Фактчек | Қазақстандағы әр алтыншы отбасы балалы бола алмайды

2020 жылдың 1 қыркүйегінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауын арнады. Жолдауда әлеуметтік және экономикалық маңызы бар тақырыптар айтылып, біраз мәселе көтерілді. Біз, былтырғыдай, жолдауға фактчек жасадық.

Өкінішке қарай, Қазақстандағы әр алтыншы отбасы балалы бола алмайды. Әлеуметтік сауалнама нәтижесі бойынша 20% қазақстандық бұны ажырасудың басты себебі ретінде көрсеткен.

Қ. Тоқаев

Үкім: Манипуляция

Қазақстанда, әзірге, бала көтере алмайтын жұптарды есепке алатын орган жоқ. Ал дереккөз ретінде тек халықаралық және жергілікті коммерциялық емес ұйымдардың мәліметтеріне жүгінеміз. Бұлардынақты дерек деп айтуға келмейді, себебі, сандар шамамен алынады.

Өкінішке қарай, президент қандай әлеуметтік сауалнама екенін айтпады. Сондықтан қанша қазақстандық бедеулікті ажырасудың басты себебі деп көрсеткенін тексеру мүмкін емес.

Қазақстандық репродуктивтік медицина қауымдастығының (ҚРМҚ) деректері бойынша некедегі 15 % жұптың немесе 20 мың отбасының бала көтеруге қатысты мәселесі бар. Иә, 15 пайызды бұл “әрбір алтыншы отбасы” деуге болады. Статистика комитетінің деректері бойынша 2018 жылы 137 791 неке тіркелген. 20 000 неке бұның 14,5 %, демек, бұл расымен де 15 процентке жуық.

Көптеген БАҚ дәл осы ҚРМҚ-ның деректеріне сүйенеді. Алайда ҚРМҚ-на келген отбасының 20 000-да мәселе бар екенін де айта кету керек. Демек, статистика арнайы органдарға келмеген, бақылауда болмаған отбасыларды тіркемейді. Бедеулікті тіркейтін біріңғай реестр немесе орган әлі жоқ. Осы тұста, былтыр репродуктологтар сол кездегі денсаулық министрі Елжан Біртановқа осындай ұсыныс жасағанын да айта кету керек. Ал, осыдан 3 жыл бұрын біз аталмыш тақырыпқа зерттеу жасағанбыз. Оқуға кеңес береміз.

Президент ЭКО жасатуға бөлінетін квоталарды 7000-ға дейін арттыруды тапсырды. Бұл, шынымен де біраз отбасыға бала сүю мүмкіндігін берер еді. Биыл ЭКО жасататындар үшін 1 мың квота бөлінген.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz