарында дайын 25 келіден астам дайын есірткі және оларды жасауға арналған 3,5 тонна прекурсорлар тәркіленгені туралы жазылған. Cонымен бірге, былтырғы жылдың желтоқсанында заңсыз айналымнан 42 тонна әртүрлі прекурсорлар тәркіленген.

Соңғы үш жылда синтетикалық есірткіге тәуелді жастардың саны 2,5 есеге өскен. 

Мади Ахметов

Үкім: Дәленденбеген

Қазақстандағы есірткі тұтыну жөніндегі қолда бар деректер мұндай мәлімдеме жасау үшін жеткіліксіз. Десе де, осы нарықта басқа есірткі түрлеріне қарағанда синтетикалық есірткінің үлесі расымен көп және жастардың арасында синтетикалық есірткіге деген тәуелділік көрсеткіші жоғары деп болжай аламыз. Дегенмен, статистика нақты сандарды көрсетпейді. Төменде Қазақстандағы синтетикалық есірткі айналымы туралы деректер келтірілген.

Синтетикалық есірткі мәселесі қазір өте өзекті. ҚР ІІМ мәліметінше, 2020 жылдың алғашқы 5 айында 27 кг синтетикалық зат тәркіленген. Бұл 2019 жылдың осы кезімен салыстырғанда шамамен үш есеге көп. 2022 жылдың қаңтарында құқық қорғау органдары есірткінің заңсыз айналымына қатысты 79 қылмыстық құқық бұзушылықты анықтап, 5 келіге жуық синтетикалық заттарды тәркілеп, бір зертхананы жойған. Былтыр Республикалық психикалық денсаулық орталығының директоры Николай Негай 2016-2020 жылдар аралығында жаңа психобелсенді заттарға тәуелді адамдар саны 60 есеге өскенін айтты.

БҰҰ баяндамасында 2013-2016 жж. Орталық Азияның басқа елдеріне қарағанда Қазақстанда психобелсенді заттар көбірек тәркіленгені жазылған.

Фактчек | Мәди Ахметов есірткі туралы
Орталық Азияда тіркелген психобелсенді зат саны, 2013-2016 жж. Дереккөз: БҰҰ

Есірткі таралуына пандемия да әсер етті. БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының (UNODC) “Коронавирустың есірткі таралуына әсері туралы қысқаша шолуында” зерттеушілер сауалнама жүргізіп, 2020 жылы синтетикалық есірткі қолданылуы артып, опиоидты (героин) және каннабистің (марихуана, гашиш) қолданысы төмендегенін анықтаған.

Фактчек | Мәди Ахметов есірткі туралы
2020 жылы Қазақстандағы есірткінің орташа “көше бағасы” ($ бағамы ақпанда 380₸; 2020 жылдың мамырында 410₸). Дереккөз: БҰҰ

Қазақстанның есірткі нарығында синтетикалық есірткі және қолдан фармацевтикалық препараттардан даярланған есірткі танымал. Әсіресе, синтетикалық есірткіні әлеуметтік желі арқылы сатып алуға болатыны оның қолжетімділігін арттырады.

Баяндама авторлары 2020 жылы нарықта есірткі саны азайып, есірткі тұтынушылардың есірткі жеткізушілерге деген сенімі төмендегенін жазады. Сондықтан есірткіге тәуелділердің көбі өз бетінше немесе басқа адамдармен бірігіп, есірткіні үлкен көлемде сатып алған. Психобелсенді заттарға тәуелді топ ұйымдастырған «марафон» нәтижесінде, адамдар бірнеше күн бойы тоқтаусыз есірткі пайдаланған. Салыстырмалы түрде аз уақыт әсер ететін синтетикалық есірткі оның жиі қолданылуына ықпал етеді. Ал ұзақ уақыт әсер ететін, әрі сатып алушы үшін қаржылай тиімді инъекция тәсілімен есірткі қабылдау кең тараған.

Статистика мәліметінен бір қорытынды шығару қиын. Себебі ресми статистика наркологта есепте тұрған нашақорлар туралы ақпаратқа, яғни нашақорлықтың ауыр түрімен ауыратын және/немесе тәуелділігін мойындап, одан арылғысы келетіндер туралы дерекке сүйенген. Өкінішке қарай, қолда бар мәліметтен есірткіні тұрақты немесе уақытша қолданатын есепте тұрған адамдардың нақты санын анықтау мүмкін емес. Дегенмен БҰҰ дерегінше, Қазақстандағы есірткі тұтынушылар саны есепте тұрғандардың санынан 7 есе көп болуы мүмкін.

Оқи отырыңыз: Шындық | Қазақстан есірткіден болатын өлім бойынша әлемде 33-орында

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz