Фактчек | Қазақстанның вакцина өндіруде (жасауда) тәжірибесі бар ма?

Кейбір БАҚ-та танымал дәрігер Қайырғали Конеевтің «Қазақстанның вакцина өндіруде тәжірибесі жоқ» деген сөзі тарап жатыр.

«Коронавирус туралы айту қиын, өздеріңіз де түсініп тұрған шығарсыздар, Қазақстанның вакцина шығаруда мүлдем тәжірибесі жоқ. Кенет Жамбыл облысының бір жерінде коронавирусқа қарсы вакцина өндіретін зауыт соғылмақ. Әрине, күмән тудырады. Егер бұл 200 жыл бойы вакцина шығарып келе жатқан танымал фармкомпания болса бір жөн. Ал егер мүлдем вакцина жасап көрмеген мемлекет кенеттен вакцина шығара бастаса өте көп сұрақ туындайды»,

деп жазды Конеевтің сөзін ҚазТАГ.

Мұндай пікір Қазақстандағы Халықаралық адам құқықтары жөніндегі бюро ұйымдастырған «Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі» кодексі жобасына қатысты өткен баспасөз конференциясы кезінде айтылды.

Баспасөз конференциясынан видео

Үкім: Жалған

Егер шығару/өндіру туралы (дайындау емес) айтар болсақ, Қазақстанда қазіргі күні Алматыдағы Масғұт Айқымбаев атындағы Қазақ карантиндік және зооноздық инфекциялар  ғылыми орталығы (ҚКЗИҒО)  дайындаған тірі құрғақ оба вакцинасы өндіріледі. Сонымен қатар бұл мемлекеттік реестрде тіркелген жалғыз жергілікті вакцина. Ауылшаруашылығы секторында отандық вакцина көп, бірақ біз адамға егілетін екпе туралы айтып жатқандықтан үкім шығаруда оларды есепке алмаймыз. Біздің болжауымызша, пікір авторы бұл туралы білмеген, соған қарамастан, эфирге жалған мәлімет беріп, ол бірқатар БАҚ-та тарады.

ҚКЗИҒО-ның 2019-2023 жылдарға арналған стратегиялық жоспарында обаға қарсы вакцинаны ғылыми орталық Қазақстан, ТМД елдері мен алыс шетел тұрғындарын вакцинациялау үшін 1950 жылдан бері дайындайды. Оған қоса, мәселелерді саралай келе, құжат авторлары 2021 жылдан бастап Қазақстанда Өндірістік тәжірибе стандарты (GMP) бойынша аккредитацияланбаған мекемелерде өндірілген иммунобиологиялық препараттар тіркелмейтінін жазған. Яғни обаға қарсы вакцинаны өндіру тоқтатылады.

GMP (good manufacturing practice; тиісті өндірістік тәжірибе) – дәрілерді, медицина құралдарын, диагностикалық мақсаттағы бұйымдар, азық-түлік өнімдері, тағамдық қоспа мен белсенді ингредиенттерді өндіруге қатысты норма, ереже және нұсқаулық жүйесі. Осы үлгілерді (және, мүмкін, осы партияға жақын уақытта дайындалған партияны) тұтынуға болатынын көрсететін өнімдердің үлгілерін зерттеу арқылы сапаны бақылауға қарағанда GMP стандарты тұтас тәсілді көрсетеді және өндіріс пен зертханалық тексерудің өзіндік параметрлерін реттейді және бағалайды.

Осыған байланысты стратегия авторлары мемлекеттің қаржылай қолдауымен GMP және ISO (International Organization for Standardization; Халықаралық стандарттау ұйымы) стандарттары бойынша өндіріс кешенін соғу қажет деп есептейді.

Дегенмен ҚКЗИҒО  денсаулық сақтау жүйесі үшін вакцина жасаумен айналысатын жалғыз мекеме емес.

Жамбыл облысында соғылып жатқан және Қайырғали Конеев айтып отырған Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты  (БҚПҒЗИ) жанындағы вакцина өндіретін Биофармацевтикалық зауыт GMP стандарттарына сай болуы керек.

БҚПҒЗИ ауылшаруашылығы вакциналарымен бірге 2008-2011 жылдардың өзінде денсаулық сақтау жүйесі үшін екі вакцина жасап шығарды: Refluvac – А(H1N1) типті тұмау вирусына қарсы және Kazfluvac – А(H5N1) типті тұмау вирусына қарсы. Бірақ вакциналар әлі өндіріске шықпаған тәрізді. Бір қызығы, 2013 жылы ҚР БҒМ баспасөз қызметі вакциналардың клиникаға дейінгі сынағы сәтті өтіп, енді оны өндіріске шығару үшін биофармацевтикалық зауыт соғылатыны туралы хабарлаған. Әңгіме құрылысы жақында ғана басталған зауыт туралы болған секілді.

Сонымен қатар, БҚПҒЗИ сайтында институт адам туберкулезінің алдын алу мен терапиясы және маусымдық тұмауға қарсы Kazfluvir 3-валентті сплит-вакцина дайындау технологиясын жасағаны көрсетілген. Соңғысы клиникалық және клиникаға дейінгі сынақты сәтті өткізіп, қауіпсіздік және иммуногендік параметрлері бойынша ҚР Мемлекеттік фармакопея және Еуропалық фармакопея талаптарына сай келетінін көрсетті.

Қазір БҚПҒЗИ COVID-19-ға қарсы 4 вакцинаны дайындап жатыр.

Қорытынды:

  • Қазір Қазақстанда мемлекеттік реестрде тіркелген адамға арналған бір вакцина өндіріледі (ауылшаруашылығы секторындағы көптеген вакцинаны есепке алмаймыз). Тағы бірнеше вакцина жасалып, сынақтан өткізілген.
  • Жоғарыдағы фактілерді ескере отырып, Қазақстанда адамға арналған түрлі вакцинаны жаппай өндіру тәжірибесі аз деу дұрысырақ секілді. Бірақ жалпы тәжірибе бар және ол сәтті болған.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz