Фактчек | Қоңыров әлеуметтік жіктелу, кедейлік, жұмыссыздық және ресми статистика туралы

17 ақпанда ҚР Парламент мәжілісінің кезекті пленарлық отырысында Халықтық партия депутаты Айқын Қоңыров сауалында мүліктік және әлеуметтік жіктелу мәселесін қозғап, ресми статистиканың дұрыстығына күмән келтірді. Оның ойынша статистика шынайы жағдайды көрсетпейді.

Оның айтуынша, пандемия мен соған байланысты экономикалық мәселелер туындағанына қарамастан, кедейлік пен жұмыссыздық туралы ресми мәліметтер нашарлаған жоқ, яғни көп мәселе айтылмай қалып жатыр.

Factcheck.kz депутаттың осы тақырыпқа байланысты кейбір мәлімдемелерін тексереді.

Мәлімдеме: Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2020 жылдың үш тоқсанында қазақстандықтардың нақты табысы 2,5%-ға өскен. Және мұндай көрсеткіш ЖІӨ-нің төмендегені мен 4,6 миллион адам, яғни жұмыспен қамтылған азаматтардың жартысынан көбі ешқандай кіріссіз қалып, мемлекет көмегіне жүгінгеніне қарамастан тіркеліп отыр. Олардың табысы бір кездері ең төменгі жалақы – 42500 теңгеден асқан жоқ. Оған қоса жұмыссыздық деңгейі де ресми мәліметтер бойынша өскен жоқ.

А.Қоңыров

Үкім: Шындық (бірақ….)

Депутат 2020 жылдың үш тоқсанында былтырғы жылмен салыстырғанда 2,5%-ға өскен нақты ақшалай табыс индексін айтқысы келген болуы керек. Соған қарамастан нақты табыс индексі 2020 жылдың үшінші тоқсанында бірінші тоқсанмен салыстырғанда төмен екенін байқауға болады (xls құжатына сілтеме).

Тұрғындарды жұмыспен қамтуға келер болсақ, шынында пандемияға байланысты 4,6 миллион азаматқа әлеуметтік төлем қажет болды. Ал ресми мәліметтер бойынша жұмыссыздық деңгейі сол қалпында және 2020 жыл бойы 5% шамасында ғана өзгеріп отырған (xls құжатына сілтеме).

Біз бұған дейін Қазақстандағы жұмыспен қамту статистикасы қалай жасалатынын, қандай манипуляциялар болуы мүмкін және сарапшылардың бұл туралы не ойлайтынын толық жазған болатынбыз. Мақаланы сілтемеге өтіп оқуға болады.

Мәлімдеме: Мүліктік және әлеуметтік жіктелу артып келе жатыр. Ауылдағы кедейлік деңгейі қаламен салыстырғанда 3 есе жоғары. Сондай-ақ бұл көрсеткіш көпбалалы отбасылар арасында айтарлықтай жоғары.

А.Қоңыров

Үкім: Техникалық қателік және шындық

Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, 2020 жылдың үшінші тоқсанында ауылды жердегі табысы күнкөріс минимумынан төмен тұрғындар үлесі 7,8% болған, ал бұл көрсеткіш қала тұрғындары ішінде – 4,2%. Яғни, ауылдағы кедейлік деңгейі қаламен салыстырғанда екі есеге көп, үш есе емес (xls құжатына сілтеме). Елдегі жалпы кедейлік деңгейі 2020 жылдың үшінші тоқсанында 5,7%-ды құрады, бұл 2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,2%-ға жоғары.

Шынында, Ranking.kz хабарлауынша, елдегі кедей тұрғындардың 83%-ы көпбалалы отбасылар. Ал ЮНИСЕФ мәліметінше, әлемдегі кедей отбасылардың 90%-ы көпбалалы отбасыға жатады.

Бірақ әлеуметтік жіктелу артып келе ме? Былтырғы жылдың мәліметтері болмағандықтан бұл туралы айтуға әлі ерте. Экономикалық теңсіздікті бағалау үшін пайдаланылатын Джини коэффициентін алар болсақ, Статистика бюросы 2019 жылдан кейінгі көрсеткіштерді жариялаған жоқ (xls құжатына сілтеме).

Джини коэффициенті 0-ден 1-ге дейін (немесе 0%-дан 100%-ға дейін өзгереді). Ол нөлден алыстап бірге (100%) жақындаған сайын табыс тұрғындардың жеке топтарының қолында екенін көрсетеді.

2019 жылы Қазақстандағы Джини коэффициенті (децильді топтар бойынша) 29% болды. 2017 және 2018 жылдары коэффициент 28,7% және 28,9%-ға тең болған. Оған қоса Халықаралық валюта қоры сарапшылары пандемия салдарынан әлеуметтік жіктелу қатты артып, одан дамушы елдер көбірек зардап шегетінін болжаған. Қазақстан да дамушы елге жататынын айта кеткен жөн.

Бұған дейін Дүниежүзілік банк баяндамасында Қазақстандағы кедейлік деңгейі 2020 жылы 14%-ға өсіп, елдегі кедей тұрғындар саны 1,5 млн адамға артатынын болжап айтқан.

Қорытынды: Азаматтардың әл-ауқаты 2020 жылы ауылды жерде де, қалада да төмендеді деп нақты айтуға болады. Дегенмен елдегі шынайы әлеуметтік жіктелу қандай және ресми деректер нақты жағдайды қаншалықты дұрыс көрсететіні сұрақ болып қала береді.

Контекст

Біз бұған дейін Азат Перуашевтің Қазақстандағы бай адамдар саны туралы пікірін тексерген едік. 2019 жылы шыққан KPMG баяндамасына сәйкес, Қазақстанда 162 адам тұрғындардың жалпы байлығының 50%-ға жуығына ие. Мақаланы сілтеме арқылы өтіп оқи аласыз.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz