Фактчек | «Қазақтелекомның» 49%-і жекеменшік құрылымдар қолында ма?

Қаңтардың 19-да өткен Мәжілістің жалпы отырысында Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, депутат Дания Еспаева тауарларды таңбалау мәселесін көтеріп, бірнеше дерек келтірген. Д. Еспаева «… «‎Ақ жол»‎ фракциясы мемлекет атынан енгізілетін міндетті төлемдер – ал бұл төлемдер, шын мәнінде, салықтар – неліктен жекеменшік компанияға – таңбалау операторына келіп түседі деген сұрақты қайтадан көтеруге мәжбүр» дейді. Factcheck.kz депутат келтірген деректің қаншалықты шын екенін тексерді.

Депутаттың айтқаны (тайм-код: 1:30:07)

Мәлімдеме: Мәселен, тауарларды таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай операторы болып 49%-і жекеменшік құрылымдарға тиесілі «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы айқындалған.

Дания Еспаева

Үкім: Шындық

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 3 наурыздағы № 95 қаулысына сай, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының бірыңғай операторы болып айқындалғаны рас. Ал 2022 жылғы қаңтардағы ақпаратқа сай, ақциясының 52,03%-і «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-на, қалған 47,97%-і «жекеменшік құрылымға тиесілі» екені де шын. Толығырақ төменнен оқыңыз.

47,97% акцияны иемденіп отырған жекеменшік құрылымдардың 24,95%-і Skyline Investment Company S. A. компаниясына, 9,77%-і номиналды ұстаушы — BNY Mellon-ға, қалған 13,25%-і үлесі 5%-тен кем акционерлерге тиесілі.

Қызығы, Skyline Investment Company S. A. компаниясы туралы Қазақстанның ресми органдар базасынан ақпарат алу оның елімізде бейрезидент болғаны үшін мүмкін болмады.

Egov.kz сайтының жауабы

Есесіне компания туралы ақпаратты Люксембург кәсіпкерлер регистрі (LBR) сайтынан табуға болады. Сайттағы ақпаратқа сай, компанияның жалғыз иесі Қайрат Сатыбалдыұлы деп көрсетілген. Оның аты-жөні мен туған жылы/айы/күні Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыныкіне сәйкес келеді. Компания 2018 жылы Sobrio Limited компаниясының акциясын сатып алған. Ал Sobrio Limited-тің иесі Александр Клебанов.

LBR сайтындағы ақпарат

Бұл туралы толығырақ Azattyq.org сайтындағы әріптестеріміздің материалынан оқыңыз.

«Қазақтелекомның» акцияларының 9,77%-ін алып жатқан The bank of New York mellon DRS америкалық холдиң компаниясы Қазақстандағы Halyk Bank-тің шоғырландырылмаған номиналды акционері.

Ал «Қазақтелекомның» 5%-тен кем акциясы бар үлескерлер тізімі келесідей (2021 жылғы қаңтар):

Үлесі 5%-тен кем үлескерлер тізімі
Дереккөз: Қазақтелеком
Думан Терликбаев
Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы. Қазақ-Америка университетінде журналистика мамандығын оқыған. Республикалық "Жас Алаш" газетінде журналист-фрилансер қызметін атқарған.